• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:12:05
Алматы
+35°

29 Қаңтар, 2019 Тарих

Ақсақ пен Соқырдың соғысы

Әмір Темір туралы айтқанда алдымен Темірдің өз жазбаларына сүйенген дұрыс.

                     

 

           Ислам әлеміндегі қос мұ­сылман империясының соғысы не­ден туындады? Ғалымдар бұл қырғын Темірдің Баязитке жазған хатынан, оған Баязиттің қызбала­нып қайтарған жауабынан бас­талғанын айтады. Темірдің қол астындағы түркімен әмірі Қара Жүсіптің Баязидке қашып барғаны да соғысқа себеп болған деген дерек бар. Соғыс басталмас бұрын Әмір Темірдің жіберген елшілеріне Баязит Темірді қорлайтын сөздер айтып, соғысқа шақырады.

           Ұлы Осман пат­шасы Ілдірім Баязит сұлтан (1389-1402) Әмір Темірге  Анкараға жақын жерде тұтқынға түспес бұрын Кіші Азияны толық, Еуропаның біраз жерін, Болгария мен Молдавияға дейін жаулап алған болатын. Қысқасы, Италияға жетіп қалған. 1394-1401 жыл­дары Константинопольді (Стам­бул) қоршап, жаулап алуға сәл-ақ қалған. 1396 жылы Болгарияда мұсылман әлеміне қауіп тудырып келген крестшілерді толық тал­қандаған – осы Ілдірім Баязит. Австрияны жаулап алған соң Баязит Византия королінің қызына үйленген болатын. Ан­кара түбінде Әмір Темірдің әске­ріне қарсы сербиялық рыцарьлар да сақадай сайланып, қарсы тұр­ды. Ал бұл арада Ирак астанасы Бағдатты жаулап алған Темір Еуропаның тізесін қалты­ратқан Баязитке тап берді. 1402 жылы шілде айының 20 жұлды­зында Анкара түбінде 1 миллионға жуық  мұсылман әскері бір-біріне қарсы тұрды. Сұлтанның  атты әскерінің арасында  Темір өз адамдары арқылы үгіт-түсінік жұмыстарын  жүргізген соң, 27 мыңдық христиан сербтер мен басқа халықтардан тұратын гвардиядан басқалары, 173 мың түркі тайпаларынан шыққан әскерлер Темір жағына шығып кетеді. Үш күн, екі түнге созылған қан­­ды қасаптан кейін ұрыс ала­ңында 240 мың өлген жауынгердің денесі қалады. Баязит сұлтан қолға түседі.

Осыдан соң Шығыс Рим императоры мен түгел  Еуропа корольдері, Египет сұлтаны Темірдің би­лігін тез мойындап, бас иіп келіп, алым беруге асықты. Ағылшын королі Генрих IV, Франция королі Карл IV Азия­ның ақсақ барысы атанған әмір­шіні ұлы жеңісімен құттықтап, тарту-таралғы жіберді. Испания королі Генрих III Кастильский Темірге елшілерін аттандырды. Еуропаны түгел бағындырмақ бол­ған Баязитке тұтқиылдан соққы берген Темірдің әрекетінен соң, түркі әлемінің еңсесі төмендеп, ақыр түбі Еуропа Осман импе­риясын бөлшектеп, Ресей қалған түркілерді қырық жапыраққа бө­ліп тастады. Егер Темір мен Бая­зиттің соғысы болмағанда, Баязит бүкіл Батыс Еуропаны бағынды­рып, Тоқтамыс Шығыс Еуропаны таптап, Темір Қытайды жайпар еді, сөйтіп, күллі әлем түркілердің қол астында болар еді деп өкінеді та­рихшыларымыз. Мүмкін солай да болар ма еді, бірақ тарихтың дөң­гелегі басқаша бұрылған жоқ па?!

           Тоқтамысқа келсек, кезінде Тоқтамыс  ханзада Әмір Темірге 300 нөкерімен үш мәрте қашып келіп, қол астына тығылғаны тарихтан белгілі. Әмір Темір оны қасында ұстап тәрбиелеп, кейін Ақ Орда тағына отырғызады. Кейін Тоқтамыс Алтын Орда тағына отырып, 1381 жылы Мамай ханды тас-талқан етіп жеңеді. 1382 жылы Мәскеуді өртеп, Дмитрий Донскойды Бас князь етіп тағайындап, Алтын Ордаға салық төлеп тұруға міндеттейді.

Осылайша әбден күшейген Тоқтамыс 1387 жылы Мауренахрға шабуыл жасап, Түркістанды тонап, Әзірет Сұлтан кесенесін (әу бастағы Темірден бұрын салынған) қиратып кетеді. 1391-1395 жылдары Темір мен Тоқтамыс арасындағы соғыс Темірдің Терек өзені бойындағы  жеңісімен аяқталады. Алтын Орда тағына Едіге биді отырғызады.  Темір 1390 жылдары Тоқтамыс хан қиратып кеткен Яссауи мазарының орнына қазіргі зәулім кесенені тұрғызуға пәрмен береді.

           Сайыпқыран Әмір Темір кө­реген туралы тарихта жөнсіз бұр­маланған жайлар жетерлік. Осы уақытқа дейін жазылған сансыз жазбалар әміршінің шын бейнесін бере алды деп айта ал­маймыз. Дана тұлғаның бей­несін уақыт бізге осы күнге дейін қисық ай­надан көрсетіп келді. Кешегі орыс патшалығы мен кеңестік заман­да Шыңғыс хан секілді Әмір Темір­ді де масқаралап, қаралау мемле­кеттік идеология деңгейінде ұйым­дастырылғаны бекер емес, нәти­жесінде адам басынан тау тұр­­­­­ғызған қанішер, тұтас халық­тарды жер бетінен жойып жібер­ген сұмдық жексұрын адамның образы жан-жақты сомдалып жатты. Сөйтіп, тұтас ұрпақтар санасына күштеп сіңірілді. Олардың бір парасы мынадай:
1.Ақсақ Темір туғаннан ақсақ болып туған. Ал шын мәнінде 1352 жылы Сеистанда болған со­ғыста әміршінің бір аяғы садақ оғы­нан жараланған.
2. Ауғанстанда 20 мың адамды тірідей кірпіш пен тастың арасына қалап жіберген және Үндістанда 1 миллион адамды қырған. Мұның бәрі – ойдан туған жай ертегілер.
3. Баязит сұлтанды қолға түс­кен құс сияқты темір торға қамап, қайда барса да өзімен бірге мас­қаралап алып жүрген. Сұлтан Бая­зиттің сүйікті әйел Оливераны  көзінше зорлатқан. Осы дұрыс па? 27 мемлекетті ақыл-парасатымен билеген, Исламның алмас қылы­шы атанған, тірі кезінде-ақ «сайф-уд-дин», «сайф ул-АллаҺ» деген ат алған мұсылман патшаның осындай жексұрын әрекетке ба­руы мүмкін бе? Темір шын мә­нінде өзі­мен теңдес түрік сұл­танына ба­рынша құрмет-сый көрсетіп, пат­шаға сай күтіп-бақ­қан, бірақ на­мысқа шыдамаған Баязит өзі у ішіп өлген. «А, Баязит, патшалық та, адам да Тәңірінің қасында түк емес. Мына жарық дүние бір ақсақ пен бір соқырдың қолына қарап қалар деймісің» (Темір ақсақ, Баязиттің бір көзінің ағы болған) деп, өз қолымен Құ­ран мен таспиық сыйлаған деседі. Те­мір өзі Самарқанға қайтарда, тү­рік билігін Баязиттің балала­рының қолына тапсырып кет­кен.
4. Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің басындағы кесенені Әмір Темір дала көшпенділерін (қазақтарды) өзіне тарту мақса­тында саясат үшін тұрғызған. Хақ Әулиені ардақ тұту дәстүрі қайда қалады сонда?
            Иоан Шильтбергер деген зерттеуші ғалым Темір Исфаһанды жаулап алған кезде, 14 жастан асқан еркек кіндіктінің бәрін қойша бауыздатып, 7 жасқа дейінгілерін тірідей ат тұяғына таптатып өлтірген деп жазады. Сирияға басып кіргенде отыз мың адам тығылған мұнаралы мешітті өртетіп, мұсылмандардың қанын судай ағызған деседі. Осыған се­нуге бола ма? Ал Темірдің өз жаз­баларында әмірші: «Мен қайда болса да Алла мен оның елшісі Мұхаммедтің дінін тара­туды, хақ жолын ұстануды бұйырдым» деп жазады.  Оның үстіне әлгі аталған жерлерге барып зерттеу жүргізушідер адам басынан тұрғызылған пирамиданы тапқан жоқ.
           Ағылшындар Шығыс әмір­шілерін жамандағанда алдарына жан салмаса, бір өлтірілген еуро­палық үшін жүз үндістің басын алу принципін жүзеге асырған өздері туралы жұмған аузын аш­пайды. Наполеон Бонапарт 1799 жылы Египетті басып алғанда, 4 мың жауынгер тұтқынға түседі. Өмірлеріңді сақтап қаламыз деген соң, олар тегіс қару-жарақтарын тапсырған. Бірақ Наполеон сө­зінде тұрмай, бәрін өлтірген. Жал­пы, Наполеонның армия­сында миллион адам өлімге бұйырылған. Ресейге 700 мың әскерімен кірген оның кері қашқанында 30 мыңға жетер-жетпес әскері қалған.
          Темір турасында құнды тарихи мәліметтер қалдырған Ибн Араб­шахтың өзі эмоцияға беріліп, қара бояуды барынша қалыңдатып жіберетінін Темірдің өз жаз­ба­ла­рымен салыстырып оқыған адам бірден түсінеді. 1636 жылы латын тіліне, 1658 жылы француз тіліне аударылған Арабшахтың кіта­бының мазмұны бұрмаланып, екі түрлі болып шығуын да ескеру керек.
Әрине, біз мұны жазғанда Темірді судан ақ, сүттен таза деп отырғанымыз жоқ. Заманы, дә­уіріне байланысты патшалардың қан төкпеуі ол кезде мүмкін емес. Соғыстың аты –  соғыс. Темір де өз уақытының адамы...

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір