Екі ай бұрын Нью-Йорк қаласында "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатқан Бекболат (есімі өзгертілді) informburo.kz редакциясына хабарласып, бір алаяқ отандасымыз туралы айтып берді. Сол күннен бастап редакция тілшісі Арман Беласаров деген Қазақстан азаматынан жәбір көргендер жайлы мәлімет жинауға кірісті.

– Алаяқ әлі де бостандықта жүр. Оны жазаға тартарлықтай фактілер жеткілікті. Бірақ құқық қорғау органдарының жұмысы әзірге нәтижесіз. Сол себепті де медиа ресурстарының көмегіне жүгініп отырмын, – дейді Бекболат.

Іnformburo.kz тілшісі 34 жәбірленушімен байланысып, Арман Беласаровтың олардан алаяқтықпен 441 400 АҚШ доллары көлеміндегі қаржыларын жымқырғаны жайлы естіп білді.

Беласаров Арман деген кім?

Арман Рашидұлы Беласаров 1987 жылы туған. Ол – ОҚО (қазіргі – Түркістан облысы), Ордабасы ауданы Темірлан ауылының жергілікті тұрғыны. Бірақ соңғы 8 жылдан бері АҚШ-та тұрады.

Ол Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде "Туризм менеджменті" мамандығы бойынша 2006-2010 жылдары білім алған. Оқуды тәмамдағаннан кейін АҚШ-қа аттанып, сол жақта қалып қояды.

Алдауды достарынан бастаған

Арманға алданғандардың ішінде оны студенттік кезден танитын, жатақханада бірге тұрған достары бар. Ол АҚШ-қа барғаннан кейін арзан бағамен көлік жеткізіп беремін деп Қазақстандағы достарын қызықтырған. Арман тіпті ақшасы жоқтарының өздерін несие алуға көндірген.

Ол кезде ұсталған көліктерді импорттаудағы құжат рәсімдеуге бүгінгідей қаржы кетпейтін. Мысалы, 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін импортталған көлікті рәсімдеуге мотор қуатының әр текше сантиметріне 0,6 еуро төлеу міндеттелсе, жаңа тариф 4 еуроға дейін өсті. Сондықтан Арманның ұсынысын достары қуана қабылдаған.

Арман Беласаров 2013 жылдан бері халықаралық іздеуде. Қазіргі таңда ҚР Бас Прокуратурасына арызданған азаматтар көбейгеннен кейін оның іске қайта қаралып жатыр

Арман Беласаровқа 2013 жылдан бері халықаралық іздеу жаряиланған. Қазіргі таңда ҚР Бас Прокуратурасына арызданған азаматтар көбейгеннен кейін оның ісі қайта қаралып жатыр / Фото арнайы өтінішпен алынды
– 2012 жылы Арман Америкадан көлік жеткізіп бере алатынын айтып, хабарласа бастады. Кез келген автоконцерннің соңғы моделін 2-3 есе арзан бағаға жеткізіп берем деп уәде берген соң, екі досымды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырдым. Мен $12 500, ал екі досым 15 000 және 32 000 АҚШ долларын салып жіберді, – дейді Арманның университеттегі досы Достияр.

Достиярдың айтуынша, Арманның өзі Нью-Йоркте қырғыздарға алданып қалғанын, ақшаны қайтара алмайтынын айтып ақталған. Достияр ақшасын әлі күнге дейін сұрап жүр. Ал Арман көлікпен тасымалдау қызметін ұсынатын компания құрып, жағдайын жақсартып алғанымен, досына ақша жоқ деумен келеді.

Арман Астанада университеттегі оқудан кейін бірге пәтер жалдап тұрған досын да $50 000-ға түсіреді. Олар АҚШ-тан Қазақстанға көліктерді импорттап, алып сатумен айналыспақ болады. Бірақ Арман жоғарыда көрсетілген соманы алғаннан кейін хабарсыз кеткен.

Тағы бір отандасымыз оған сеніп, 32 400 АҚШ долларын жіберген

Тағы бір отандасымыз оған сеніп, 32 400 АҚШ долларын жіберген / Фото informburo.kz өтінішімен алынды

"Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-та білім алған екі отандасымыз да Арманның осы құрығына ілінген. Аят және Шоқан есімді жігіттер Нью-Йорк қаласында тіл курсын оқып жүргенде Арманмен бірге пәтер жалдап тұрыпты.

– Арман Қазақстанға көлік жіберіп жатқанын жиі айтатын. Бізді де көндірді. Мен Астанадағы ағаммен ақылдасып, екі көлік сатып алайық деп шештік. Ағама Porshe Cayenne ($25 150), ал маған – Lexus RX350 ($24 000) таңдадық, – дейді Аят.

Аят тапсырыс берген көліктердің бірі - Lexus RX350

Аят тапсырыс берген көліктердің бірі – Lexus RX350 / Фото Аяттың жеке мұрағатынан

Шоқан Арманға қолма-қол 13 000 АҚШ долларын санап берген. Ол 2009 жылғы Toyota Camry көлігін алуға тапсырыс береді. Бірақ көлігін сол күйі ала алмаған. Екеуі де Арманға сенген. Себебі ол бес уақыт намаз оқып, тек дұрыс әрекеттер жайлы айтатын болған екен.

"Екі аптадан кейін көлік есігіңіздің алдында тұрады"

Астана қаласы Полиция басқармасының берген ресми мәлімдемесіне орай, Арман Беласаров 2011 жылдың 11 қазан күні Астана қаласы Алматы аудандық сотында сырттай сотталады. Ал 2012 жылдың 5 қаңтарынан сот шешімі заң күшіне енеді. Бірақ борышкердің ақшасын оның Қазақстандағы отбасынан өндіру мүмкін болмапты. Сондықтан 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Арман Беласаровқа Ішкі істер министрлігі халықаралық іздеу жариялады.

– Арман менің туысыммен бірге оқыды. Студент кезінде ол үйге жиі келетін. Сәлемі түзу, қарым-қатынасқа жақсы еді. Сондықтан оған сеніп, ақша жібердім. Өзінің АҚШ-қа барғанына 4 ай болса да, Қазақстанға 50 көлік жіберіп үлгергенін айтқанына иландым. Нақтылап сұрағанымда, ол Қазақстандағы үлкен бизнесмендермен жұмыс істеп жатқанын айтып, екі аптада көлік есігімнің алдында тұратынына уәде берді, – дейді есімін жарияламауды сұраған жоғары лауазымды шенеунік.

Сот шешімін дәлелдейтін құжат

Сот шешімін дәлелдейтін құжат / Фото арнайы өтінішпен алынды

Арманның ісін сотқа дейін жеткізген осы – азамат. Қазір оның ісі ҚР Бас Прокуратурасында қайта көтерілген. Informburo.kz ресми сұраныс хатына Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Б.Әбілов тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқандарын, қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін ғана жариялайтындарын мәлімдеді.

Өткен жылы шенеунікке Арманның адвокаты хабарласып, ақша ұсынған. Бірақ ұсынылған сома 2012 жылдағы валюта құнына сай келмейтіндіктен, шенеунік келіспеген.

Алматылық Арманмен бизнес ашып, тақырға отырды

Шалқар есімді алматылық АҚШ-та бизнес ашуды ертеректен ойлап жүрген екен. Ол 2014 жылы Сейіт есімді досы арқылы Арманмен танысады. Аз уақытта екеуі логистикалық компания құрады.

– Мен трак (ауыр жүк көлігі – ред.) бизнесіне $100 000 салдым. АҚШ-қа туристік визамен барғандықтан, компания мен банктегі есепшоттар Арманның атында болды. Онымен аз уақыт ғана таныс болсам да, сол кезде маған одан асқан сенімді адам жоқ сияқты көрінетін. Бірақ үш ай жұмысымызға аудит жүргізіп, ақшаның жымқырылғанын анықтадым, – дейді Шалқар informburo.kz тілшісіне.

Арманның Чикагодағы алғашқы логистикалық компаниясы осылай аталды

Арманның Чикагодағы алғашқы логистикалық компаниясы осылай аталды / Фото Instagram желісінен алынды

Арман мен Шалқардың бірігіп ашқан компаниясы Astana Truck Lines Inc. деп аталды. Шалқар Арманның компания табысын еншілеп жатқанын білген соң, компания есепшотындағы ақшаны шешіп алуға тырысады. Бірақ Арман есепшотты бизнес серіктесі кіре алмайтындай етіп өзгертіп тастапты.

– Компанияға негізгі инвестицияны мен құйғаннан кейін, ақшамды өндіріп алуым керек еді. Сол үшін компания мен көлік құжаттарын Арманнан тартып алдым. Бірақ көп өтпей Федералды тергеу бюросының қызметкерлері келіп, құжаттарды тәркіледі. АҚШ-та Қазақстандағыдай қоқан-лоқы жасау арқылы мәселе шешілмейді екен. Мен тек сотқа беру арқылы ақшамды өндіре аламын. Бірақ соттасу процесі бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін, – дейді Шалқар.

Шалқар виза шектеуіне орай Қазақстанға қайтып оралады. Ол содан кейін 3 рет визаға өтініш беріп, ала алмаған. Арманға жұмыс істеген қазақтардың бірі оның Чикагода US Express Trucking LLC атты компаниясы да болғанын айтады.

Өз әйелін де алдаған

Жәбірленушілермен сұхбаттасу барысында, Арманның өзінің бұрынғы әйелін де қомақты қаржыға алдап кеткені белгілі болды. Іnformburo.kz тілшісі Мөлдірдің (есімі өзгертілді) байланыс нөмірін тауып, мән-жайға қанығуға тырысты. Бірақ Мөлдір ештеңе айтқысы келмеді. Бірақ, Арман мен оның бұрынғы әйелінің арасындағы жағдаймен жақсы таныс америкалық қазақ бәрін ашық айтып берді. Тек өз есімін жарияламауды сұрады.

– Олар АҚШ-та үйленді. Мөлдір АҚШ университеттерінің бірінде MBA оқуға келген болатын. Отбасын құрғаннан кейін, осында қалмақ болып шешкен. Көп өтпей тұңғышы да дүниеге келді. Басында бәрі ойдағыдай болатын. Бірақ кейіннен Арманның адамдарды алдай бастағанын Мөлдір жақтырмады. Мөлдірдің өзінің оқуға алып келген $93 мың қаржысы болған. Арман соны бизнеске құюға көндіреді. Сосын отбасының берекесі қашып, ажырасып кетеді. Ал ақшаны қайтару үшін Мөлдір Арманмен 4 жыл соттасты. Жақында сотта жеңіп шықты, – дейді ол.

Мәлімет берген отандасымыздың айтуынша, Арман сот шешіміне дейін баласына алимент те төлемеген. Бірақ сот міндеттегеннен кейін амалсыз енді төлей бастаған.

"Қазақтың бизнесіне қазақ көмектеспесе ..."

Алысқа қатынайтын жүк көлігін жүргізетін Нұрлан есімді қазақ та informburo.kz тілшісіне өз оқиғасымен бөлісті. Ол АҚШ-қа келгелі Нью-Йорк қаласына, жақын штаттарға жүк тасымалдаумен айналысып келеді. Бір күні оған Арман хабарласып, Astana Truck Lines компаниясына жұмыс істеуді ұсынады.

– Арман "қазақпыз ғой, бір-бірімізге көмектесейік" деп, маған көбірек жалақы ұсынды. Басында тұрақты жұмыс емес шығар деп келісе қоймадым. Бірақ оның адамдарды сендіре білу қабілеті бар. Көп өтпей, оның компаниясында жұмыс істей бастадым. Алғашқы 1-2 ай уақтылы жалақымды алып отырдым. Сосын апта сайын түсетін ақша кешіге бастады. Жанармай құюға берген бизнес картадағы ақша да таусылып, Арман өз ақшаңнан төлей тұр деп сұрады. Оған да келістім. Соңынан көлікті бермей қойып, ақшаны талап еттім, – дейді Нұрлан.

Арман көлік қажет екенін айтып, ақшаны бір аптада қайтаруға уәде береді. Сосын ол қолхат та жазып береді. Бірақ содан кейін Нұрлан Арманды көрмепті. Нұрланның айтуынша, Арман оған $3000 қарыз болған.

Алихан Арманға салыстырмалы түрде аз уақыт істеген болса да, қомақты қаржысын ала алмағанын айтады

Алихан Арманмен бірге салыстырмалы түрде аз уақыт әріптес болса да, қомақты қаржысын ала алмағанын айтады / Фото Instagram желісінен алынды

Ал Алихан есімді тағы бір жүк көлігінің жүргізушісі Арманда $9000 ақшасы қалып қойғанын айтады. Бірақ Арманның бұрынғы әйелі Мөлдір әділетсіздіктің куәсі болғандықтан, Алиханға Арманның көлігін құжаттарымен беріп жіберген. Алихан оны сатып, аз да болса ақшасын қайтарып алған.

Алиханның айтуынша, онымен бірге 3 өзбек және 1 грузин де Арманға жұмыс істеген. Олардың әрқайсысы кем дегенде 3000 АҚШ долларынан табысын ала алмаған.

"Арманның некесіз тағы бір баласы бар"

Жәбірленушілердің бірі Арманның қызқұмар екенін айтады. Ол АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен келетін студент қыздарды әлеуметтік желілер арқылы тауып, танысады екен.

– Арман өзін Нью-Йорктегі қазақ миллионері етіп таныстырады. Ол менің бір дос қызыма 500 көлігі бар екенін айтқан. Ал, шын мәнінде, көліктерінің саны 10-ға жетпейді. Сөйтіп, ол еш тәжірибесі жоқ, сенгіш студенттерді әуежайдан субурбанмен (Chevrolet Suburban Large SUV – ред.) күтіп алып, гүл сыйлайды. Нью-Йорк қаласын көрсетіп, өз мақсатында пайдаланғысы келеді, – дейді жәбірленуші.

Оның айтуынша, Арманның некесіз бір баласы бар. Informburo.kz тілшісі бұл деректің рас не өтірігін анықтау үшін Нью-Йоркте тұратын белсенді отандастырымыз бен Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас Консулдығынан ақпарат сұрастырды. Көп өтпей, редакция тілшісі Арманнан туған баласын оған мойындатқыза алмаған қазақстандықпен байланысу мүмкіндігін алды. Бірақ жәбірленуші тілшімен сөйлесуден бас тартты.

Бұл мәліметті берген америкалық қазақтың айтуынша, Арман тәжірибелі адвокат жалдап, "арыз жазсаң, Қазақстанға депортация жасатып жіберем" деп өзінен бала көтерген қызды бопсалаған-мыс. Редакцияға келіп түскен мәліметке орай, ол қыз қазір некесіз туған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп жүр.

Танымал адамдардың абыройын өз мақсатында пайдаланғысы келеді

Арман Беласаров әлеуметтік желілерде өте белсенді. Ол Фейсбук және Инстаграм (100 мыңнан астам тіркелушісі бар) желілерінде өзінің жетістіктері мен көлік бизнесін жарнамалайды. Ал Нью-Йоркке іс-сапармен немесе демалыспен келетін Қазақстан шоу-бизнесі өкілдері мен жоғары лауазымды шенеуніктерді күтіп алып, олармен байланыс орнатуға тырысады.

Нұртас Адамбай АҚШ-тағы қазақтардың қонақжайлылығына таңданғанын айтып, пост жазған болатын

Нұртас Адамбай АҚШ-тағы қазақтардың қонақжайлылығына таңданғанын айтып, пост жазған болатын / Фото Нұртас Адамбайдың Фейсбуктегі аккаунтынан алынды

Мысалы, Арман Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекованы, танымал әнші Ғалымжан Молданазарды, белгілі режиссер Нұртас Адамбайды, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіқалықовты, актер Артур Төлеповты, танымал қазақстандық вайнер Нұрлан Батыровты және тағы басқа есімін жарияламауды сұраған шенеуніктерді әуежайдан күтіп алып, оларға жоғары деңгейде қызмет көрсеткен. Нұрланның айтуынша, Арман осы жолмен өз абыройын ақтап алғысы келеді.

Шымкенттіктер Арманды Чикагоға дейін іздеп барған

Кейбір отандастарымыз Арманнан ақшаны басқа жолмен өндіруді ойластырған. Чикагодағы қазақстандықтар қауымдастығының белсендісі Василий informburo.kz тілшісіне Шымкенттен бірнеше жігіттің Арманды іздеп келгенін айтты. Василий Арманның әлі күнге дейін жаза алмағанына таңданып, оны іздеп барған азаматтардың байланыс нөмірін берді. Өкінішке қарай, шымкенттік жігіттер informburo.kz журналистік зерттеуіне көмек беруден бас тартты.

Василийдің айтуынша, осындағы жергілікті қазақтар Арманды аяп, Чикагоға іздеп келген шымкенттіктерге мекенжайын бермеген екен. Себебі сол жылы Арманның тұңғышы туылған болатын.

Журналистік зерттеу барысында түрік текті америкалықтың да Арманға алданып қалғаны анықталды. Жәбірленуші Сергат Озчан Арманмен Бруклиндегі Fatih Camii мешітінде танысқан.

Арман жиі барып тұрған Бруклиндегі мешіт кіреберісі

Арман жиі барып тұрған Бруклиндегі мешіт кіреберісі / Фото Сергат Озчан мұрағатынан алынды

– Намаз оқып болғаннан кейін бір жігіт менімен сөйлесе кетті. Ол өзінің жағдайының жоқтығын, жұмыссыз жүргенін айтып, көмек сұраған. Менің жаным ашып, баратын жері болмаса осы мешітте қона бер деді. Себебі менің әкем – осы мешіттің имамы еді, – дейді Сергат informburo.kz тілшісіне.

Түрік текті америкалық Арманның қолынан не келетінін сұрағанда, ол Қазақстанда көлік сатумен айналысқанын жеткізген. Ал Сергат әкесінің Toyota Corolla Universal көлігін сатуды жоспарлап жүрген болатын. Осылай Арманға жаны ашыған Сергат көліктің құжаттарын беріп, сатып беруді ұсынады.

– Ол мешітте көмек сұрағаннан кейін шынымен жағдайы қиын деп ойладым. Содан көлікті бергенім туралы еш құжат жасаспадық. Мұсылман мұсылманға сенгендей, жүре бердік, – дейді Сергат.

Алайда осы оқиғадан кейін Арман жоғалып кеткен. Көліктің өзі де, ақша да жоқ. Ал көліктің сол кездегі құны (орта есеппен) $20 000 болған екен.

Арманның қазіргі бизнесі қарындасының атында

Қазіргі таңда Арман Нью-Джерси штатының Форт Ли қаласында тұрады және соңғы бірнеше жылдан бері ыңғайлы көліктермен тасымалдау саласында жұмыс істейді. Оның KZ Limo NYC (Inc.) компаниясы бар. Бірақ компания оның қарындасы Алида Омарбаеваның (Арнұр Омарбаев есімді Семейден көшкен америкалық қазаққа тұрмысқа шыққанға дейін тегі Беласарова болған) атына ашылған.

Университетте Арман Беласаровтан бір курс жоғары оқыған Жанат есімді жігіт АҚШ-қа алғаш рет 2016 жылы барады. Ол Арманнан көлік жалға алып, Via (Uber аналогы) онлайн тасымалдау қызметінің көмегімен таксист болып істейді. Жанат Қазақстанға қайтқан кезде, Арман оған 1000 АҚШ доллары көлеміндегі ақысын беріп үлгермейді.

– Мен Арманның Via аккаунтын қолдану арқылы жұмыс істедім. Сондықтан тапқан ақшамның барлығы Арманның есепшотына түсетін. Келісім бойынша, ол менің ақымды апта сайын төлеп тұруы тиіс болатын. Бірақ ақшаны төлеуді ол үнемі кешіктіретін. Қазақстанға қайтқаннан кейін ол БҰҰ-ға Сауд Арабиясынан делегация келе жатқанын, соларға қызмет көрсетіп күніне $500 табуға болатынын айтып, мені қайта шақырды. Содан осы жылы жазда АҚШ-қа қайта барып, оған жұмыс істей бастадым, – дейді Жанат.

Елге қайтуына 2 ай қалғанда Жанат Арманнан есептесуді сұрайды. Бірақ Арман қарындасына, ал қарындасы Арманға сілтеп жүре береді. Одан бөлек, Арман Жанаттан Нью-Йорктегі шымкенттік полиция қызметкері, кәсіби боксшы Димаш Ниязовтың Гавайядағы тойына баруға қаржы қажет деп тағы $2000 сұраған. Арман ақшаны әрең дегенде екі аптада онлайн аударым арқылы жіберіп, аз уақытта аударылған 2000 АҚШ долларын банк арқылы қайтарып (return item) алады. Сөйтіп Жанат өз ақшасынан айрылып, құр алақан қалады.

Жанат Арманның бос уәде беріп жүре беретінін айтады

Жанат Арманның бос уәде беріп жүре беретінін айтады / Фото Жанаттың мұрағатынан

Редакция тілшісімен сөйлескен жәбірленушілердің басым бөлігі – Жанат сияқты алданып қалғандар. Олар да Арманның сөзіне сеніп, оның компаниясына жұмыс істеген. Кейіннен ақшаларын ала алмаған. Арман оларға көліктің бір жерінің бұзылғанын немесе көлік атына айыппұлдар бар екенін айтып, айлықтарынан алып отырады. Ал қалған соманы "ертең беремін" деумен келеді.

Арманның қазіргі статусы қандай?

Арман Беласаров о бастан АҚШ-та қалуды жоспарлағаны белгілі болып отыр. Ол Нью-Йоркке жеткеннен АҚШ үкіметінен саяси пана сұраған. Ол үшін Арманға Қазақстанда оппозиционер болғанын дәлелдеу керек болады. Іnformburo.kz редакциясына Арманның АҚШ-тың Азаматтық және Иммиграция қызметіне (United States Citizenship and Immigration Services) жіберген құжаты келіп түсті.

Құжатта Арман "Ел Болашағы" қозғалысының Астанадағы жастар қауымдастығының жетекшісі болғанын жазады. Студенттік жылдары үнемі оппозициялық митингілерге шығып, бірнеше рет құқық қорғау қызметкерлері оны сабапты. Ал соңғы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тарапынан қысым көргенін, елден кетуіне тура келгенін жазады. Оның студент кезіндегі белсенділігі туралы нақты мәліметті жинау үшін онымен бірге оқыған курстастарымен байланыстық.

– Арман сабақтан жиі қалатын. Ол университетте жүргенде белсенді студент болмаған. Арыз жазғыш, өте сараң еді, – дейді Арманның университеттегі курстасы (есімін көрсетпеуді өтінді).

Сондай-ақ, құжатта "Ел болашағы" қозғалысының Астана қаласындағы белсенді жастарының 2006 жылы 10 қарашада жиыны өткені жайлы жазылады. Жиынға 45 адам қатысып, бір ауыздан Арман Беласаровты қозғалыстың Астана қаласындағы жастар қауымдастығының жетекшісі етіп сайлайды. Іnformburo.kz тілшісі жиын хаттамасында есімі келтірілген азаматтарды тауып, сұрастырғанда олар ондай жиынның болмағанын айтты.

informburo.kz редакциясына келіп түскен хаттаманың бірінші беті

Іnformburo.kz редакциясына келіп түскен хаттаманың бірінші беті / Фото Informburo.kz

Арман АҚШ-қа бармай тұрып, Астанадағы №3 қалалық емханадан соққыға жығылғанын дәлелдейтін денесіндегі көгерген жерлері туралы анықтама алған. Іnformburo.kz тілшісі бұл ақпаратты да анықтауға тырысты. Емхана басшылығы бұл мәліметті жоққа шығарды. Арманның курстастары да оның ешқашан полицияға тұтқындалмағанын, ешқандай соққыға жығылмағанын айтады. Арман Беласаров Астанада оқу кезінде тек саудамен айналысып, қосымша табыс көзін іздеумен жүрген.

АҚШ-қа кеткеннен кейін, Арманның туысқандары ОҚО Полиция басқармасы тарапынан қысым көріп, уақытша тұтқындалғанын растайтын жалған құжаттар дайындауға көмектеседі. Ал Арман Беласаровтың АҚШ-тан саяси пана алуға ұсынылған құжаттарының жалған екенін оның бұрынғы әйелі айтып, істі кейінге қалдыруға себепші болады. Бұл туралы Арманның өз аузынан естіген азамат informburo.kz тілшісіне айтып берді.

Жеткілікті деңгейде мәлімет жинап болған соң Арманның өзіне байланысуға тырыстық. Бірақ ол informburo.kz тілшісінің хабарламасына жауап бермеді.

Іnformburo.kz редакциясы Арман Беласаров ісіне қатысты тергеу әрекеттеріне көмек беруге дайын екенін білдіреді. Редакция тілшісі жеке сөйлескен әрбір жәбірленуші мен ақпарат берушіден жиналған деректерді олардың рұқсатымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас Прокуратурасындағы Арман Беласаровқа қатысты қылмыстық іске жауапты мамандарға бере алады.

Жолдас Өрісбай