• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:01:40
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2019

Алматыдағы алып тиіннің тағдыры сәуірде шешіледі

Бұл жолы мүсін қала ортасында орналасқандықтан, автор оны өртемеймін деп шешіпті.

Алматыдағы алып тиіннің тағдыры сәуір айында шешілетін болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Биіктігі 4 қабатты үймен бірдей тиінді жасауға 15 тонна темір мен болат, 3 тонна ағаш және 3 тонна сабан жұмсалған. Жоба авторы – британдық суретші Алекс Ринслер өзінің мұндай өнер туындыларын уақыты келгенде өртеп жібереді екен. Бұл жолы мүсін қала ортасында орналасқандықтан, автор оны өртемеймін деп шешіпті. Арт-нысанды бұзбауы да мүмкін. Тек бет-бейнесін ғана өзгертіп, орнында қалдыруы ғажап емес. Ал Наурыз мерекесіне орай тиін жаңа кейіпке еніп, түрленбек.  

Басында тақиясы, ал қолында раушан гүлі бар алып тиіннің маңайында 22 наурыз күні алматылықтар мен қала қонақтары наурыз мерекесін тойламақ. Ал арт-нысанның ендігі тағдыры сәуір айында белгілі болмақ.

Телеарнаның мәліметінше, Наурыз мерекесінде алып тиіннің жанында түрлі жәрмеңкелер мен шеберлік сыныптары өтеді. Сондай-ақ, қала тұрғындары ұлттық тағамдардан дәм татып, кешкі сағат 9-да арнайы отшашуды тамашалай алады. 

Атышулы арт-нысанның бүгінгі бейнесі осындай. Кей жерлерінің сабаны түсіп, тесіліп қалған тұстары да анық көрініп тұр. Алғашында 9 ай ғана тұрады деген мүсіннің Атакент көрме орталығында тұрғанына 8 айға жуықтады. Алып тиіннің әбден кірлегенін тұрғындар да байқаған.

«Тиінді тазалап алған дұрыс шығар. Ең болмаса, мереке күндеріне қарсы тазалау қажет қой», «Суретіне қарағанда біршама ескілеу көрінеді екен. Бірақ сонда да әдемі, қалаға көрік беріп тұр», «Кірін тазалап алса, келушілердің көз қуанышына айналар еді...», – десті алып тиін маңында серуендеп жүрген қала тұрғындары.

Көптің көзі үйреніп қалды ма, көбісі тиінді алып тастауға қимайды. Тек тазалап қойса деген тілектері бар. Ал Алеся Нугаева мүсінді сабаннан жасаудағы бастапқы мақсат – қаланың экологиялық ахуалын көрсету еді дейді.  

«Суретшінің мақсаты – арт-нысанды сабаннан жасау арқылы қаламыздағы экологиялық жағдайды, ауаның қаншалықты лас екенін көрсету еді. Өздеріңіз де көріп тұрғандай, қоршаған ортаның әсерінен тиіннің қалай өзгергенін аңғаруға болады», – деді «Nowryz Рarty» фестивалінің жетекшісі Алеся НУГАЕВА.

«Тиін аз уақыт ішінде көпшіліктің сүйікті мүсініне айналып үлгерді. Оның айналасының өзі жаңа кейіпке еніп, халық көп жиналатын орынға айналды. Біз бұл жердің бұдан кейін де тұрғындардың демалатын орны болып қалғанын қалаймыз», – дейді Алеся Нугаева. 

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір