• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:10:14
Алматы
+35°

10 Ақпан, 2018

«Аққулар ұйықтағанда» қойылымына барған көрермен «ұйықтап» қайтты

Драмалық қойылымның авторы –  жазушы-драматург Нұрғали Ораз. Режиссері – Ержан Қауланов.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Аққулар ұйықтағанда» қойылымының премьерасы болды.

Драмалық қойылымның авторы –  жазушы-драматург Нұрғали Ораз. Режиссері – Ержан Қауланов.

Поэма авторы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне тұспа-тұс келген премьераға жиналған халықтың қарасы қалың болды. 

Мұқағали поэмасының мазмұны көпшілікке таныс. Баласының өмірі үшін күрескен ана, айдынында жүзген аққуын қимайтын Жетімкөл қасіреті жырланады. Қойылымға барған көрермен де соны көргісі келді. «Әттең-ай» дейміз осы тұста.  Мұқағалидың поэмасының аты беріліп, ақынның бір-екі өлеңі оқылғаны болмаса, поэма мен қойылымның ауыз толтырып айтар байланысы да жоқ.

Қойылым барысында біресе өзіңді Мұқағалидың әдеби кешінде отырғандай сезінесің, біресе поэмаға түк қатысы жоқ қойылымды тамашалауға келгендей боласың.

Жасанды түсік жасату, үлкенге деген құрметтің азаюы, жастардың өмірден түңіліп, бар кінәні аға буынға артуы – айта-айта ақжем болған тақырып. Авторлар сонда да қайталаудан жалықпайды.

Ал әртістердің дайындығы кемшін сияқты. Жанарында от ойнаған актер ол сахнада болмады, көрерменді үйіріп әкете алмады. Өйткені қол соққан халықтың шапалағы шашыраңқы шығып жатты. Қойылымның уақыты да тым қысқа. Логикалық түйіні жоқ. Спектакльдің бітіп қалғанын көрермен жан-жағына жалтақтай қарап түсінумен болды.

Тек ең соңында ғана «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мен драмалық қойылымның азды-көпті байланысы байқалады. Дастанда аққу мен баланың демі қатар үзілсе, қойылымда сәби дүниеге келіп, аққу өз көліне оралады.

Айту – парыз, шешім шығару әркімнің – өз еркінде. Қойылымға көзі қарақты көрермен уақыт өте келе өз бағасын берері хақ. Ол үшін театрға барыңыз, құрметті оқырман!

Айгерім ТАУБАЙ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір