• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:23:08
Алматы
+35°

17 Тамыз, 2018 Аймақтар

Алматыда үшінші жыл қатарынан «Көктөбе Opera - 2018» фестивалі өтеді

Биыл 3-ші жыл ұйымдастырылып отырған фестиваль екі күн қатарынан – 25-26 тамыз күндері ұйымдастырылмақ

Алматыда мегаполис халқы үшін дәстүрлі мәдени шаралардың біріне айналып үлгерген «Көктөбе Opera - 2018» фестивалі өтеді. Биыл 3-ші жыл ұйымдастырылып отырған фестиваль екі күн қатарынан – 25-26 тамыз күндері ұйымдастырылмақ.  

Фестивальді ұйымдастырушы Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының хабарлауынша, опера жанрының талғампаз тыңдарманы бұл жолы кештің басты қонағы Винченцо Костанцаның өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ, классикалық ән мерекесінде симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының танымал солистері мен опера жұлдыздары әлемнің ең үздік композиторларының туындыларын орындайды.

«Биылғы фестиваль қала күніне тарту ретінде арнайы ұйымдастырылып отыр. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев», дейді ұйымдастырушы Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы.

Еске сала кетейік, «Көктөбе Opera» фестивалі алғаш Алматыда 2016 жылы әсем қаланың 1000 жылдығына орай шымылдығын ашқан болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан фестиваль өнер шыңы – опера тыңдарманының сүйікті мерекесіне айналды.

Нақтырақ айтқанда, алматылықтар мен қала қонақтары Лиссабондағы «Сан-Карлуш», Модендегі Лучано Паваротти, Неапольдағы «Сан Карло» театрларының солисі Алехандро Рой, Винченцо Костанца сынды саңлақтардың өнеріне тәнті болған. Сонымен қатар, фестивальда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Оксана Давыденко, Дана Таласбекова, Қайрат Өмірбеков, Венера Алпысбаева, Александр Сметанин, Эмиль Сакавов және Елена Никонова сынды  халықаралық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетіп келеді.

Биылғы кеште де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әйгілі солистері негізгі композицияларды орындайы.

Дирижер Алан Бөрібаев классикалық музыка мерекесіне қатысты БАҚ-қа берген сұхбатында Көктөбеде өткізіліп келе жатқан фестиваль көрерменге дүниежүзілік деңгейдегі өнер ордаларының шығармашылығын жақын таныстырады деген болатын.

«Мен бірқатар мемлекетте табиғат аясында өткізілген концерттерде дирижерлік еттім. Тынық мұхитының жағалауында Австралияда өткен сондай бір керемет концерт әлі есімде. Көктөбедегі фестиваль тыңдарманға  дүниежүзілік деңгейдегі өнер ордасының шығармашылығын жақын таныстырады», – деді Алан Бөрібаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір