• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:53:24
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2019 Экономика

Ақшаның біздің соңымыздан жүгіретін кезі бола ма?

Қолда санаулы қаржы болса да қомақты қаржы болса да бизнес бастарда қиялды кезбей, кез келген идеяны өмірден алған дұрыс

«Біз барлығымыз ақша табу үшін жұмыс істейміз. Ақшаның соңында жүгіреміз. Ал сол ақша біз үшін қашан жұмыс істер екен? Ақшаның біздің соңымыздан жүгіретін кезі бола ма?»

(Эндрю Карнеги)

Бұл әлемдегі құрыш құюдың алпауыты, Карнегидің  ойға түйгендері. Кезінде сол Карнеги «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын» деген екен. Ол алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де,  өмірінің соңғы кезінде жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Демек ол ақшаны өзі үшін ғана емес, халық игілігі үшін де жұмыс істете алды. 

Бірақ біз Карнеги емеспіз. Біздің қолымызда санаулы ғана қаржы бар. Жалақы айлықтан айлыққа жетпейді. Ақша табу үшін жанұшырып жұмыс істейсіз. Бірақ айлығыңыздың шайлығыңызға жете қойғаны шамалы. Не істеу керек? Мұндайда әрине бір іс бастасам ғой деп ойланасыз. Бірақ қолыңызда әрі кетсе 80-100 мың теңге ғана бар делік. Мұнымен бизнес әлеміне бағыт алуға бола ма? Мұны біз мамандардан сұрастырып көрдік.

Мысалы, әрі кетсе 100 мың теңге делік. Ал енді осы 100 мың теңгені жұмыс істетуге, былайша айтқанда қалай көбейтуге болады? 

Біздің бағамдағанымыз, қазірде қоғамда қолында аз-маз қаржысы бар қауым бұл - суденттер мен зейнеткерлер. Зейнеткерлердің басым бөлігінің біраз жасқа келгенде ақшаны жұмыс істетуге, яғни қандайда бір кәсіппен айналысуға талпынбасы тағы анық. Ендеше біз мамандардан алдымен студенттерге және зейнеткерлерге  арналған бизнес жобаларды сұрастырып көрдік. Пайымдасақ,  аз-маз қолда бар қаржыны студент қауымының да ұқсатуына болады екен. Олай болса
экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың ақыл-ойына жүгініп көрелік: 

1-ші қадам: Бастапқыда сіз бизнесіңізд іинститут бейнесі немесе логотипі басылған киім, көбінесе майкалар, белгішелер, басқа да заттарды сатудан бастайсыз. Мұндай заттарды тек жаңадан келген студенттер ғана алып қоймайды. Институтты бұрын бітірген, бірақ өзі оқыған оқу орнын еске түсіретін естелік затқа құмар бітірушілер де алуы мүмкін. 

2-ші қадам:Бұдан соң деканнан институт немесе факультет символикасы бар майкалар мен белгішелерді жасауға рұқсат алу керек. Бұл тек өзіңіздің адамдармен өзара қарым-қатынас жасай білу қабілетіңізге байланысты. Бар керегі – деканды көндіріп, үзіліс кезінде осы тауарларды сатуға рұқсат алу. Рұқсат алған соң тауарларды әзірлеуге кірісу керек. 

3-ші қадам:  Институт немесе факультет эмблемасын сайттан немесе әкімшіліктен алуға болады.Майка немесе белгішеге басылатын макетті жасау ешбір қиыншылық туғызбайтын сияқты: қолың түзу, өзің ұқыпты болсаң болғаны. Ал тағы да бір керегі, ол – графикалық редактор. Әрі қарай шығындарды есептейік: институт эмблемасы басылған 25 белгіше, факультет эмблемасы басылған 25 белгіше жасап шығарайық. 50 данаға көтерме бағамен есептегенде шамамен 30 мың теңгедей жұмсалынады.

4-ші қадам:  Енді майкаларды жасап шығарамыз. Эмблеманы өз бетіңше немесе арнайы делдалмен келісіп басуға болады. Майканың көтерме бағасы  – шамамен 400 теңге, ал оған белгі басу көлеміне қарай 200-300 теңгені құрайды. Тағы да есіңізге салайық, адамдармен келісе білу керек. Әртүрлі дизайнмен жасалған, эмблемасы бар, әртүрлі басу жолымен дайындалған 5-15 дана майка жасап шығару керек. Бұл шамамен 30 мың теңгеге түседі. Майка мен белгішеге басылатын суреттің қосымша дизайн түрлерін дайындап, оларды қағазға басып шығарыңыз. Бұл үлгілерді қызығушылық танытқандарға көрсетеміз. Ал күлкілі де қызықты суреттер басылған майкалар каталогін даярласаңыз тіпті жақсы, олар да көп жастардың көңілінен шығатыны анық.

5-ші қадам: Тауар колға тиген соң сатуға кірісеміз. Бірінші күні аса танымал тауар түрін байқау керек те, тапсырыстарды жинап, тізім құрастыру керек. Тауардың бағасын өнімнің өзіндік құнынан 20-100 пайызға дейін өсіріп қойсаңыз тіптен жақсы. Мысалы, студенттің қалтасына тиімді болу үшін белгішені 500 теңгеден, ал майкаларды 500-1000-1500 теңгеден сатамыз. Керек болса, қоңырау шалып, қосымша тауарларды лезде дайындап шығаруға тапсырыс береміз. Шығарылған қаражатты қайтадан айналымға қосамыз. Егер сіздің факультетіңізде 1000 студент оқитын болса, бір апта ішінде 30-50 майка және сонша белгіше сатуға болады. Әрқайсысын 500 теңгеден сатқанның өзінде түсіретін түсіміңіз арқылы шыққан шығынды екі есеге ақтап аласыз. Олай болса оқуымен қоса кәсібін жүргізгісі келетін студенттердің құлағына алтын сырға делік. Табысты әрі, талғамды студент атанғыңыз келсе,  ісіңізді бастап көріңіз. 

Зейнетте отырып қалай табыс табуға болады?

Негізінде, зейнетте отырып-ақ шаруаны дөңгелетуге болады. Тіпті өзге жұмысына алаңдамайтын болғандықтан зейнеткерлердің бизнесті жүргізуге уақыты да мол. Бұл ретте мамандар ауыл зейнеткерлері қазірдің өзінде ши тоқу, көрпе тігу, қыз жасауын жасау, текемет тігу тәрізді кәсіптерді тереңдеп игеріп, сол арқылы қаржысын көбейтіп отырғанын алға тартады. Ал қала зейнеткерлерінің арасында арнайы сайттарға форумдар жариялап, осылайша  басқа зейнеткерлердің басын жұмылдырып, тіпті отбасылық кеңес беретін орталықтар ашып алып,  өз ісін жүргізіп отырғандардың бары денімізге белгілі.

Жалпы, айта кету керек, ежелгі саудаға үңілсек, жеңіл өнеркәсіп өнімі сауданың түріне ең ыңғайлы кәсіп болған. Жеңіл өнеркәсіп саудасында  Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар қазірдің өзінде жақсы өтеді екен.. Әсіресе қазақтың қыз жасауы мен құрақ саудасының көрігін қыздырып отырған көрінеді. «Мысалы, бір ғана Алматыда қолдан жасалған текеметтердің бағасы 50-100 мың теңгенің бағамын құрап тұр. Ендеше бұл істің де көзін таба білсе талай зейнеткердің қалтасы қалыңдай түсері анық» дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов. . 

Маманның пайымдауныша, қолда санаулы қаржы болса да қомақты қаржы болса да бизнес бастарда қиялды кезбей, кез келген идеяны өмірден алған дұрыс.

«Қалалы жерде тек қана жалақымен күнелтудің қиын екені бесенеден белгілі. Мен қолында көк тиыны жоқ адамның кәсіп бастағанын білемін. Алдымен өз үйінде көрші-қолаңға тиын-тебенге қызмет көрсетті. Содан кейін 100 мың теңгеге несиелік лимит картасын алды. Сөйтіп, Көк базар маңынан 25 мың теңгеге өте шағын дүңгіршекті жалға алды. Бұл былтырғы жыл еді.. Алғашқы айында бірден жалға алу құнын екі айға төледі. Осылай 100 мың теңгенің 50 мыңын жалға төледі. 50 мыңына етік тігетін машина, біз, жіп сатып алды. Осылайша өз ісін бастаған адамды білемін. Идеяны өмірден алу деген осы.  Қазір ол жігіттің күндік табысы 8-10 мың теңгені құрайды. Ең аз дегенде 6 мың теңгеге айналады. Жалға алу құнын; күнделікті орынға төлейтін салықты; басқа да шығындарды есептегенде, отбасыма кіретін айлық табыс 150 -200 мың теңгені құрайды Сондықтан ақшаның құлы болып, ақша табудың соңында жүгіре бермеу үшін кішкентай болсын бір дүние ашып алудың артығы жоқ. Ол үшін алдымен қолыннан не келетінін зерттеп алу керек. Сосын ақырындап іске кіріскен жөн»,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір