• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:41:07
Алматы
+35°

26 Шілде, 2018 NEWS

Ақпараттық вакуум туындаған жоқ, қоғамнан ештеңе бүгіліп қалмады – Министр

Ең алдымен мынаны айтқым келеді, Денис Тен өліміне қатысты жағдайда ІІМ жедел тәртіппен тілшілерге ең өзекті ақпараттарды ұсынды, - дейді Дәурен Абаев

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Денис Теннің өлімін тергеуге қатысты полиция жұмысына және осы қайғылы оқиғадан кейін қоғамда туындаған резонансқа қатысы өзі көзқарасымен бөлісті.

- Сауалдарымызға жауап беруге келісім бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ал біз өзіңізбен бүгінде әрбір азаматты толғандыратын еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесін талқылағымыз келеді. Бұл мәселе әсіресе даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін өзекті бола түсті. Билік  пен қоғамның арасындағы коммуникацияға жауап беретін министр ретінде мынаны айтыңызшы, Ішкі істер министрлігі тосын жағдайларда ресми мәлімдеме жасауда неліктен үнемі кеш қалып жатады?

- Ең алдымен мынаны айтқым келеді, Денис Тен өліміне қатысты жағдайда ІІМ жедел тәртіппен тілшілерге ең өзекті ақпараттарды ұсынды.

Ал сол ақпаратты тексеруге біраз уақыттың кететіндігі басқа мәселе. Тіпті ең шұғыл жағдайдың өзінде де мемлекеттік орган оларды сәйкесінше тексеруден өтпестен фактілерін жария етуге құқығы жоқ.

Бұған қоса, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария етуге болмайды. Ол прокурордың келісімімен рұқсат етілген көлемде ғана жария етуге беріледі.

Дегенмен, тағы да қайталап айтамын, бұл жолы ақпараттық вакуум туындаған жоқ, қоғамнан ештеңе де бүгіліп қалмады.

- Қоғамда министр Қасымовты отставқа шақырушылар жиілеп барады. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

- Өздеріңіз де білесіздер, еліміздің ең танымал, миллиондардың сүйікті спортшысының өлімі қоғамымызды күйзелтті. Бұған қоса, бұл қайғылы жай еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз ету бөлігіндегі бірқатар күрделі проблемалардың бетін ашты. Осындай жағдайда жаппай эмоционалды күйзелістің орын алуы, көптеген азаматтардың мұндай талап қоюы таң қаларлық жайт емес.

Дегенмен, эмоция еш уақытта та тиімді шешімдердің, бұған қоса кадрлық мәселелердің одақтасы болған емес. Біз мұны түсінуіміз қажет.

Қалмұханбет Қасымов  - жұмыс тәжірибесі өте мол өз ісінің үлкен кәсіби  кадрлық полицейі.

Барлық сыни пікірлерге қарамастан оның басшылығы барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында қылмыстардың ашылуы, криминогендік ахуалдың төмендеуі бөлігінде байыпты нәтижелерге қол жеткізілді.

Дәл осыны Алматы қалалық ІІД бастығына қатысты да айта аламын. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев қауіпті қылмыскерлерді ұстаумен байланысты полиция операцияларына өзі де қатысады.

Теннің өліміне қатысты жағдайда да Күдебаев қылмыскерлерді ұстау операцияларына жеке өзі қатысты. Бұл істі ашуға тәулікке жетпес уақыт қана қажет болды. Демек, қалай десек те бұл полицияның қолынан келеді және олар жұмыс істей алады.

БАҚ-та полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерінің төмен деңгейі туралы мақала жарияланды. Жекелеген жағдайларда ол солай болуы да мүмкін. Алайда, өз ісіне берілген, қоғамымыздың әл-ауқаты мен тыныштығы үшін жанын құрбан етуге дайын қызметкерлер де бар. біз неліктен олар жайында тіс жармаймыз? Барлығын бір өлшеммен қарап, жаппай бүліншілік жайында айтуға болмайды. Мұның ауылы тым алыс.

- БАҚ-та Алматы «мәдени» астанадан «қылмыстық» шаһарға айналды деген пікірлер де қылаң берген еді...

- Есіңізде болса, жаңа Қылмыстық-процестік кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс сынды барлық құқық бұзушылық туралы бүкіл дабылдың тіркелуі көзделген еді. Қаладағы қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеп, олардың ашылуы жақсара түсте. Бұған қоса, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, көлік ұрлау сынды ауыр құқық бұзушылықтардың көрсеткіші айтарлықтай төмендеді.

Және де осы кезеңде Алматыға қосымша әкімшілік-аумақтық бірліктің қосылғанын және ішкі көші-қонның жоғары динамикасы байқалғанын естен шығармауымыз қажет. Өйткені, оңтүстік астана республикадағы ең басты экономикалық орталықтардың бірі болып қалады.

Дәл осы Алматы көшелері мен аудандарды сыртқы бақылау камералармен жабдықтауда ең жоғары қарқынға ие болып отыр.

Әрине, полиция бәрін билеп-төстеуші емес, бірақ, біз қылмыстық хаоста өмір сүріп жатырмыз деу де әділетсіз.

- Д.Теннің өліміне қатысты іске арналған кешегі брифингте Қ.Қасымов неліктен өзі шығып, журналистер алдында сөйлемеді?

- Бұл сауалға жауап берілді ғой. Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың атап өтуінше, ІІМ басшысы қызметтік іс-сапарда жүр.

Дегенмен, баспасөз мәслихаты барысында туындаған барлық сауалға ІІМ өкілі жан-жақты түсініктеме берді. Өз тарапымнан қосарым, Қалмұханбет Қасымов орын алып жатқан жайттар туралы ақпараттарды біледі және ахуалды өз бақылауында ұстап отыр.

- Әдеп тұрғысынан алып қарағанда, Сіз ІІМ спортшының өлімі үшін кешірім сұрауы керек деп есептейсіз бе?

- Денис Теннің өлімі - бұл Қазақстан үшін үлкен трагедия. Орын алған жайтқа байланысты адамгершілік жауапкершілік пен ауыр қаза қайғысын біздің әрқайсымыз да сезінеміз. Бұл қоғамдық реакциядан-ақ анық байқалады. Ішкі істер министрлігіне жария түрде кешірім талап етудің қаншалықты әділетті екендігін айту қиын. Дегенмен, Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың кешірім сұрау мәселесі заңдық тұрғыдан тысқары жатыр деген пікірімен келісемін.

Өзіңіз де білетіндей, қазіргі уақытта Алматы қалалық ІІД жұмысына қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тексеріс қорытындысына құқық қорғау органдарының жауапкершілігі бекітілетін болса, онда қажетті шаралардың қабылданатындығына сенімдімін. Сондықтан да оның нәтижелерін күтейік.

- Қазақстандықтарға травматикалық және қысқа оқпанды қару ұстауға рұқсат беруді қолдайсыз ба?

- Ең алдымен мұндай заттарды заңдастыру үшін қару асынудың жоғары мәдениеті қажет екендігін баса айтқым келеді. Бұған қоса, қаруды еркін алып жүру қылмыс деңгейінің төмендеуіне алып келеріне ешқандай кепіл де жоқ.

Көптеген елде, әсіресе Құрама Штаттарда осы мәселе төңірегінде орын алған қайғылы жайттар аз емес. Өткен жылы Лас-Вегаста орын алған ең қайғылы оқиғалардың бірін еске алыңыздар. Сол кезде жаппай оқ ату барысында 59 адам өліп, жарақат алғандардың саны 500-ден асып жығылды. Демек, бұл ретте ең алдымен мұндай заттарға қоғамның дайындығы мәселесін алға қойған жөн.

Ал енді толықтай айтар болсақ, өкінішке орай біз ең теріс сценарийлерден еш уақытта да сақтандырылмағанбыз. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Торонтода, қаланың адам көп жүретін көшелерінің бірінде жүйке ауруына шалдыққан қылмыскерлер өтіп бара жатқандарға оқ жаудырған. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.

Мұндай жағдайлардан дұрыс сабақ алып, проблемалы мәселелерді жүйелі шешу ғана қалып отыр.

- Сұхбат бергеніңіз үшін ризашылық білдіреміз!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір