• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:26:49
+35°

15 Қаңтар, 2019 Әлеумет

"Жаһандық жылыну" деп жар салып, "ақырзаман орнайды" деп айқайлап, Марсқа бет алған "жерліктер" мәселені жерден емес көктен іздеп жүргендей. Өзге планетаны қолайлы етуге жұмсалатын триллион долларлық қаржыға өзіміз бүлдірген өз "үйімізді" неге қалпына келтірмеске? Себебі, ғалымдар әлемді гүлдендірген адамзаттың ақылы әлемді жоюға бағытталып кеткенін кеш байқағанға ұқсайды. Адамзаттың ақырына ақыл жетуі мүмкін. Qamshy.kz ақпарат агенттігі сөзімізге дәлел болатын ғаламдық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін табиғи күштер мен адам ақыл-ойының теңдессіз туындыларын ұсынады.

Жанартау күннің жанарын жалмайды

Алғашқы сценарий стихиялық түрде өрбиді. Қоюшы - режиссері: Жер-Ана.

атом бомбасы

Бүгінде ғаламшарымызда 500-ден астам қуаты күшті сөнбеген жанартаулар бар. Бар күшін ішінде бүгіп жатқан таулар оянғанда ғаламға қатер төндіретін улы газдар мен мыңдаған тонна лаваның күлі тура мағынасында көкке ұшады. Қою тұман пайда болып, күннің бетін ұзақ жылдар жауып қалады. Осылайша, жанартаулық жер сілкінісі, лавадан пайда болған өрттен аман қалған тірі организмдердің түбіне ауа-райының күрт төмендеуі — жаңа  мұз дәуірі жетуі мүмкін. АҚШ, Жаңа Зеландия, Индонезия, Жапония сынды мемлекеттер аумағында орналасқан супер-жанартаудың күші бір сәтте бүкіл планетаны орнынан қозғайтын күшке ие. 2016 жылдан бері атақты Йелоустон супер-жанартауы өз күшін айқын сездіре бастады. Дегенмен, ғалымдар мұндай жанартаулар мыңжылдықта бір іске қосылады деп болжауда.

 қара құрдым

"Құс жолындағы" қақпан

Бұл сценарий бойынша жер планетасы тіпті, күн жүйесі ғана емес, бүтін бір галактика қара құрдымның (черная дыра) қақпанына түседі. Біздің ғаламшар күн жүйесінде ал, күн жүйесі "Құс жолы" галактикасында орналасқанын білетін боларсыз?! Ал галактиканың қас жауы қара энергияға толы ғылым тілінде таныс — қара құрдым. Осындай кең көлемді апаттың орын алу ықтималдығы туралы атақты Стивен Хокинг зерттеген болатын. Апаттың алдын алу мүмкін емес. Алайда, ақырзаманның мұндай сценарийі де әлі көп күттіреді.

 робот

"Темірдің" тұзағы

Міне, осы сәтте адамның түбіне ақыл жететіндігін ашып көрсетуге болады. Әрине, әлемдік блокбастердің мазмұнына ұқсас болуы ықтимал, алайда, мұндай сценарий жоғарыда аталғандардан әлдеқайда жақын болуы мүмкін. Яғни, адамның көмекші құрал болып келген құлтемір роботтың құлына айналуы ғажап емес. Адамзат кез келген сценарий бойынша зардап шегушінің рөлін ойнайды.

 гендік инженерия

Мутациялық мәселе

Бұл сценарий бойынша биологиялық түрлердің түбіне биологияның жетістігі жетеді. Әңгіме биотехнологиялық немесе гендік инженерия жайында. Қазіргі күні бұл салада маман тапшы, сұранысқа ие кәсіп деп арқамызды кеңге салып отырмыз. Ертең осы саланың "саңлақтары" адамзаттың қас жауына айналуы әбден мүмкін. Картоп гені бар құрбақа мен төзімді вирустық иммунитеті бар горилланың, тағы сол сияқты мутагенді ағзалардың күші мен санасы адамдардың ақырына жетуі мүмкін.

 адамдар

Адамдар іріктемесі.

Әлемдегі адамдардың саны артып келеді. Нәтижесінде аштық, табиғи ресурстардың жетіспеушілігі туындайды. Қазірдің өзінде бұл фактор анық байқалады. Дарвиннің тіршілік үшін күрес теориясы жануарлар әлемінен адамзатқа ауысуы мүмкін. Яғни, бұл сценарий бойынша, күшті жеңеді, әлсіз ойыннан шығарылады. Бірақ, бұл жолы ойынның құны - адамның өмірімен өлшенеді.

 атом бомбасы

Соғыстың соңы — ақ тумен ғана аяқталмас...

Бүгінде бір-бірімізге бейбітшілік тілегеніміз ең дұрыс шешім болмақ. Қазірдің өзінде Қиыр Шығыста қауырт "қырғи қабақ" соғыс жүріп, алпауыт Америка Қытай айдаһарымен қарусыз майдан өткізіп, үштікке орыс аюы араласып жатыр. Дәл осы державалардың әрекеті бүгінгі әлемдік нарықпен қоса, адамзаттың келешегін шешпек. Соғыстың соңы кинодағыдай ақ ту көтерумен емес, атом бомбасының әрекетін өлшеумен аяқталуы ғажап емес.

 ауыру

Ақырзаман болмаса, аурудың артуы мүмкін

Бұл сценарий бойынша адамзаттың ақылы асып тұрса да әлемді тағы да өзіміз ойлап тапқан вирустар мен бактерияның арқасында әртүрлі аурулар жайлауы мүмкін. Тек тұмаудың өзінен жылына жүздеген, рактан мыңдаған, жүрек ауырларынан онмыңдаған адам көз жұмуда. Бірақ, бұл сценарий адамдар іріктемесінің бастамасы болуы мүмкін. Әрине, апаттың ауылы алыс, беті аулақ болса дейміз. Дегенмен, ойланатын жағдай...

Балжан Халық

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір