• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:10:55
Алматы
+35°

13 Тамыз, 2018 Әлеумет

Ақтөбеде арбаға таңылған жандар ерекше той өткізді

Шамшат әулеті 2005 жылы Қарақалпақстаннан Ақтөбе облысына қоныс аударды.

Ақтөбеде ерекше той болды. І топ мүгедектері Ерғұлан Шамшат пен Зибагүл Әбеновамен отау құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерғұлан Шамшат 49 жасында отбасын құрды. Арбаға таңылған І топ мүгедегі сүйіктісін Түркістан облысынан тапты. Екеуі әлеуметтік желіде танысып, 2 жыл бойы сырласып, бір-бірін жақын таныған соң үйленуге шешім қабылдаған.

«Әлеуметтік желіде мүгедек адамдардың арнайы тобы бар. Екеуміз сол топ ішінде танысып, сөйлесіп кеттік. Бір ай бұрын барып, әйелімнің туыстарымен, бауырларымен таныстым. Кейін қыз ұзату тойы болды, бізге бәрі батасын берді. Оны алғаш көргеннен-ақ, кеудені сағыныш кернеді»,- деді Ерғұлан Шамшат.

І топ мүгедегі арбамен, кейде балдақпен қозғалады. Осыдан 20 жыл бұрын пойызда болған төтенше жағдайдан соң омыртқасына зақым келіп, екі аяғы қозғалмай қалды. Қазіргі уақытта қаладағы қоғамдық жұмыстарға араласып, мәдени-танымдық шараларға қатысады.

«Отағасы 1981 жылы қайтыс болып, бес баламды бақтым. Ұлдың үлкені Ерғұлан жұмыс істеп жүргенде пойыздан құлап, мертігіп қалды. 2000 жылдан бері арбаға таңылды. Қазір мүгедек ұлыммен бірге пәтер жалдап тұрамын. Бірінші қабатта болғанымен, баспалдақпен еңбектен жүріп, үйге кіреді. Біреуміздің ақшамызды пәтерге төлейміз, біреуміз азық-түлікке жұмсаймыз»,- деді Ерғұлан Шамшаттың анасы Гүлшат Мұғалова.

Шамшат әулеті 2005 жылы Қарақалпақстаннан Ақтөбе облысына қоныс аударды. Алдымен Алға ауданы, Тамды ауылына қоныстанып, кейін Ақтөбе қаласына орнықты.

«Ұлым үйленемін деген кезде қуанып, батамды бердім. Қазір жасым 80-де. Үй жұмысы маған да қиын»,- деді анасы.

Ерғұлан Шамшат Түркістан облысының тумасы Зибагүл Әбеновамен отау құрды. Тойда беташар жасалып, қонақтар келін қолынан шай ішті.

«Біз танысып, телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Кейін жолығып, өзінің сезімін, отау құру туралы ұсынысын айтты. Бірден келісім бердім. Әрі «мені де сүйетін адам бар екен» деген ой келді. Бақыттымын... Алғашында Ақтөбеге, алысқа келу қорқынышты болды. Бірақ қиындықты екеуміз бірге жеңеміз»,- деді Зибагүл Әбенова.

Ол жасөспірім шағында тұмаумен ауырып, асқынған кезде екі аяғынан жүре алмай қалған.

 «Жыл сайын сауықтыру шараларынан өтіп, балдақпен жүруге мүмкіндік алдым. Қазір үй ішінше қабырғаға сүйеніп қозғаламын», -дейді Зибагүл.

Зибагүл - ісмер, қолөнер шебері. Енді ол көп уақытын көрпе тігіп, моншақпен түрлі бұйым жасауға арнамақ.

Енді шаңырақ көтерген Шамшат әулеті тұрақты баспаналы болып, бір-біріне сүйеу болуды армандайды. 

Той

Сырға салу

Той

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір