• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:34:50
Алматы
+35°

12 Ақпан, 2018 Әлеумет

Алматыдағы Ұлттық кітапхана ХХ ғасырда қалып қойған ба?

«Алматыдағы Ұлттық кітапхана ХХ ғасырдың соңында қалып қойған»

Алматыдағы Ұлттық кітапханаға бір жылда 1 милионнан астам оқырман келеді, оларға арналған 1,5 мың орындық 14 оқу залы бар. Алайда кітапхананың қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдарды жиі естіп жатамыз. Мұхтар Сеңгірбай есімді оқырман өзінің көңілі толмайтын жайттарды Facebook парақшасында жазыпты.

«Шетелде кітапханаға демалып, оңашада ойланып қайту үшін барасың. Сөреден кез келген кітапты алып, залда тұрған сканерлермен сканерлеп, үйге алғың келсе, тағы бір құрылғыға оқырман билетің мен кітаптың штрихкодын оқытып, алып кете бересің. Үйге алуға болмайтын құнды кітаптар да болады. Алған кітапты тиісті мерзімге дейін өткізу міндетті, болмаса айыппұл төлейсің. Өткізгенде де сыртта тұрған бір саңылаудан салып жібересің, тіпті жәшікке сала саласың. Кітапханаларда оңаша отырып оқитын бөлмелер, топпен бірге отырып дайындалатын залдар болады. Артық дыбыс болмау үшін барлық жерге ковролан төселеді. Тіпті жалаңаяқ жүрсең де өз еркің»,-дейді ол.

Мұхтар Сеңгірбайдың жазуынша, Алматыдағы Ұлттық кітапхана ХХ ғасырдың соңында қалып қойған, мұнда бұрынғы совет дәуіріндегідей оқырманға деген сенімсіздіктің иісі аңқып тұрады, жаңа заман технологиясы адам игілігіне жұмыс істемейтін бір жер болса – ол Ұлттық кітапхана.

«Ғылыми ізденіс барысында әдебиетті мейлінше нақты іздеу, сол тақырыпқа байланысты ең қажет деген әдебиеттерді шолып шығу өте маңызды екені белгілі. Бірақ, Ұлттық кітапханада әдебиетті іздеудің машақаты көп. Біріншіден, шетелдік түгіл жергілікті адам қай жерден нені, қалай іздеу қажеттігін, іздеген кітабын қайдан, қашан алатынын білмейді, дәлізде, залдарда ешқандай нұсқаулық жоқ. Екіншіден, әдебиет іздеуге арналған компьютерлердің біразында интернет жұмыс істемейді. Үшіншіден, іздеу жүйесі мүлде түсініксіз! Өз басым екі сөзден тұратын сөз жазсам, ештеңе таба алмадым, тек бір ғана сөзді жазсаң, жалпылама әдебиет шығады. Қаптаған түсініксіз қысқарған сөздер, кітапханашыларға арналған терминдер. Іздеу барысында кітапты алу-алмау мәселесін шешу үшін оның мазмұнын шолып шығу керек. Ал толығырақ мәліметке бассаң, тағы қысқарған сөздер, кітаптың бет саны, көлемі (сантиметрмен өлшенген) шығады, басқа ештеңе жоқ. «Амалсыз осы болады-ау» дегендерге электронды түрде тапсырыс бересің (Артынан көп тапсырыс бергеніңе өкінесің).

«Ғылыми зал» деп белгілесеңіз, кітаптарыңыз ғылыми залға келе қалады деп дәмеленбеңіз. Газет-журналдар мерзімді басылымдар залына» баратынын кітапханашы ескерткен соң, алдымен соларды тез бітірейін деп ойладым. 4 тапсырыстың біреуі ғана келіпті. Кітапханашы кіреберісте берген тілдей қағазға қанша подшивка алғанымды белгілеп, өзінің журналына да белгі соғып, оқырман билетімді алып қалды. Билетті қайтарып алмайынша, басқа залдардағы кітаптарды ала алмайсың», - деп қынжылады ол.

Оның сөзінше, кітапхана қызметіндегі бас қатырарлық басты проблема – тапсырысты бір сағат күту. Тапсырыстың келетініне  де кепілдік жоқ.

«Біздің кітапханалар адамды ғылымнан жеріту үшін жұмыс істейтін сияқты. Жаппай сенімсіздік, әр келушіге сұғанақ ұры ретінде қарау психологиясы қалыптасқан. Қызметкерлер, басшылық басқа кітапханалардың жүйесімен таныс болар бәлкім. Технологиялық мүмкіндіктерді дамыту қаржыға келіп тірелетіні және белгілі. Бірақ, бір ғана менің басымдағы бір күн ішінде болған оқиға “Ұлттық" деген аты бар кітапхана үшін ұят. Әлде, бұл да Қазақстандағы ғылымға деген жалпы көзқарастың бір белгісі ме?», - дейді Мұхтар Сеңгірбай.

Осы орайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ұлттық кітапхана басшылығына хабарласып, аталмыш шағымға байланысты ойын сұрады.

Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Бақытжамал Қайырбекқызының айтуынша, кітапханада оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, оқырмандармен жұмыс істейтін арнайы қызметкерлер бар.

- Ашық қор арқылы кез келген мәліметті табуға болады. Оқырман бірінші рет келгенде тіркеуден өтіп, оқырман билетін алады. Қай залда қандай мәлімет бар екені айтылады, сонымен бірге анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетіледі. 2-қабатта каталог жүйесі арқылы ақпараттанып, дәстүрлі каталог мен электоронды каталогтың кез келгенін қолданасыз. Бір емес, бірнеше кезекші бар. Олар оқырманға кітап немесе мерзімді басылым керек болған жағдайда көмектеседі», - дейді Бақытжамал Қайырбекқызы.

«Кейбір компьютерлер интернетке қосылмаған», - деген оқырманның сөзін кітапханашы теріске шығарды. Бақытжамал Қайырбекқызы арнайы анықтамалық-библиографиялық қызмет бөліміндегі барлық компьютерде интернет барын айтады. Тапсырыс беру жағынан да еш қиындық жоқ екен.

- Кітап сақтау бөлімінде жатса, қызметкерлер оны ары кетсе 5-10 минутта әкеп береді. Қорда болса, бірден оқырманға табысталады», - дейді Ұлттық кітапхана директорының орынбасары.

Назерке МҰСА

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір