• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 15:06:45
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 Саясат

Ақын Біржан Байтуов: "Мен білетін Елбасының 7 қыры"

Отыз жыл билік құрып, елін соғыссыз басқарған жалғыз патша да осы кісі екен. Тағы да тарихқа қараңыздар.

"Тақта отырған кезде жақсылығын жырласақ "жағымпазсың" деп тілдеушілер табыла кетуші еді, орынын босатты ғой енді айта берсек айып жоқ шығар...

Мен білетін Елбасының жеті қыры.

Біріншіден: Шекараңды шегендеп тұрып бекітті ме, бекітті. Біз түгілі алпауыт империялар Қытай мен Ресейдің арасындағы шекаралар толық бекімегенін ескерсек, Елбасымыздың бұл еңбегінің өлшемі жоқ деуге болады.

Екіншіден: Абылай армандаған Астанаңды салды ма, салды. Салғанда қандай ғып салды десейші?... Сегіз соттық жеріміздің қай жеріне не саларымызды білмей, ретін келтіріп игере алмай басымыз қатып жүргенде, Сарыарқаның қақ төрінен бес құрлыққа ұялмай көрсете алатындай ғажайып шаһар салып берді.

Үшіншіден: Қазақ-қазақ болғалы бесінші парызын (қажылығын) өтеген алғашқы ханымыз осы кісі. Керей мен Жəнібектен бері қарай 550 жылымызда ел билеген қырыққа жуық хандарымыз бен бектеріміздің бірде-бірі қажылық парызын өтей алмапты. Өтемейін деген жоқ, аласапыран замандарда елді тастап кететіндей мүмкіншіліктері болмады. Сол хандар мен сұлтандарымыздың арманына Нұр Сұлтан жетті.

Төртіншіден: Отыз жыл билік құрып, елін соғыссыз басқарған жалғыз патша да осы кісі екен. Тағы да тарихқа қараңыздар. Отыз-қырық жыл ел билеген Хақ назар, Əз Тəуке сынды айбарлы хандарымыз болмады емес -болды. Бірақ олардың замандары жаугершілікпен, кең байтақ даламызды қалай қорғап қалсақ деген аласапыран қан майдандармен өтті. Алла тағала қалай дегенде де Нұрсұлтанның патшалық дəуірін соғыстан ада, бейбіт те берекелі етті.

Бесіншіден: Қазақ даласындағы исламның туы, иманның нұры болған мешіттерімізді көбейтті. Тəуелсіздік алған тұста еліміз бойынша небəрі 40-шақты мешіт қана жұмыс істеп тұрған болса, 25 жылда сол мешіттеріміздің саны екі жарым мыңға жуықтады. Бұл дегеніміз рекордтық көрсеткіш. Тіпті патшалық дəуірінің ең соңғы ісі де ТМД мен орталық Азиядағы теңдесі жоқ мешіттің іргетасын қалау болды.

Алтыншыдан: Қазақтың қара домалық балаларын əлемнің ең озық деген оқу орындарында білім алғызып, оза шапқандарын ел ісіне араластырып кетті. Бұл түсінген адамға тəуелсіздіктің ең тəтті жемістерінің бірі десе де болады.

Жетіншіден: Қазақ тарихындағы хан тағын өз еркімен босатқан алғашқы ханымыз да осы Нұрсұлтан. Тарихта ешбір хан-сұлтандарымыз ажалы жетпейінше тағынан кетпегені бəрімізге аян. Ендеше ел үшін туған есіл ердің жасаған шешімін Алла Тағала екі дүниеміз үшін қайырлы қылғай, əмин."

Ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

♦Біржан Байтуовтың фейсбуктегі парақшасынан алынған 

Ұсынған: Мақпал Сембай

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір