• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:51:32
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019 Әдебиет

Алты бауыры шетінеп кеткен әжейдің әңгімесі: Анам әкемді сыйламапты, бұл – соның жазасы

Менде сөз жоқ тек естігенімді ішіме түйіп, өз әйелімді есіме алып Сейфулин көшесіне жете үнсіз көліктен түсіп бара жаттым...

Ақпанның ауа-райы алдамшы, бір күн бетіңнен сипаса, бір күн шекеңнен шертеді, кеше жер беті майрағайда-тайрағай болып еріп осы мен көктем шықты-ау деп едік, азанда аппақ қар бұрқасындап, қылышын сүйреген қаңтардың қысы бұрық-сарық күй кешіп алғанын өріп қалың шапанды іздей бастадық. Сары машинаны борбайлап шауып жүретін мен соңғы кезде бір жақсы әдетке көштім, үйден кәдімгі жұмысқа көлікпен кеткен адамдай  жолға шықтым, көршілерім алданады көлікпен кетті деп, екі шақырым жердегі Водник ықшам ауданына сары тұлпарды қаңтарып, қаптаған танауынан жел ескен, жүз елу теңгелік жеті адамдық тыртаңбайға мініп вокзалға тартам. Өзіңмен өзің алысып, қалың кептелісте жоғалтатын уақытыңды үнемдеуге, көшедегі ақша жазатын камерадан, ысқырығын шалып тұрған Маи қызметкерінен құтқарып, түнгі шала ұйқының қалғанын толықтырады екенсің, қандай керемет жанармайға құйған тиының да қалтаңда, солай Алматыда талтаңда...

Жетінші адам болып есік түбінде есік ашып-жапқыш бала сияқты зорға жайғастым, қытайлар жасаған қобдидай тар машина томпаңдап зулап келеді, отыра сала есің шығады, оларға қайысып тірескен кептеліс мүлде жоқ, жол шетіндегі тротуарларды тақымына қысып алып жүйтки береді, жүйтки береді, ол жердің ой шұңқырына дөң,алағы еш тимейді бетінде ұшады, қарсы бетке шығып құйындай зымырауда олардың кәнігі әдеті, жол еркесі осылар, қалаған жерден қосылып, қалаған жерден тұмсығын тығады, ол байқұстар жалға алған көліктерінің күінделікті жоспарын орындап, бала-шағасына азық апару үшін жанын шүберекке түйіп арлы-берлі тынбай безектейді....

Қалаға іліне бере жанымдағы толық денелі апа мың теңгесін шығарып жүргізуші орыс жігітінің қолына ұстатты, тұздай көзмен қиғаштай қараған ол:

-Где вы выходите?

-Балам-ау, ала берсеңші. Құлағы шабандау естісе керек.

- Где вы выходите?

-Балам-ау, ала берсеңші жол ақысы ғой.

-Апа ол кісі сізге қай жерден түсесіз деп отыр.

-А...е... қайда болушы еді, вокзалға барам.

-Жүргізуші алдына қарап тыныштала қалды.

-Жанында отырған мойнын бұра қарап, «Бүгін кеш батқанша қар жауады-ау деймін, балам».

-Апа, оны бір Алла біледі.

-Ана ауа-райын болжайтындар кеше тележәшікте солай деп жатқан.

-Олардыкі тек болжал ғана, қазір адамдар Алланың ісіне араласып алатын болған, нақ шынын Жаратушы біледі, олардың айтқаны кейде келеді, кейде мүлде басқа.

-Дұрыс айтасың балам.

-Апа мына сары жігіт сізден қатты қорқып кетті, қайта-қайта жаны шыға «Где вы выходите»,-деп безілдеп кетті, тіпті алдына қарауға шамасы келмей кетті,  осылар әйелінен қатты қорқады-ау шамасы, егер мен ақша берсем олай сұрамайтын еді.

-Иа, дұрыс айттың балам, сен бір зерделі бала екенсің, біздің қоғамның қасіреті де осы.

-Сіз шалыңыздан қорқасыз ба?

-Қорқанны несі, алдынан қия өтпеймін, қазірдің өзінде шалдың рұқсаты мен келе жатырмын.

-Неге сонша қорқасыз?

-Мен туарда шешем байқұс бір әулиенің басына барып, Жаратқаннан мені сұрапты. Менің алдымда алты баласы шетінеп кеткен екен. Әулиенің басында тұрғанда кенеттен шешем құлап, орнынан тұра алмай қалыпты, шырақшы ақсақал «сенің қандай күнәң бар, ауыр бір күнә жасап жүр екенсің», - деп кіріпігінің астына жасырынған көзін аша ашуланып қараған екен, шешем байқұс дірілдеп мен күйеуіме жиі ұрсамын, боқтаймын деп еңкілдеп жылай бастапты, міне ауыр күнә, әйелдің пірі – ол ері, ерің риза болса саған сегіз жәнаттың есігі ашық, екі дүниеде сенен бақытты жан жоқ, жыла қатты жыла күнәң төгілсін, шынайы тәубе ет, екінші бұл күнәны жысамау туралы ант іш деп сұстана айтыпты.

Міне, осы әңгімесін біз талай естідік, содан мен туып, артымнан үш інім қатар өсіпті. «Қыз бала жат жұрттық, басқа үйдің тілекшісі боласың, бірінші жарыңды жаттай сыйла, түскен босағаңды жаныңдай жақсы көр, ол үйдің бір тал қоқысы сен үшін қимас заттай болсын, сонда сен бақытты боласың»,- деп ес білгеннен миымызға құйып тастаған деп сары кемпір ағынан ақтарылды. Қазір Аллаға шүкір 9 балам бар, немере-шөбере өсіп жатыр, апа тағы бір әңгіме көшті.

«Осыдан 5 жыл алдын шалым 63-ке келді, тай сойып пайғамбар жасын үйде ерекше құрметтеп тойладық. Екі жылдың алдына мен де 63-ке келдім, шалыма қарап, балаларыма ескерттім. «Әй, кемпір пайғамбарымыз  Мұхаммед(с.ғ.у) ер адам болған, сондықтан саған бұл жасты тойлауға болмайды» деп ескертті, мен бірден өз орнымды біліп тыныш қалдым.

Бізде, отбасында шалымның айтқаны заң, ол не десе біз еш қарсы тұрмаймыз, тамақта одан бұрын қол созбаймыз, дастарханда соның ұзақ батасымен орнымыздан тұрамыз.

Менде сөз жоқ тек естігенімді ішіме түйіп, өз әйелімді есіме алып Сейфулин көшесіне жете үнсіз көліктен түсіп бара жаттым...

Нұрхалық Абыдрақын

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір