• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 13:42:56
Алматы
+35°

05 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы түлектерінің алғашқы слеті өтті

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында «Бастау» жобасы бойынша білім алған түлектердің алғашқы слеті өткізілді

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында «Бастау» жобасы бойынша білім алған түлектердің алғашқы слеті өткізілді. Жиынға жобаны биыл және алдыңғы жылғы түлектері, аудан әкімдігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Слетті аудан әкімінің орынбасары Бекболат Сәрсенбаев ашып, жобаның өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті. Шараны ұйымдастырушылар «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік білім алған түлектердің бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуын мақсат тұтқан.

-«Бастау» - ең алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыру үшін жасалған жоба. Бүгінгі күні бағдарлама алғашқы нәтижелерін бере бастады. Жоба бойынша оқудан өтіп, кәсіп ашқан жандардың қатары көбейіп келеді. Биыл Мәртөк ауданы жоспарды артығымен орындап, алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бағдарлама түлектеріне «Бастау» жобасының мүмкіндіктеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айта отырып, олардың бизнес жобаларына әрі қарай да қолдау білдіре беретінімізді айтқым келеді,-деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңаайым Келбатырова.

«Бастау» жобасы аясында облыста биыл 2 231 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, оның 460-сы қаржы институттары арқылы 1 105 млн теңге көлемінде несие қаражатын рәсімдеген және 901-і грант бойынша, 5 –уі екінші деңгейлі банк арқылы қаржы алып, кәсіптерін бастады. Жобаның алғашқы түлектерінің бірі – Мәртөк ауданының тұрғыны Еркінай Оразымбетова. Ол «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 1,5 млн теңге несие алып, 14 бас баспақ сатып алып, оны көбейтіп, кейін ешкі шаруашылығын қолға алды. Бүгінгі күні аудан орталығындағы «Аягөз» ешкі шаруашылығының қаймақ, ірімшік, шұбат секілді өнімдері жергілікті тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

- Жобаны ұйымдастырушы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына үлкен алғысымды білдіремін. Өзім көп балалы ана бола отырып, білім алып, кәсіптің көзін ашуға мүмкіндік алдым. Қазіргі кезде үлкен 2 баламды Ақтөбе қаласындағы ауылшаруашылығы колледжіне оқуға беріп, олар бітірген соң, шаруашылығымды үлкен кешенге айналдырсам деймін. Оған ауданда барлық мүмкіндік бар. Бастысы мен кәсіпті сауатты жүргізуді үйрендім,-дейді Еркінай Оразымбетова

Слет кезінде «Ауылдағы бизнесті жүргізу әлеуеті», «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды экономикалық айналымға жұмылдыру» тақырыбындағы баяндамалар жасалып, түлектердің жүзеге асырылған жобалары туралы бейне роликтер көрсетілді. Шара барысында аудан әкімінің, Кәсіпкерлер палатасының атынан үздік жоба иелері алғыс хаттармен марапатталды. Шара жоба түлектерінің өнімдері қойылған жәрмеңкеге ұласты.

- Слетті ұйымдастырудағы мақсатымыз жобаны бітірген түлектердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, жетістіктерімен бөлісуіне, бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына ықпал жасау болды. «Бастау» жобасының негізгі идеясы -кәсіпкерлердің санын көбейтіп, жұмыссыздықты жою, -дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының Мәртөк аудандық филиалының директоры Айгүл Баубекова.

Жоба түлектеріне арналған слет республика бойынша алғаш рет өткізілді. Слетке қатысушылар мұндай шаралардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын және ауыл кәсіпкерлеріне ерекше жігер беретінін айтты.

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет бизнес саласына қатысты «Негізін салушылар» – «Основатели» атты реалити-шоу жобасы қолға алынды. Аталған жобаға қатысамын деген азаматтардан өтінім қабылдау 2018 жылдың 18 қазанынан басталған болатын. 

«Негізін салушылар» – «Основатели» Қа­зақстандағы YouTube арнасына шы­ға­рылатын алғашқы шынайы бизнесшоу жобасы болып табылады.

Жоба Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуы үшін жастар арасында бизнесті бастау және іске қосу ісіне қызығушылықты арттыру арқылы алғышарттар жасауға бағытталған. «Негізін салушылар» жобасы толы­ғымен жеке жоба болып табылады. Оның мемлекеттік ұйымдармен ешқан­дай қатысы жоқ. Дегенмен, жобаның маңыздылығына байланысты Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев оны қолдайтынын мәлімдеді.  Д.Абаев аталған жобаның басталуына орай «Бизнес – кез келген экономиканың негізі болып табылады. Ол халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді, ал кәсіпкерлер орта таптың негізін құрайды. Қазіргі таңда Қазақстанда бизнесті қолдауға, дамытуға үлкен күш жұмсалып отыр», деді.  Оның айтуынша, «Негізін салушылар» – «Основатели» атты бұл жаңа жоба жастардың бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған игі қадам болып табылады. Сондай-ақ министр аталған жобаның қазақстандықтар үшін табысқа жетудің, игілікті істердің бастау алатын алаңына айналатынына сенім білдірді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір