04 Ақпан, 2018
Алматылық жігіт қыздар арасындағы сұлулық байқауының финалына өтті (фото)
Қазақстандықтардың басым көпшілігі жігіттің бұл әрекетін қолдаған көрінеді
Алматылық жігіт қыздар арасындағы Miss Virtual Kazakhstan - 2018 сұлулық байқауына қатысып, финалға жетті. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Спутник Қазақстан мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Оқиғаның басты кейіпкері – 22 жастағы жігіт. Илай Дягилев байқауға өзінің суреттерін жіберген. Жас жігіттің Шымкенттік ару Арина Алиеваның образындағы суреттері көптеген қазақстандықтардың көңілінен шыққан. Сол арқылы ол финалға өткен.
«Достарымның арасында сұлулық жайлы дау болды. Сол кезде мен осы байқауға қатысамын деп шештім. Өзім табиғи сұлулықты жақтайтындардың қатарынанмын. Бүгінде қыздардың басым көпшілігі бірдей боянады, бірдей киінеді және өздерін сән қуып жүріп сұлу санайды. Ал мен олай ойламаймын»,- дейді Илай Дягилев.
«Барлығы шектен шығып кеткендіктен, финалға жеткен кезде Арина Алиеваның образын ашуды жөн санадым. Бастапқыда Қазақстан бойынша бұл байқауға төрт мың өтініш түскен, соның ішінде мен финалға өттім»,- дейді оқиғаның кейіпкері.
Қазақстандықтардың басым көпшілігі жігіттің бұл әрекетін қолдаған көрінеді.
"Мен қыздардың бейнесіне еніп, адамдарды алдауға шақырмаймын. Мен тек әр адамның өзіне тән шынайылығы мен жеке тұлға ретінде өзіндік болмысы болғанын қалаймын. Қоғамдағы біртекті бейнелердің көбейгеніне қарсымын",- деп аяқтады сөзін И. Дягилев.
Айта кетсек, Илай Дягилев Алматыда модель болып жұмыс істейді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір