• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:58:08
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2018 Әлеумет

Алимент ойран болған отбасының орнын толтыра ма?

Алимент төлеуден бас тартып, қашқын атанған әкелер бұрынғыша бейқам жүре алмайтын болды. Бірақ ойран болған отбасының орны осымен тола ма?

Сот шешімімен неке бұзылған кезде балалар бір ата-анамен қалады, ал екінші ата-ана оларға алимент төлейді. Алайда соңғы жылдары алимент төлемейтін «қашқын әкелер» көбейді. Бірі жұмыссыздығын сылтауратса, тағы бірінің сараңдығы ұстап, туған перзентіне тиісті ақшасын бермей, соңынан қанша адамды сенделтіп жүр.

Алимент төлеуден жалтарған әке, оның қолына қарап, көздері жәудіреп отырған балалар айналамызда толып жатыр.Бұл туралы заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызына сауал жолдап, пікірін сұрадық.

Оның айтуынша, алимент төлемейтін ата-аналар «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодекстің 669-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сот шешімін қасақана орындамай отырған адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 430-бабына сәйкес арыз жазып, алиментті өндіріп алуға болады.

– Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша, алиментті үш айдан аса уақыт төлемегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Қазақстан «Сот орындаушылар туралы» заңына сүйеніп, борышкердің банктегі шотын бұғаттап, Қазақстаннан шығуына тыйым салуға болады. Ол үшін сот орындаушымен тығыз жұмыс істеу керек, – дейді Кәмшат Есмұхамбетқызы.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің 139-бабында кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот шешімімен өндіріп алатын алименттің мөлшері тағайындалған.

Кейде ажырасқан ер мен әйел алимент сомасына қатысы өзара келісімге келеді. Олай болмаған жағдайда сот борышкер ата-ананы төмендегідей мөлшерде ай сайын алимент төлеуге міндеттейді: 

- Отбасыда бір бала болса, ата-ана табысының төрттен бір бөлігі төленеді;
- Екі балаға табыстың үштен бір бөлігі төленеді;
- Үш және одан да көп балаға ата-ана табысының тең жартысы өндіріледі.

Сот үкімі шыққан соң борышкерлерді сот орындаушы алимент төлеуге мәжбүрлеуді. Жеке сот орындаушы Қайрат Кеңесовтің сөзінше, борышкер үш айдан астам алимент төлемесе, оған шара қолдануға болады. Біріншіден, борышкердің өзінен қарызын өтеуі талап етіледі. Екіншіден, егер тұрақты бір жұмысы болса, қаулы шығарылып, жалақысынан қарызы алынып отырады. Егер жалақысы болмаса, өз атына тіркелген тұрғын үйі немесе көлігі тәркіленеді. Қарыз көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, шетелге шығуына уақытша тыйым салынады. Көлік жүргізу куәлігінен айыру да заңда қарастырылған.

– Заң бойынша қарызы үш айдан асқан кезде борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғауға болады. Ал борышкердің қарыз төлеуге шамасы келмесе, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 2  жылға бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек, айыппұл төлеу мен қоғамдық іске жегілу арқылы өз айыбын өтей алады, – дейді Қайрат Кеңесов.

Заңнамаға енгізілген өзгертулер нәтиже беріп жатыр. Мысалы, шетелмен тікелей байланыста жұмыс істейтін және үнемі көлікпен жүретін борышкерлер қарызын кешіктірмей төлеуге тырысады екен.

Ал жұмысы, баспанасы, есепшотында қаржысы жоқ борышкерлердің қарызы ай сайын арта береді. Борышкердің атына жылжымайтын мүлік тіркелсе немесе борышкер жұмысқа орналасса, жалақысынан ай сайын жиналған қарызы алынып отырады.

Ал Кәмшат Есмұхамбетқызы, керісінше, заңнама бар болғанымен, нәтижесі аз екенін айтады. Қанша жерден борышкерге шектеу қойылып, толыққанды іс-әрекет жасалғанымен, тиісті мөлшерде өндірілген алимент некен-саяқ.

– Бұл жағдайға ата-ана тарапынан балаға бей-жай қарап, «баланы өзі үшін туды» деген сылтау айтатындар бар. Сондықтан бүгінде алиментті өндіру өте қиын. Сот орындаушылардың құзыреті кеңейсе де, нәтиже жоқ. Сот орындаушы мен полиция бөлімшелері бірлесіп жұмыс істеуі керек», – дейді заңгер.

Сот орындаушы Қайрат Кеңесов те қажет болғанда прокуратура мен ішкі істер органдары көмектесетінін жеткізді.

Қорыта айтқанда, борышкерлерге қарыз төлетудің түрлі жолдары қарастырылған. Қашқын әкелер бұрынғыдай бейқам жүре алмайтын болды. Бірақ ойран болған отбасының орны сонымен тола ма? Ол енді мүлде басқа әңгіме.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір