• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:13:49
Алматы
+35°

12 Қаңтар, 2019 Оқиғалар

Анасын 9 жыл іздеген ақтөбелік жігіт: Анамды тапқаныма қатты өкінемін

Мен анам туралы мәліметті "Однаклассниках" әлеуметтік желісі арқылы таптым.

Ақтөбелік жігіт туған анасын 9 жыл бойы іздегеніне өкінетінін айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі diapazon.kz сайтының дерегін негізге алып. Ол бірнеше жыл бойы ұйқысыз түнін, күлкісіз күнін өткізді, алайда іздеп таптым деген анасы үмітін ақтамады. Жігіт тіпті өкініп қалды. 

1993 жылы ақтөбелік жігітті анасы тастап кетеді. Алайда БАҚ арқылы ол анасымен қайта қауышады. 

"Мен анам туралы мәліметті "Однаклассники" әлеуметтік желісі арқылы таптым. Оның түрі маған ұқсайды және Ақтөбеде тұрады екен. Алғашында ол менің анам екенін мойындамады. Бірақ кейіннен ол бұл ақпаратты растады", — дейді Артур. 

Ол өз анасымен кездескен кезде өмірін күрт өзгерткен оқиға туралы толығырақ білді. 

"Биологиялық анам мені 16 жасында дүниеге әкелген. Ата-анасына бұл туралы айта алмағандықтан, әпкесі сәбиді перзентханаға тастауды ұсынған. Мен де жас әкемін. Қалай ғана туған баласын перзентханаға оп-оңай тастап кетуге болады? Осыны әлі күнге дейін түсінбеймін. Бір жақсысы, осы кезде менің қазіргі ата-анам асырап алды", — дейді Артур. 

Артур биологиялық анасымен қатар, оның күйеуімен, өзінің бауырларымен де танысқан. 

"Олар үлкен отбасы. Менен кейін биологиялық анам үш баланы дүниеге әкелген. Ал әкемнің төбелестен қайтыс болғанын айтты. Бірақ әкем жатқан зиратты көрсетпеді.  Биологиялық анамның мені тастап кеткен соң бірден үш баланы дүниеге әкелгенін есту және қабылдау өте қиынға соқты. Мен оны ақтап алуға тырыстым, түсінгім келді. Бірақ... Ол тіпті қарым-қатынасымызды ретке келтіруге кішкентай қадам да жасамады ғой", — деп қиналысын жасыра алмады Артур. 

Анасымен жолыққаннан кейін Артур көптеген сәтсіздікке ұшырайды. Жұмысынан шығып қалып, әйелімен ажырасты. 

"Мен сол кезден кейін қатты күйзеліске түстім. Өмірім астан-кестен болды. 3-4 айдың ішінде жынданып кетуге сәл-ақ қалдым. Тіпті көшеге шыққым келмей, төрт қабырғада қамалып отырдым. Өз-өзіммен сөйлестім. Нені дұрыс жасамадым? Қай жерден қателік жібердім? Осыған ұқсас сұрақтарды өзіме қайта-қайта қойдым. Туған анамнан жылы сөз ести алмадым. Маған ол қолдау білдірмеді. Бірақ қазіргі ата-анам, аға жездем үнемі қасымнан табылды. Олар маған қолдау білдіріп, өз-өзіме келуіме көмектесті. Олар болмағанда, не істер едім?! Білмеймін. Қазіргі отбасым анамды іздеуге мүлдем қарсылық танытпады, керісінше туған анаммен жақын араласуды қалады. Арада көп уақыт өтті. Бірақ құрып кеткір, менің өмірімді күрт өзгерткен, менің дел-сал күйіме себепкер болған туған анам ғой. Кішкентай сәби не үшін ересектердің қателігі үшін жазалануы керек? Олар бейкүнә сәби емес пе? Мен осы өмірді, осы жолды өзім таңдап немесе сұрап алыппын ба?! Кез келген адам өзінің туған анасы мен әкесін іздейтіні белгілі. Егер менің өмірімде маңызды өзгерістер орын алмағанда анамды мүмкін іздемейтін де едім. Үйлендім, ата-анамнан бөлек шықтым. Аздаған түсініспеушіліктер орын алды. Кейін ішкі жан дүниеме бірдеңе жетіспейтінін сездім. Алайда қазір қатты өкінемін. Туған ата-анам мені тәрбиелеп, өсірген жандар екенін түсіндім. Мен олардың орнына басқа адамдарды қойып, соларды іздегенім үшін ұяламын. Қазіргі ата-анамның алдында ұяттымын. Қазір кезінде сатқындық жасап, тастап кеткен адамды іздеудің де, кешірудің де қажеті жоқ екенін білем", — дейді Артур. 

Сондай-ақ Артур екі ақтөбелікке ата-анасын табуға көмектескен. Олардың алғашқы кездесуіне өзі де барған. 

"Бір қыздың анасын Орынборда екенін анықтадым. Анасы 15 жасында босанып, сәбиді перзентханаға тастап кеткен. Алайда оның отбасы тастанды қызды қуана-қуана қарсы алды. Тіпті бірге Ақтөбеге көшуді жоспарлап отыр. Біз қазір бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Мен оған қызыға да, қызғана да қараймын. Ал екінші ақтөбеліктің анасы ұлын көргісі де келмейді. Кездесуден бас тартты. Ұлын тастап кеткен әйелдің жағдайы жақсы, өзі ауқатты тұрады. Сол себепті туған ата-анасы тастап кеткен жастарға оларды іздемеуге кеңес беремін. Себебі қатты өкініп қалуы мүмкін. Мұндай жайттар жиі болады", — деп сөзін аяқтады Артур. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір