• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:20:41
Алматы
+35°

14 Наурыз, 2019 NEWS

АҚШ: Қазақстанда саяси, діни қудалау және цензура бар

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайынғы әлем елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын зерттеген есебін жариялайды

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайынғы әлем елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын зерттеген есебін жариялады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Сentralasian.org сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік департаменттің есебінде "Қазақстанда саяси қудалау, цензура, сайттарды бұғаттау, діни қудалау, бейбіт митинг ұйымдастыруға тыйым, кәсіподақтар жұмысын шектеу, жемқорлық сынды адам құқықтары мәселесі бар" жеп жазылған.

Департаменттің пайымдауынша, "Қазақстанда президент әкімшілігі үкіметті, заң шығару және сот органдарын, аймақтық және жергілікті билікті бақылауында ұстап отыр. Ел конституциясын өзгерту үшін президенттің келісімі керек".

Мемлекеттік департамент Қазақстанды елдегі сайлауларда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ережелерін сақтамайды деп сынады.

"2015 жылы президент сайлауында Назарбаев 98 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бірақ сайлау заңдары бұзылып, шынайы бәсеке болмады. 2017 жылы маусымда сенаттағы 16 орынға сайлау өтті. Бұл сайлауды жергілікті әкімдік өкілдері қатаң бақылап, президент әкімшілігінің нұсқаулығымен ұйымдастырды" деп жазылған құжатта.

Мемлекет департамент есебінде Қазақстан қызметін асыра пайдаланған, пара алған шенеуніктерді таңдап жазалайтын атап көрсеткен.

"Қазақстанда жемқорлық мәселесі әлі өзекті. Билікте, үкіметте, құқық қорғау органдарында басшылық қызметте отырғандар жемқорлық ісіне келгенде жазасыз кетеді" деп жазылған есепте.

Мемлекеттік департаменттің есебі 46-рет жарияланды. АҚШ мемлекеттік департаменті бұған дейінгі есептерінде де Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған. Қазақстан билігі ол кезде мемлекеттік департамент есебіне қатысты ресми пікір білдірмеген.

АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқығы жағдайы туралы есебінде Қытай билігін адам құқығын өрескел бұзып отыр деп сынады.

"Қытайда авторитарлы билік. Елді Коммунистік партия басқарады. Компартия мүшелері үкіметті және қауіпсіздік органдарын басқарып отыр. 2018 жылы Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде мұсылмандарға, соның ішінде – ұйғырлар мен қазақтарға қысымды күшейтіп, оларды лагерьлерге қамады. Халықаралық басылымдар, құқық қорғау ұйымдары лагерьлердегі қысым туралы айтса да, Қытай билігі лагерьлер терроризммен күрес амалы деп сендіруге тырысты. 2018 жылы Шыңжаңдағы адам құқығы жайы қатты нашарлады" деп жазылған есепте.

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қытай билігі тарапынан адамдарды заңсыз ұстау, заңсыз өлтіру оқиғалары болғанын, журналистерге, блогерлерге, адвокаттарға, жазушыларға, диссиденттерге қысым жасалғаны жазылған.

"Қытайда сайттар бұғатталады. Бейбіт митинг өткізуге кедергі көп. Жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылады. Билік тарапынан шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасалады. Елде бала тууды шектеу саясаты, күштеп түсік жасату амалдары, адам саудасы бар" деп мәлімдеді мемлекеттік департамент өз есебінде.

АҚШ мемлекеттік департаменті адам құқығы туралы есебін 1977 жылдан бері жариялап келеді. 1998 жылдан бастап Қытай билігі департамент есебіне жауап ретінде АҚШ-тағы адам құқығы жайлы есеп жариялап жүр.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты. Ал құқық қорғаушылар және лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда азап пен қысым барын айтқан.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.

Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда "миллиондаған адам қысым көріп жатыр" деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін "жалған айыптау" деп атады.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір