• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 13:53:38
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2018 Әлеумет

Ақтөбедегі орамал дауы: Ата-аналар қыздарын Ресейде оқытпақ

Ақтөбе облысында ұзаққа созылған теке-тірестен шаршаған ата-аналар балаларын Мәскеудегі ақылы қашықтан оқытатын мектептерге бермекші.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2 мектептегі орамал тартқан қыз балалар екі айдан бері сабаққа кіре алмай отыр. Қазақстандағы «орамал дауы» кезінде Ресей мектептері жаңа оқушылармен толыққалы жатыр. 

Азаттықтың мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысында ұзаққа созылған теке-тірестен шаршаған ата-аналар балаларын Мәскеудегі ақылы қашықтан оқытатын мектептерге бермекші. Мұндай оқудың бір жалдық бағасы – 200 мың теңге (620 АҚШ доллары).

Ақтөбе облысындағы Шұбарқұдық кентінің тумасы Қасым Жаңбыршин бірнеше жылдан бері Қандыағашта тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ жігіт отбасын такси айдап асырап жүргенін айтады. Қасым Жаңбыршин Қандыағаштағы №2 орта мектептің 4- және 1-сыныбында оқитын екі қызының 9 қаңтардан бері сабақ оқымай отырғанына қапалы.

- Қыздарым 8 қаңтар күні сабаққа барды. Ал 9 қаңтардан бастап мектеп директоры «орамалмен кіргізбеу туралы бұйрық» түскенін айтып мектепке кіргізбеді. Содан бері бір апта бойы апардым, ақыры кіргізбеген соң қыздарымды Ресейден оқытуды ұйғардым, - дейді ол Азаттыққа.

Оның сөзінше, балаларын Ресейдегі қашықтан дәріс беретін орта мектепте оқытып жатқан ата-аналар аз емес. Жаңбыршиннің сөзінше, ол Мәскеудегі «Первая школа» мектебі туралы естіп, өзі де хабарласқан, бүкіл құжатын тапсырған жағдайда қыздарының қабылданатыны туралы анықтама да алған. Ол бұл мектепте оқудың ақылы – бір айға 3 800 рубль немесе 21 800 теңге екенін, бірақ өзінің осыған шараcыздықтан көніп отырғанын айтты.

Діни себеппен қыздарына орамал таққызған кейбір ата-ана қашықтан оқыту бағдарламасына қызығып жатқан және бір мекеме – «Домашняя школа» мектебі қашықтан оқып жатқан қазақстандықтардың барлығын растады. Менеджер Яна Исамурадованың айтуынша, мәскеулік мектеп үшін «оқушының ұлты, діні, киімі маңызды емес».

- Біз оқуға ниет білдіргендердің бәрін қабылдаймыз. Мектеп аккредитациядан өткен. Олар Ресей федерациясы аттестатын алады және сол бойынша ары қарай ЕГЭ сынағын тапсыра алады, - деп түсіндірді Яна Исамурадова Азаттыққа.

Қасым Жаңбыршин Қандыағаштағы мектеп директоры «бірыңғай форма» туралы айтқанымен ол талаптың мүлде сақталмайтынын айтып, сынады.

- Форманы сақтап жатқан ешкім жоқ. Балалар ала құла киініп барып жүр. Ал менің қыздарым мектеп талап еткен форманы киіп отыр. Тек бастарында кимешек бар, сол үшін кіргізбейді, күнде барамыз, - дейді ол.

Ал Мұғалжар аудандық білім бөлімінің қызметкері, ата-анасы оқушыны басқа мектептің қабылдап алатыны туралы анықтама әкелсе, құжаттарын беретінін мәлімдеді.

Орамал таққаны үшін балаларын мектепке кіргізбеген ата-аналардың құқығын қорғап жүрген адвокат Мұрат Такаумовтың айтуынша, мектеп басшылығы балаларды мектепке кіргізбеу әрі олардың құжаттарын қолдарына бермеу арқылы ата-ананың да, баланың да құқығын бұзып отыр. Адвокат мектеп басшылығы сүйеніп отырған Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы заң емес екеніне нұсқайды. Бұйрықтың Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарының алдында «ешқандай салмағы жоқ» деп санайды. Ол мектеп директорлары сілтеме жасап отырған бұйрықта «мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны, бірақ оған өзгерісті ата-аналардың қоғамдық кеңесімен келісіп енгізуге болатыны» айтылғанын ескертті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір