• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:27:05
Алматы
+35°

18 Қыркүйек, 2018 NEWS

Анасынан айырылған Жәкішевке билік бір уыс топырақ салуға рұқсат бере ме?

Кеше ғана Мұхтар Жәкішев өзінің науқас анасымен кездесуге рұқсат сұраған еді. Алайда қайырымсыз билік бұл өтінішті орындаудан бас тартты

Кеше ғана Мұхтар Жәкішев өзінің науқас анасымен кездесуге рұқсат сұраған еді. Алайда билік бұл өтінішті орындаудан бас тартты. 

"Жәкішевтің сыртқа шығуына Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағына сәйкес рұқсат берілмеген. Бұл тармақта "террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балаларға жыныстық тису қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді", — делінген отандық БАҚ-та жарияланған хабарламада. 

Бүгін таңертең 80 жастағы Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева қайтыс болды деген қаралы хабарды естідік. Әттең дедік іштей... Мұхтар Жәкішев анасынан айырылатынын сезгендей бір-екі күн бұрын биліктен анасымен кездестіруін өтінген еді.  Билік адамгершілікке салып келісім бергенде анасы соңғы рет ұлын көріп үлгеретін бе еді, кім білсін? Жылдар бойы ұлын күткен, биліктен "босатады", - деп үміт күткен анасы арманда кетті. Мұхтар Жәкішевтің анасын соңғы рет көруге мүмкіндігі болған.

Танымал заңгер Абзал Құспанның айтуы бойынша, қылмыстық атқару кодексіндегі талаптарға сәйкес ет-жақын  туыстары өлім аузында жатқан кезде не қайтыс болған жағдайда соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне апару құқығы берілген. Алайда билік бұл талапты орындауға міндетті емес екен. 

"Бұл жағдайда жазасын өтеу органдары шешім қабылдайды. Олар заң талаптарын бұзды деп те айта алмаймыз. Себебі заңмен адамға құқық та, міндет те беріледі. Жазасын өтеу органдары бұл талапты өтеуге міндетті емес, бірақ құқылы еді. Бірақ көптен бері жапа шегіп жатқан азаматтың анасымен кездесуіне рұқсат бергені дұрыс. Биліктің осы жағдайда өзін жақсы қырынан көрсетуіне мүмкіндігі болды.  Бірақ олар сол мүмкіндікті пайдалана алмады. Қазір осы жаңалықты оқыған халықтың билікке наразылығы күшейе түседі. Жазасын өтеу органдары басшылыққа өз ойларын дұрыс жеткізе алмағандықтан Мұхтар Жәкішев анасымен кездесе алмады. Енді ең болмағанда Жәкішевке анасын соңғы сапарға шығарып салуға апаруға кеңес беремін. Қазір біздің жүйеде тұлға қалған жоқ. Сот болсын, прокоратура болсын. Барлығы орындаушылар", деп пікір білдірді Абзал Құспан. 

Билік заң талабын бұзбағанымен, адамгершіліктің шартын өрескел бұзды. Мұхтар Жәкішевтің анасынан басқа ешкімі жоқ еді. Әкесі 2001 жылы инсульттен көз жұмған, енді анасы да о дүниелік болды. Нағыз қылмыскерлерді шартты түрде бостандыққа шығаратын заңның өмірінің 9 жылын түрмеде өткізіп, өмір мен өлім үшін күресіп жатқан Мұхтар Жәкішевке азаттық бермей тұрғаны жанға батады. Бұдан кейін биліктен не үміт, не қайыр... Ендігі биліктің ұяты оянса, Мұхтар Жәкішевті анасын соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатыстырады деген үміттенеміз.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Мұхтар Жәкішев пен туған-туысына орны толмас қазаға байланысты қайғыра көңіл айтады. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір