• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 06:17:33
Алматы
+35°

15 Мамыр, 2018 Аймақтар

Алматыда профессор Әбдірахман Омбаевтың кітап-альбомы жарық көрді

Монография Қазақстанда кең танымал қой тұқымы – қаракөл және қазақтың құйрықты қаракөл қойының дамуына арналған

Алматыдағы «Полиграфкомбинат» баспасынан Қазақ мал шаруашы­лығы және мал азығы өндірісі ғылы­ми-зерттеу институтының бас дирек­торы, Қазақстан Ұлттық Ғылым ака­де­миясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевтың орыс тіліндегі «Смушковое овце­водство» («Елтірі қой шаруашылығы») атты көлемі 305 беттен тұратын кітап-альбомы түрлі-түсті суреттері­мен жарық көрді.

Монография Қазақстанда кең танымал қой тұқымы – қаракөл және қазақтың құйрықты қаракөл қойының дамуына арналған. Автордың 47 жыл бойы өндірістік және ғылыми жұмыстары нәтижесінде жинақтаған еңбегі отандық қой шаруашылығын дамытуға бағытталған іргелі жоба болып табылады.

Бұдан 35 жыл бұрын, кеңестік кезеңде шық­қан «Қаракөл қойының қозыларын сұрыптау және тауарлық бағалау» атты жалғыз альбо­мынан кейін отандық қой шаруашылығында қаракөл қой тұқымын селекциялық-асылдан­дыру жұмыстарының жаңа бағыттары мен кезеңдері қалыптасып, оларды ғылыми жүйелеу қажеттілігі туды. Араға ұзақ уақыт салып жарық көрген Әбдірахман Омбаевтың «Елтірі қой шаруашылығы» еңбегі елтірі қой шаруашы­лығының жаңа деңгейге көтерілуімен сипатта­лады. 1998 жылы қазақтың қайталанбас құйрықты қаракөл қойы шығарылып, қаракөл шикізатын сұрыптауда жаңа ішкітұқымдық және зауыттық түрлері  дамыды.

Қаракөл қойы қозысының елтірісі өте бағалы болып саналады. Оның неше түрлі гүл тәріздес құлпырған түстері табиғат жаратылы­сының ерекше құбылысы болса керек. Еліміздің жеңіл өнеркәсібі ғана емес, дүние жүзінің елде­рінде қаракөл қойы қозысының елтірісі бұрын да, қазір де жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Кезінде елтіріге деген сұранысты толық қамта­ма­сыз ете алмағандықтан матаға қылшық жапсы­рып, жасанды елтірі жасағанмен, оның табиғи жылтыр қасиеті мен сапасы төмен болған еді.

Қылшық жүнді қой тұқымдарының ішіндегі қаракөл қойы еліміздің шөл және жартылай шөлейтті аймақтарының қатаң ауа-райы жағдайына және жұтаң жайылымына жақсы бейімделген, өте өсімтал мал болып табылады. Кезінде ғалымның өзі қаракөл қойының жаңа зауыттық, ішкітұқымдық түрлерін және  өнімді елтірі-етті-майлы құйрықты қойының жаңа тұқымдарын шығаруға және таратуға тікелей атсалысқан болатын.

Әбдірахман Омбаевтың «Елтірі қой шаруа­шылығы» альбом-кітабында қаракөл және қазақтың құйрықты қаракөл қойының шығу тарихынан бастап, олардың биологиялық көбею әдістері, өнімділік қасиеттері, өсіру жолдары, қозыларды ендеу мен бағалау, қаракөл терісін сұрыптау және өңдеу технологиялары кеңінен сөз болады.

«Дарақ бір жерде көктейді» десек, инемен құдық қазғандай нағыз ғалым адамның ұзақ жыл бойы маңдай терін төгіп, қажымай-талмай еңбектенуі арқылы көздеген мақсатына жетуге болатынын Әбдірахман Омбаевтың өмірінен көз жеткізер едік. Өткен ғасырдың елуінші жылда­рының басында, бес жасынан малшы ауылы­ның тыныс-тіршілігіне етене араласып өскен болашақ ғалымның әкесі Молданазар Омбаев Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы­ның «Сырдария» кеңшарында ферма меңгеруші болып істеп жүргенде мектеп есігін ашпаған ұлын малшы отарларына өзімен бірге ертіп баратын болған. Ферма меңгерушісі Молданазар Омбаев Өзбекстаннан қаракөл қойын әкеліп, жергілікті қой тұқымымен будандастырып, мал тұқымын асылдандыру ісімен де айналысқан еді. Сол кезден Әбдірахман Омбаевқа қаракөл қойын өсірумен айналысатын шопандар өмірі жақсы таныс болып қалды. 1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік  институтын бітірген жас маман Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жолдамасымен Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты­ның қара түсті қаракөл қойының тұқымы мен асылдандыру бөліміне аға лаборант болып қабылданып, келесі жылы елтірі зерттеу бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауда­нындағы «Тасты» мемлекеттік асыл тұқымды мал шаруашылығы зауытында қаракөл қойын қолдан ұрықтандыру мен Шымкент қаракөл зауытында әр түрлі түсті қаракөл елтірісін технологиялық сұрыптау жұмыстарына қатысып, институт лабораториясында елтірі талшық­тарының пайда болуы мен морфоло­гиялық құрылысына, қаракөл қойы қозылары­ның елтірі сапасына дендеп ықылас қояды. Осы жылдары еліміздің ауыл шаруашылығында кенже дамыған қаракөл қойын өркендетуде маңызды салаға өмірін арнаған ғылымдардың сапында өзінің алдағы мақсатын айқындап алған еді. 1973 жылы Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына жолда­ма­мен жіберілгенде мал шаруашылығы сала­сында еңбек ететін маман ретінде қалыптасып үлгереді. 1976 жылы осы жоғары оқу орнының аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, өзінің еңбек жолын бастаған жас маман Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында  2011 жылға дейін кіші және аға ғылыми қызмет­кер, лаборатория мен бөлім меңгерушісі, дирек­тордың ғылым жөніндегі орынбасары, институт директоры болып еңбек етеді. Институт дирек­торы болып 18 жыл бойы табан аудармай еңбек ете жүріп, өмірлік аса бағалы ғылыми және әкімшілік салада бай тәжірибе жинақтайды. Қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының негізінде Әбдірахман Молдана­зар­ұлы Омбаевтың тікелей бастамасымен Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылып, көрнекті ғалымның жетекшілігімен саланы іргелі зерттеу мақсатында бай ғылыми материалдар жинақталады.

Әбекең кешегі кеңестік жүйе ыдыраған ел тәуелсіздігінің алғашқы 1992–1994 жылдары негізгі саласы төрт түлік мал, оның ішінде қара­көл қой шаруашылығы болып табылатын Оңтүстік өлкесінің шалғайындағы Созақ ауданына алғашқы әкім болып барғанда да басшылық қызметі өзінің ғылыми жұмысымен де тікелей байланысты болған еді. Өтпелі күрделі кезеңде аудан экономикасын арттыруға, елдің ынтымақ-бірлігін сақтауға бар күш-жігері мен білім-қабілетін жұмсады. Ширек ғасыр бойы суы тартылған Шу өзенінің арнасына қайта келіп, аудан халқының қуанышқа кенелуі – тікелей Әбдірахман Омбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы еді. Жаппай жекешелендіру белең алған кезде де аудан басшысы бей-берекет талан-таражға жол берместен аудандағы он кеңшар­дың мал-мүлкі мен техникасын шашау шығар­май сақтап тұрды. Созақтың халқы іскерлік қабілеті мен адамгершілік қасиеті қатар таныл­ған ғалым-әкімнің өнегелі ісін әлі күнге ұмытпай айтып жүреді.

Көрнекті ғалым Әбдірахман Омбаев қаракөл қойының қозылары мен аналық малдың, қозының әр түрлі түсті елтірілері туралы көп жыл бойы жинақтаған ғылыми тұжырым мен түрлі-түсті суреттердің негізінде Қазақстанның эколо­гиялық-табиғи аймақтарында жүзеге асқан қаракөл қозысы елтірісін зерттеу барысындағы ғылым мен оқу-тәжірибелік бағытқа арналған ғылыми зертеулердің жиынтығын монография­лық басылым – альбом-кітап етіп шығаруды көп жылдан бері мақсат етіп жүр еді. 1980 жылы «Қайнар» баспасынан «Қаракөл қойының қозыларын сұрыптау және тауарлық бағалау» бойынша альбомды шығарды. Сол кезден бері қаракөл қойын асылдандыру жоғары деңгейде өсті, қаракөл қой шаруашылығын дамытуда жаңа бағыттар пайда болды, қаракөл қойы қозысы елтірісінің түрлері мен сапасы да жақсар­ды. «Қазақ қаракөл елтірісінің» жаңа зауыттық және ішкі табиғи түрі шығарылып, өнді­ріске жолдама алды. Мал тұқымын асыл­дандыру ісінде қаракөл қойының қозыларын сұрыптау мен қаракөл-елтірісі шикізаты жүйесі­не көптеген өзгерістер енгізілді.

Профессор Әбдірахман Омбаевтың орыс тілінде жарық көрген «Елтірі қой шаруашы­лығы» альбом-кітабы қаракөл қойының қозысы мен қазақтың асыл тұқымды қаракөл қойын іріктеу, қаракөл елтірісі шикізатының стандарт­тарына кең көлемде арналып отыр.

Ғалымның кітабындағы – «Елтірі қой шаруа­шылығы», «Елтірі қой шаруашылығында селекциялық-тұқымын асылдандыру жұмыс­та­рының жүйесі», «Елтірі қаракөл қойының қозы­ларын сұрыптау», «Елтірі қой шаруашылығында технологиялық процестердің ерекшелігі», «Елтірі қаракөл қойы қозысы терісінің тауарлық қасиеті» және «Қаракөл шикізатын сұрыптау» атты  6 тараудан тұратын  ғылыми еңбек жоғары кәсіби деңгейде, жүйелі және сауатты жазылған іргелі жоба ретінде ауыл шаруашылығы маман­дары мен ауыл шаруашылығы саласының малдә­рігерлік және технологиялық факультет­терінің студенттеріне, магистранттары мен PhD-докторанттарына арналып отыр.

Әбдірахман Молданазарұлы Омбаев – еліміз ауыл шаруашылығының ішінде елтірілік және етті-майлы қой шаруашылығы саласын дамытуға ерекше еңбек сіңірген көрнекті ғалым. Осы кезге дейін 422  ғылыми еңбек, оның ішінде 2 монография мен 14 кітаптың авторы атанды. Оның тікелей жетекшілігімен 9 докторлық және 28 кандидаттық диссертация қорғалды, 57 ғылыми жаңалық пен патенттің авторлық куәлі­гіне ие болды.

Әр жылдары ақ түсті қаракөл елті­рісін алу, қаракөл қойын азықтандыру, күлгін түсті қаракөл елтірісін алудың селекциялық жұмысы үшін таңдау, қоңыр түсті қаракөл елтірі­сін алу селекциясының, ақ түсті қаракөл қойы­ның отырарлық тұқымын, қара түсті қаракөл қойының тастылық түрін, қаракөл қойының сұр және көгілдір түсті құмкенттік тұқымын алу тәсілдерінің және етті-майлы Ордабасы қой тұқымының авторы атанған. Жүндес әрі етті-майлы атыраулық қой тұқымын өсіру мен тарату ісіне де белсене араласты. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ­станның еңбек сіңірген өнертапқышы, Моңғо­лия ауыл шаруашылғы академиясының акаде­мигі, Моңғолия ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қайраткері  және Ресей Ғылым акаде­миясының шетелдік мүшесі, Қазақ Ұлттық университетінің профес­соры атақтары бар.

Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Молданазарұлы Омбаевтың жақында баспадан шыққан «Смушковое овцеводство» («Елтірі қой шаруашылығы») кітап-альбомы көрнекті ғалымның жарты ғасыр бойы ізденген ғылыми еңбегінің жүйеленген қорытынды түйіні іспеттес.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір