• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:18:45
Алматы
+35°

27 Наурыз, 2018 Сұхбат

Аман Ғұмаров, актер: Мұхтар Әуезовтің рөлінен қатты қорықтым

Мұхтар Әуезов сынды тұлғаны рөлін сомдау – кез келгеннің басына қона бермейтін үлкен бақ.

Аман Ғұмаров жақында көрерменге жол тартқан «Тар заман» сериалында Мұхтар Әуезовтің жастық шағын сомдаған. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында актер өз рөлінің ауыртпалығын айтты. Өнер жолындағы өзгеше тағдырынан сыр шертті. Театр, кино саласындағы әріптестерін де әңгімеге арқау етті.

- Сізге Мұхтар Әуезовтің рөлі берілгенде қандай сезімде болдыңыз?

- Біріншіден, елімізді, жерімізді бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін жан қиған ата-бабаларымызға алғыс айтқым келеді. Қаншама батырдың төгілген қаны – біздің тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызға бірден-бір себеп. Ал өздеріңізге белгілі «Тар заман» фильмі азаттық жолында арпалысқан Алаш арыстары жайында түсірілді. Сол заманда қазақ нендей күй кешті, қалай күресті, қандай зардап шекті – бәрі қамтылды. Бір айта кетерлігі, бұл – Алаш арыстары туралы Қазақстандағы тұңғыш фильм.

Ал Мұхтар Әуезовтің рөлінен қатты қорықтым. Шыны керек, әлі де қорқамын. Себебі ол кісі – бар қазақ үшін алып адам, айтулы тұлға. Бірақ қанша сескенсем де, ұлы жазушының рөлі маған бұйырғанына риза болдым. Мәртебесін де, жауапкершілігін де түсіндім. Осындай мүмкіндік берген режиссер Мұрат Бидосовқа алғысым шексіз. Мұхтар Әуезов сынды тұлғаны рөлін сомдау – кез келгеннің басына қона бермейтін үлкен бақ.

Аман Ғұмаров

- Рөлді алып шыға алдыңыз ба? Көңіліңіз толды ма?

- «Көңілім толды, рөлді алып шықтым» деп айта алмаймын. Бағаны халық бере жатар. Негізі Мұхтар Әуезовті сомдауым үшін әлі талай рөлді сахналап, бірнеше фильмге түсуім керек. Бірақ шамам келгенше тырыстым. Бойымда бар талантымды осы рөлге салдым. Халық пен жоғары интеллект иесі Мұхтар Әуезовтің арасындағы линияны табуға талпындым. Тым әсірелеп немесе тым арзандатып жіберуден аулақ болдым. Кем-кетігі болса, халықтан кешірім сұраймын...

- Бұған дейін қандай фильмдерге түстіңіз?

- Ең үлкен жобаның бірі – режиссер Асқар Ұзабаев түсірген «Сүйе білсең» сериалында жас баланың рөлінде ойнадым. Сериалдың екі маусымына да түстім. Онда бүгінгі заманның жастары, солардың өмірі, махаббаты, қалауы бейнеленеді. Халықтың көңілінен шыққан туынды болды. Бұдан бөлек, жақында ғана көрерменге жол тартқан «Класстастар» фильмінде Айдос деген баланың бейнесін сомдадым. Өздеріңізге белгілі, ол – комедия. Жалпы осы уақытқа дейін маған жас, ерке балалардың рөлі бұйырған екен.

- Қандай рөлді армандайсыз?

- Табиғатым – лирика. Дегенмен, меніңше, актер кез келген рөлге икемді болуы керек. Комедия, трагедия деп талғамай, бәрін алып шыға алатын талант қажет. Сол үшін өзім де еңбектеніп келемін. Өзімді көрсетіп, биікке бастайтын рөлдерім әлі көп.

Аман Ғұмаров

Жалпы махаббат сахнасында ерекше лирикті ойнағым келеді. Актерлік қабілетімді айшықтай түсетін психологиялық рөлдерді де сомдап, бағымды сынап көрсем деймін.

- Жаныңызға лирикаға жақын болса, өлең шығаратын қабілетіңіз бар шығар?

- Шығарамын, бірақ өзім үшін. Ақын емеспін.

- Алғаш театрда ойнадыңыз ба, әлде кинода ма?

- Театрдың орны мен үшін бөлек. Оның сахнасы, аурасы адамға ерекше дем береді. Сезе алатын жан үшін киесі бар. Өзім Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегімін. Театрадғы алғашқы қадамым – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры болды. Кейін Айгүл Иманбаева ашқан А.И. театрында жұмыс істедім. Қазір «Астана Мюзикл» театрын А.И.-мен қатар алып жүрмін. Алғаш театрға қадам бастым, театрға ғашық болдым, сүйдім, оған өмірімді арнауға бармын. Ал жалпы театр да, кино да жаныма жақын, екеуін бөліп-жармаймын.

- Өзіңіз айтқан Айгүл Иманбаева қатардағы актриса болып жүріп, жекеменшік А.И. театрын құрды. Сол секілді Азамат Сатыбалды да театр ашып алды. Сізде ондай жоспар бар ма?

- Болашақтың еншісінде. Олар жеке театрын өздерінің адал еңбегімен ашты. Қазақтың өнеріне жаны ашитын нар тұлғалар деп танимын. Неге ашпасқа? Қайта театр көбейсе, еліміздің мәдениеті артар еді.

Ал өзім театр ашам деп сізге уәде бермей-ақ қояйын. Дегенмен, жасырып қайтейін, арманым бар. Бірақ театр ашу үшін талай еңбектеніп, сол кісілердің дәрежесіне жетуім керек.

Аман Ғұмаров

- Актер өз рөліне қалай дайындалады?

- Актер өз рөліне әр секунд сайын дайындалады. Мәселен, мен сізбен сұхбаттасып отырып, өз рөлімді ойлап отырмын. Рөл – адамның киімі секілді болуы керек. «Ұйқыңнан тұр» дегенде киіміңді киіп алып, рөлге кіріп кетуің керек. Рөл адамға оңай келмейді, аспаннан түсе салмайды. Киесін түсіне білген жан жоғары деңгейде сомдайды. Әрине, өзім де кез келген рөлді алып шығуға тырысамын.

«Ромео – Джульетта» қойылымында маған берілген Меркуционың рөлі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Меркуцио менің досым да, сырласым да, мұңдасым да бола алды. Меркуциода темперамент болу керек, ол мінезді, еркіндікті қажет етеді.  Әр рөлден өзіме ұқсайтын және ұқсамайтын қасиеттерін іздеймін. Содан бір түйін жасаймын. Ал рөлге кіре алмай жатқан жағдайда аға-әпкелеріммен ақылдасамын. Табиғатқа шығып, миымды тынықтырамын, музыка тыңдап, түрлі жанрда фильмдер көремін.

- Рөл актерді тәрбиелей ме?

- Жаңа айтып өттім ғой, Меркуцио сырласым болды. Өзіме қарсы тұстарында «неге бұлай істеді, неге олай айтты?» деп ойға батамын. Әр актер өз рөлін ақтап алуы тиіс. Мен де жақсы жағынан көрсетуге тырысамын. Өзіңе тиесілі рөлдегі кейіпкердің жан дүниесін түсініп аламын. Қарсы шығатын тұстарым да көп болады.Аман Ғұмаров--Өнер үшін образыңызды өзгертуге дайынсыз ба?

- Иә, дайынмын. Бұған дейін менің шашым ұзын болған. Мұхтар Әуезовтің рөлі үшін ұзын шашымды бұйраладым. «Класстастар» фильмі үшін шашымды қидым. Қысқасы, режиссер менен қандай образ көргісі келсе, мен соған қарай иілемін.

- Актер өмірде нені құрбан етеді?

- Бір актер болған. Бір-екі сағаттан кейін театрда қойылымы бар, сол сәтте оған суық хабар келеді. Жақын бауырынан айырылған. Бірақ актер қойылымды үзбей, өз рөлін ойнап шықты. Тіпті, қайғылы халін халыққа білдірген жоқ. Жақыны өмірден өтіп кетсе де, жаназасына бара алмады. Әрине, мұндай жағдайлар болмай-ақ қойсын, дегенмен мен үшін ондай кісілер үлкен құрметке лайық.

- Өзіңіз үшін өнердің орны қандай?

- Өнер жолы жеке өміріме кедергі келтіреді. Оны жасырмаймын. Алайда шамам келгенше бәрін қамтуға тырысамын. Өнер – менің балам, менің сүйгенім, барым да, нарым да. Сол себепті бірінші орында. Атам күйші, ақын болған. БҚО-дағы Жаңақала ауданы Қызылоба ауылының тумасы. Өнер маған қаннан дарыған шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар ағам Омаров Самир ән айтуға, домбыра тартуға баулыды. Сол кісінің арқасында түрлі байқауларға қатыстым. Сөйтіп жүріп арман қуып Алматыға келдім де, өнер академиясына құжат тапсырдым. Негізі әнші боламын деп ойлағанмын, бірақ ұстазым, жетекшім Асхат Маемиров қолымнан жетектеп апарып, актер мамандығына түсірді.

- Егер қолыңызға билік тисе, өз салаңызда нені өзгертер едіңіз?

- Бір мысал айтайын, опера қазақтың төл туындысы емес. Бірақ дамыды, ауыз толтырып айтарлықтай опера әншілеріміз жеткілікті. «Ананы өзгерту керек, мынау қате» деп көңілің толмай, халыққа мұң шаққаннан гөрі әрекет еткен дұрыс. Әр адам өзін дамытса, ел де дамиды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір