• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 05:55:32
Алматы
+35°

13 Қыркүйек, 2018 Оқиғалар

Амандық мырза, ауылыңызды кім тонап жүр?

Міне, бұл сұрақтардың жауабын басқа емес, облыс әкімі Амандық Баталов беруі керек деп ойлаймыз.


Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың назарына! 
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сөгеті ауылының тұрғындары бірнеше аптадан бері дүрлігіп жатыр. Себебі Торыайғыр жазығындағы мал су ішетін құдықтарды жалғаған жерасты құбырларын әлдекімдер баса көктеп келіп, қазып алып жатқанға ұқсайды. Оларға ауыл әкімінің де, учаскелік полицейдің де күші жетпеген. Мал жайлауда жүргенде иен даладағы құбырларды өзінің меншігіндей иемденіп, өрістің талқанын шығарғандар «жоғарыдан рұқсат бар» дейтін көрінеді. Сонда оларға кім рұқсат берген? Ауыл-ауылды тоқсаныншы жылдардағыдай жаппай тонау тоқтаған секілді еді ғой. Әлде Алматы облысында әлі де жалғасып жатыр ма? Жердің бетін жып-жылмағай еткен тойымсыздар енді жердің астына түскен бе? Міне, бұл сұрақтардың жауабын басқа емес, облыс әкімі Амандық Баталов беруі керек деп ойлаймыз.
Енді ауылдықтарды мазалаған мәселе туралы аз-маз ақпар. Сөгеті ауылы Кеңес одағының кезінде «Сөгеті қой совхозы» деген атпен танылған еді. Үкіметке ет пен сүт өткізу жөнінен көш бастап, бүкіл одаққа аты шыққан. Жылқы мен сиырды айтпағанда, Торыайғыр жазығында 80 мыңға дейін қой өсірді. Сол кезеңдерде совхоз директоры, марқұм Сағыныш Есбергенов ақсақал Торыайғыр мен Бұғыты тауларының арасындағы алып жазыққа су тартқызған. Жоғарыдағы 80 мың қой осы судың арқасында көбейіп, өсіп-өнді. Бір жағы Қарамойын, Аласадан басталып, Бартоғайдың сағасына дейін еңкейетін су құбырының ұзындығы кемінде 20-25 шақырымға жуықтап қалуы керек. Және екі таудың арасы алшақ болғандықтан, бір емес, екі құбыр паралель тартылған. Ол құбырдан құдықтарға дейін тартылған құбыр тағы бар. Осының бәрін есептесеңіз, су құбырының жалпы ұзындығы кемінде 70-80 шақырымға жетіп қалуы керек. 
Ал енді осы су құбырының иесі кім деп ойлайсыз? Әрине, осы ауылдың жұрты. Оны Кеңес одағы құдайы ғып тартып берген жоқ. Осы ауылдың еті мен сүтінің ақысына келген дүние. Демек құдықтар да, су құбыры да осы ауылдың меншігі. Кеше әкесі мал баққан елдің балалары бүгін осы жерде мал өсіріп жатыр. Бірақ бұрынғы 80 мың қойдың жартысы да жоқ. Себебі құдықтар тоқсаныншы жылдардың топалаңында тоналған. Фермерлер бастау-бастауды қуалап, тау етегіне ығысып кеткен. Дегенмен құбыр қалған. Оны жалғау аса қиын емес. Үкіметтен көмек болмағанның өзінде, шаруалар оны ертең болмаса да, аяғынан тік тұрған күні өздері-ақ іске жаратып алар еді. Бұл кімге зиян? Қайта үкіметке жәрдем емес пе?
Қазақстан қазір ет өндірісіне басымдық беріп отыр. Президент Н.Назарбаевтың пәрменімен ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде талай бағдарлама қабылданды. Солардың бірінде мал санын көбейту үшін құдық қазуға субсидия беру жөнінде де арнайы жоба болғанын білеміз. Демек үкімет құдық қазғанға да қолдау жасайды. Ал Сөгетінің дайын тұрған су көздерін әлдекімдер тонап жатыр. Сонда бұл қалай болғаны?
Енді тонауға түскен құбырдың зардабына келейік. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, құбырдың иесі – жергілікті халық. Ал оны иесінің рұқсатынсыз қазып алу – қылмыс. Бұдан зар жылаған ауылдықтар ғана емес, үкіметтің өзі де зардап шекті. Мал санын көбейтіп, ет өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін дайын тұрған дүниеден айрылды. 
Екіншіден, мал жаятын өріске орасан зиян келді. Қазылған жер мен сол қазылған жердің топырағы түскен маң трактордың илеуіне айналған. Ол жерге енді 4-5 жыл шөп шықпайды. Кейбір жерлер қазылған күйі қалған. Ертең ол жерге мал түссе де, қараңғыда адам түссе де, арандайды. Осы жердің бәрі – фермерлердің меншігі. Олар өрісті пайдаланғаны үшін үкіметке салық төлеп отыр. Ендеше біреудің меншігіндегі жерді өзге біреудің ойрандайтын қандай қақысы бар? 
Біз қайда барарын, кімнен әділет сұрарын білмей дағдарған халықтың аманатын жеткіздік. Ары қарайғы жұмыс Амандық Ғаббасұлының міндеті деп білеміз.


Сансызбай Нұрбаба

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір