• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 12:43:57
Алматы
+35°

22 Қараша, 2018 Әлеумет

Алматылық әйел сәбиін перзентханадан ала алмай отыр (видео)

Бала бір аптаның көлемінде жетімдер үйіне өткізілуі мүмкін

Алматылық келіншек бір айлық сәбиін перзентханадан ала алмай жүр. Дәрігерлер 
«төлқұжатың жоқ» деген желеумен баласын бермей жатыр екен. Оны бір аптаның ішінде жасатпасаң, шақалақты балалар үйіне өткіземіз деген талап қойыпты. Ал, 29 жастағы әйел 15 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келгелі әлі құжат рәсімдемегенін айтады. Бірақ, жеті жыл бұрын тұңғышын дүниеге әкелгенінде бауырыма басып, емізіп едім деп зар жылауда. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Екі көзінің жасы бір айдан бері тыйылмаған келіншек өзін Лина Ілиясовамын деп таныстырды. Тамағына тұрған өксігіне тұншығып, әрең сөйледі. №3 перзентхананың есігін торауылдап, сәбиіне жасанды сүтті күнде тасимын дейді. Өйткені, отыз күн бұрын босанған келіншек баласын бір апта ғана емізіпті. Одан кейін, дәрігерлер жеке басыңды растайтын куәлігің жоқ деп шығарып жіберіпті. Ал, қызыңды құжатың рәсімделген соң береміз деген. 

“Мен ақылы палатада жаттым. 205 мыңды қолдарына санап бердім. Түбіртегі бәрі өздерінде. Жылай-жылай жасым таусылды. Дәрігерлердің кесірінен сүтім тартылып кетті. Олар ақша аларда құжат сұрамай, баламмен үйге шығарда неге құжатымды сұрап отыр?” – дейді қала тұрғыны Лина Ілиясова.

Сөйтсе, 29 жастағы Лина Ілиясова отбасымен Өзбекстаннан 15 жыл бұрын көшіп келіпті. Мектепті де осында оқыған. Қолында Туу туралы куәлігі ғана бар. Әке-шешесі маскүнемдікке салынып, жоқ болып кетіпті. Ал өзі Қазақстан азаматтығын алмаған. Өзбекстан азаматтығында бар-жоғын да білмейді екен. Сондықтан, жеке куәлік жасатарда көші-қонда біраз қиындықтар болып, сол бойы ала алмаған. Еш жерде тіркеуі де жоқ екен. Кесірінен білім алмаған. Некесі де қиылмаған. Алайда, бірінші баламды құжатсыз-ақ иіскеп, оған құжат та алдым дейді.  

“Мен қызымнан бас тартып тұрғаным жоқ. Менің тағы үлкен ұлым бар. Жасы 8-де. Туу туралы куәлігі бар. Менде жоқ болғанымен оған кезінде жасаттым. Мен баламнан бас тартқан жоқпын. Маған бір апта уақыт беріп отыр. Егер құжат әкелмесең, балалар үйіне өткіземіз дейді” - дейді қала тұрғыны Лина Ілиясова.

Онсыз да Көші-қонның табалдырығын тоздырған келіншек құжат жасау бір апта түгілі бір жылда бітетін тірлік емес дейді. Балалар үйіне өтіп кетсе, куәліксіз өзімнің қызым екенін дәлелдеу тіпті қиын деп отыр. Ал, №3 перзентханада акушер не геникологты таппадық. Тек заңгері рәсімделген бірде-бір құжатын көрсетпей, сәби аурушаң деп қысқа қайырды. Анасымен бірге жіберу үшін құжатын күтіп отыр екен.     

“Лина Ілиясова өзінің жеке басын растайтын құжатты әкелген уақытта ғана біз баланы бірге жібере алмаыз. Оған дейін сәби перзентханада болады. Күнде келіп, көріп тұрады. Ешкім шақалақты тартып алмайды, тек құжатын әкелсін де, баласын алып кетсін” – дейді №3 перзентхана заңгері Назар Сарлыбаев.

Босануы керек болған соң келіншекті құжатсыз-ақ қабылдауға мәжбүр болдық дейді перзентханадағылар. Тіпті, мемлекеттік мекеменің дәрігерлерінің ақылы көмек көрсетуі де заңды екен. Енді тағы бір апта күтеміз, құжаты болмаса, мемлекеттік қамқоршыларға хабарласамыз дейді. Ал, адвокаттар еліміздің Ата заңында ана мен баланы құжат үшін айыруға болатын бірде-бір бап жоқ дейді.   

Бүгін Лина Ілиясова полицейлерге арыз жазуда. Құжатын рәсімдеуге де кірісіп кетті. Бірақ, қаптаған қағазбастылықтан мұның жуық арада шешілетін түрі жоқ. Ал, перзентхананың перзентті бір айдан артық ұстауға болмайтынын ескерсек, мемлекеттік қамқоршылар балалар үйіне өткізіп жіберуі де әбден мүмкін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір