• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:33:42
Алматы
+35°

25 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

Алматыда «Ұлттық терминжасам ұстанымдары: теория және практика» тақырыбында семинар-кеңес өтті

Өз баяндамасын Өмірзақ Айтбайұлы «Өз тілімізге өзіміз ие болып, заңдылықтарын өзіміз жасауымыз керек», - деп қорытындылады.

2018 жылдың 21 қыркүйегінде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  ұйымдастыруымен «Ғылым ордасының» мәжіліс залында «Ұлттық термин-жасам ұстанымдары: теория және практика» атты семинар-кеңес өтті.

Терминжасам

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек»,–деген көрегенділікпен айтқан нұсқауы семинар-кеңестің негізгі ұстанымы болды.

Семинар-кеңеске салалық терминологиялық секциялардың мүшелері, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, жас ғалымдар және  БАҚ өкілдері қатысты.

Әртүрлі сала мамандары мен тілші-терминолог ғалымдар жиналған семинар-кеңесті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ерден Задаұлы Қажыбек кіріспе сөзбен ашып, «Салалық терминологиялық секциялардың қызметі туралы» бас баяндама жасады.

Аталған семинар-кеңесте бас баяндамадан кейін сөз кезегі қазақ терминінің негізін қалаушылардың бірі, көп жылдар институттың терминология бөлімін басқарған, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Өмірзақ Айтбайұлына берілді. Академик «Қазақ терминологиясының қалыптасуы, дамуы және қазіргі мәселелері» атты баяндама жасады. Өз баяндамасын Өмірзақ Айтбайұлы «Өз тілімізге өзіміз ие болып, заңдылықтарын өзіміз жасауымыз керек», - деп қорытындылады.

Сондай-ақ, институттың бас ғылыми, жетекші ғылыми қызметкерлері, филология ғылымдарының доктор, профессорлары баяндамалар жасап, өз ұсыныстарын талқыға салды. Атап айтқанда, терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек «Салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын жасау тәжірибесі», Ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысберген «Ономастикалық атауларды латын графикасына көшірудің ведомствоаралық үйлестіру іс-шаралары», Грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева «Шеттілдік сөздерді таңбалаудағы ұстанымдар: ХХ ғасырдың басы және қазіргі кезең», филология ғылымдарының кандидаттары Бауыржан Жонкешов «Терминжасам үдерісіндегі баламалылық пен бейбаламалылық құбылысы», Айгүл Досмайылова «Терминдерге қойылатын негізгі талаптар мен дефинитивтілік принциптің маңыздылығы» сынды тақырыптарда баяндамалар жасады.

терминжасам

Басқосуға шақырылған салалық мамандар: Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Бейбіт Исхан «Ұлттық әліпби – шеттілдік сөздерді игерудің негізі», Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу институты, Қазақ және орыс тілдері кафдрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Алмас Үдербаев «Геологиялық терминдердің оқу сөздігін түзудегі кейбір мәселелер» атты баяндамаларын оқып, слайдтар көрсетті.

Семинар-кеңеске белсене қатысқандарға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сертификаттары берілді.

Семинар-кеңеске қатысушылар өз ой-пікірлерін білдірді, бірқатар ұсыныстарын айтты, соңында қарар  қабылданды.

М.А.Ілияс

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір