• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:43:01
Алматы
+35°

02 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Ақтөбеде Тұңғыш Президент күні тойланды

Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мәңгілігін мәнерлеген - Елбасы» мерекелік шарасы өтті

Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мәңгілігін мәнерлеген - Елбасы» мерекелік шарасы өтті. Шара аясында Президенттің өмір жолы мен саяси өмірбаянының негізгі кезеңдері театрландырылған-концерт түрінде көрсетілді.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның қоғам қайраткерлері мен журналистер, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам, партия, кәсіпорындар, мекеме өкілдері және т.б. қатысты.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде Қазақстанның барлық жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

- Құрметті қонақтар, құрметті жерлестер! 27 жыл бұрын қазақстандықтар алғаш рет тұңғыш Президенттерін сайлады. Осы 27 жылдың ішінде біз көптеген қиындықтарды, дағдарысты бастан өткеріп, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық, экономикалық дамуда теңдессіз ұмтылыс жасап, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік, азаматтардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз еттік. Бүгінде біздің ел дүние жүзіне танымал, халықаралық аренада беделді, ең бастысы – көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік, бірлік пен келісім бар. Осының бәрі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген ішкі және сыртқы саясатының, үздіксіз еңбегінің, беделінің арқасы,-деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.

- Біз, ақтөбеліктер Президент саясатын әрқашан қолдаймыз, оның тапсырмаларын орындаймыз. Оған мемлекет басшысының біздің облысқа жуырда жасаған жұмыс сапарында ақтөбеліктерге берген жоғары бағасы дәлел. Біз әрқашан бір болуымыз керек, егер әрқайсысымыз ел болашағына өз үлесімізді қосатын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен одан да зор табысқа жететін боламыз. Барлығыңызды осы үлкен мерекемен құттықтаймын. Әрқайсысыңызға мықты денсаулық, үйлеріңізге амандық тілеймін, елімізде бейбітшілік пен келісім болсын, Президентіміз басқарып отырған гүлденген Қазақстанымыздың мемлекеттік туы мақтанышпен желбіресін,-деп жалғастырды облыс әкімі.

Шара кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына жылы лебіздер мен сүйіуті әндер айтылды.

Бұдан басқа, «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңінің жеңімпаздары атанған облыс меценаттары марапатталды. Олардың барлығы да өңір халқына көмек көрсетіп, осында ірі қайырымдылық жобаларын жүзеге асырған. Осылайша, білім, мәдениет және әлеуметтік салаларды дамытуға үлес қосып, өмірде қиындыққа тап болған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсеткені үшін Талғат Салфиков «Жыл меценаты» атанды. «Жыл адамы» аталымына Әйтеке би ауданының Қарабұлақ ауылында бірқатар спорттық және әлеуметтік нысандар салған және жөндеу жүргізген Қайрат Қойлыбаев ие болды. Жетім балаларға және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетіп, инклюзивті ортаны құруға үлес қосқаны үшін «Қазақстанның халық банкі» АҚ облыстық филиалы «Үздік жыл мекемесі» атанды. Бұдан өзге, еріктілер қозғалысын, білім саласын, туған жерін, қайырымдылық мәдениеті мен меценаттықты дамытуға қосқан үлесі үшін Еділ Аймағамбетов, Жансен Кереев, Бауыржан Қондыбаев, Тимур Әминов, Қаржаубай Әлиқұлов және Асхат Қабиев «Жомарт жүрек» жобасының түрлі аталымдарының лауреаттары атанды. Облыстың барлық елді мекендерінде Тұңғыш Президент күніне арналған 700 мәдени-бұқаралық, спорттық мерекелік шаралар өтіп жатыр, соның жетпісі ауқымды деңгейде. Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдардың халқын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

ҚР Тұңғыш Президенті күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс бабымен Байғанин ауданында болып, облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарға барды, олардың дамуымен, жаңа нысандардың құрылысымен және ауыл халқының тұрмысымен танысты.

Бердібек Сапарбаев ертемен Ақтөбеден 370 шақырым жерде орналасқан Жарқамыс ауылына келді. Ауыл биыл орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған болатын. Бұл мақсатқа мемлекет 230 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Құрылыс 2017 жылы тамызда басталып, осы жылдың қазан айында аяқталды. Облыс әкімі сорғылау бекетін, ұңғыманы, электрмен жабдықтаудың автономды жүйесін қарап шықты.

Байғанин ауылында 24 елді мекеннің оны орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Айта кету керек, бес ауылға биыл сумен жабдықтау жүйесі жүргізілді, бұл Миялы, Оймауыт, Кемерши, Ебейті және Жарқамыс ауылдары.

Ауданда сапалы ауыз сумен қамтумен қатар, газдандыру жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Осы жылы Кемерші, Бұлақтыкөл, Жаңатаң, Жарлы ауылдарында газ жүйелерінің құрылысы басталды.

Кейін облыс әкімі жаңадан ашылған «Ботақан» балабақшасына барды. Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс жасайды және осы жылдың қыркүйек айында алғашқы тәрбиеленушілерін

қабылдады. Мектепке дейінгі мекеменің барлық стандарттарына сай жабдықталған жаңа кең ғимарат ауылдағы көне шағын орталықты жабуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бүгінде Байғанин ауданы облыстың басқа да аудандары секілді балабақшамен 100 % қамтылған.

Облыс әкімі сондай-ақ, Samruk KazynaTrust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Менің елім» бағдарламасы аясында салған балалар ойын алаңын қарап шықты. Мұнда балалар үшін воркаутпен айналысатын, жазда футбол - қыста хоккей ойнайтын алаң бар, балалар алаңы орнатылды. Жоба құны 58 млн теңге. Samruk KazynaTrust осындай алаңды биыл Қарауылкелді ауылына да салған.

Жарқамыстағы сапар 150 орындық жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылуына қатысумен аяқталды. Ғимарат аудан бюджетіне тұрғызылған. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 86 млн теңге салынды. Мәдениет үйінде облыс әкімі ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, Тұңғыш Президент мерекесімен құттықтады.

- Сіздер Елбасының ауылдарды дамытуға қаншалықты көңіл бөліп жатқанын білесіздер. Президент жуырдағы Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының басталғанын жариялады. Соның аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту тапсырмалары берілді. Мемлекет бір ғана Жарқамыс ауылын дамытуға 500 миллион теңге бөлді. Соның арқасында ауыл сумен қамтылды, газ бен жарық бар. Енді бәрі сіздерге байланысты. Жанұяларыңыз бен туған ауылдарыңыздың игілігі үшін еңбектеніңіздер, балаларыңызды еңбекке, әдептілікке үйретіңіздер. Еңбек пен жоғары интеллектуалды, рухани бай қоғам – болашақ ұрпақтың игілігі мен ел келешегінің кепілі. Бүгін мен сіздерді Тұңғыш Президент күнімен, сонымен қатар мәдениет үйінің ашылуымен құттықтаймын. Мықты денсаулық, отбастарыңызға береке, елімізде бейбітшілік пен келісім болсын деп тілеймін,-деді Бердібек Сапарбаев.

Бұрынғы мәдениет үйі 1957 жылы салынған, ал бес жыл бұрын ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Салдарынан балалардың барлық үйірмесі мектепте өтті. Ауыл тұрғындары былтыр биліктен жаңа мәдениет үйін сұраған болатын. Жаңа мәдениет үйінде ендігі бимен, сурет салумен, қолданбалы өнермен және т.б. айналысатын кабинеттер бар. Жүзге жуық бала үйірмеге баратын болады.

Байғанин ауданындағы жұмыс сапары Қожасай кен орнында жалғасты. Мұнда облыс әкімі құны 42 млрд теңге болатын Gas Processing Company ЖШС-нің газ өңдеу кешенін пайдалануға беру үшін дайындық барысын тексерді. Кәсіпорын жыл сайын 350 млн текше метр ілеспе газ өңдеп, оны құрғақ тауарлы газға, газды күкіртке, пропанбутан қоспасына айналдырады. Құрылыс кезінде 1500 адам жұмыспен қамтылды, пайдалануға берілген соң 250 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Мереке аясында «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент» кітап көрмесі мен «Ұлт тірегі — Елбасы» фотокөрмесі ашылды.

«Көрмеде кітапхана қорындағы Президент Назарбаевтың Қазақстан туралы, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер туралы кітаптары көрермен назарына ұсынылып отыр. Елбасының тағдыры Қазақстанның және Тәуелсіздіктің тағдырымен тікелей байланысты. Одан бөлек, Назарбаевтың бос уақытында сүйіп оқитын кітаптары да қойылды. Философ Сенекадан Елбасы жиі дәйексөз келтіреді. Сүйікті авторлар тізімінде Абай Құнанбайұлы, Сәкен Сейфуллиндер бар», — деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Әлия Қожабекова.

«Ұлт тірегі — Елбасы» фотокөрмесінде «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Игорь Бургандиновтың, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мырзановтың, «Литер» газетінің фототілшісі Советбек Мағзұмовтың, «Деловой Казахстан» газетінің фототілшісі Талғат Ғалымовтың жұмыстары қойылды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылдан бері түсіріп келе жатырмын. Өзім әр жылдары «ҚазАқпарат» агенттігінде, «Столичное обозрение» газетінде, «Қазақстан теміржолшысы», «Столичная жизнь», «Айқын» басылымдарында жұмыс істедім. Жұмыс барысында Президентті түсірген суреттерім көп. Солардың арасынан ең үздік 8 суретімді іріктеп, бүгінгі көрмеге қойды. Жас фототілшілерге айтарым, беделді адамдар қатысатын шараларда уақыт өте тығыз болады. Сол аз уақытта моментті түсіріп үлгеру керек. Кадрда адамдардың көзқарасы және күліп тұрғаны маңызды. Жарықтың дұрыс түсуін де қадағалау керек», — деп кеңес берді Айтжан Мырзанов.

Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы жетінші рет Республикамыздың Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. 2011 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні деп белгіленді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір