• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:04:09
Алматы
+35°

06 Қыркүйек, 2018 NEWS

Анасының лифтіде өлгенін көрген сәби "мама" деп айта алмайды

Ақтөбеде лифтіде жаншылып өлген тележүргізуші келіншектің өліміне байланысты сот басталды.

Ақтөбеде лифтіде жаншылып өлген тележүргізуші келіншектің өліміне байланысты сот басталды. Жауапқа тартылып жатқан кооператив директоры мен лифтіні жөндеген механик тағылған айыппен келіспей отыр. Жауапкершілікті біріне бірі артып қоймақ. Ал қара жамылған отбасы екеуіне қатаң жаза кесуді талап етті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

28 жастағы тележүргізуші Айзат Әбдісаматтың Ақтөбедегі көп қабатты үйдің лифтісінде жаншылып көз жұмғанына тура бес ай болды. Сол уақыттан бері бірнеше техникалық сараптама тағайындалып, сот отырысы да кейінге шегеріле берді. Бұған айыпталушының бірі — механик Жарылқасын Ақжановтың жүрегіне ота жасалуы себеп болған. Ол ауруханадан шыққан бойда процесс те басталды.

"Лифтіні пайдалануға берген кезде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қолданбаған. Ақауы бар жеделсатыны іске қосқан. Оған тағайындалған сараптама қорытындысы дәлел бола алады", — дейді мемлекеттік айыптаушы Асхат Сәрсенбаев.

Сотта жауап беріп жатқан кооператив директоры мен механик бірін-бірі кінәлап отыр. Бастығы техникадан хабарым жоқ деп ақталса, лифтіні жөндеу үшін жалданған маман сүттен ақ, судан тазамын деп басын алып қашады.

"Бұл үйдің лифтісі бұрыннан тозған. Тұрғындардың өтініші бойынша қолдан келгенше оңдап жүрдік. Соңғы рет қайғылы оқиға болардан төрт күн бұрын ғана Ақжановқа ақша беріп жөндеуден өткізген едік", — дейді "Жаңабеков-сервис" ЖШС директоры Кемел Жаңабеков.

Айзат Әбдісамат лифтіге қысылып өлгенде жанында кішкентай қызы болған. Қазір ол әкесінің қолында тәрбиеленіп жатыр. Марқұмның күйеуінен бастап, барлық туысы қос айыпталушыға ешқандай кешірім жоқ дейді.

"Ешқандай да маған материалдық, моральдық өтемақының қажеті жоқ. Менің баламның өліміне кінәлі адамдар әділ жазалансын деймін. Қазіргі жағдайда үш жасар сәби өзінің анасына "мама" деген сөзді айта алмайтын жағдайға жеткізді олар. Себебі, анасының өлімін көрген сәби анасын сұрамайды", — деді марқұм Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова.

Айзаттың өліміне себепші болған лифт бес айдан бері істемейді. Оған сол күйі жөндеу де жүргізілмеген. Ақтөбеде осы қайғылы оқиғадан соң тоқтап тұрған жалғыз жеделсаты бұл емес. Өйткені жаппай тексеруден кейін ескіргендерінің бәрінің есігін жауып тастаған еді. Ал жаңартуға тұрғындардың да, әкімдіктің де ақшасы жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір