• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:56:27
Алматы
+35°

29 Қыркүйек, 2018 Аймақтар

Алматыда "Ермек Серкебаевтың дәуірі" атты көрме ашылды

Көрмеге сол дәуірдің жауһарына айналған тұлғалардың еңбектері мен бейне жазбалары қойылған

Алматыда «Ермек Серкебаевтың дәуірі» атты мультимедиалық көрме ашылды. Көрмеге сол дәуірдің жауһарына айналған тұлғалардың еңбектері мен бейне жазбалары қойылған. Тіпті, еш жерде жария болмаған дүниелер әншінің жеке қорынан арнайы алынып қойылған.

Аталмыш көрмені Ермек Серкебаевтың өмір жолына арнап жасаймыз деген жоспар болған екен. Алайда, уақыт өте сол дәуірде халықтың ыстық ықыласына бөленген жандардың өнер жолын да қамтуды жөн көрген. Мультимедиалық көрме жасауды осыдан 3 жыл бұрын Ермек Серкебаевтың немересі Камила мен Сана ұсынған. Көп ізденісті талап еткен көрмеден ХХ ғасырда Қазақстанның мәдениетін дамытуға үлес қосқан шығармашылық тұлғаларының тұтас қатарын көре аласыз.

«Мен бақыттымын. Менің қыздарым әкемнің өнерін өте жоғары бағалайды. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, аталарына арнап осындай шара ұйымдастырып жатыр. Менің әкемнің өмір сүрген ғасырын барлық Алматы тұрғындары көре алады», – деді Ермек Серкебаевтың ұлы Байғали Серкебаев.  

Аталмыш көрме Ермек Серкебаевтың 40 минуттық сұхбатына сүйене отырып жасалған. 8 бөлімнен тұрады. 1-ші бөлімінде аты аңызға айналған әншінің өмір кезеңдері қамтылған. Сонымен қатар, көрмені Ермек Серкебаевтың ұлы Байғали Серкебаев дыбыстаған аудиогидтің көмегімен де танысуға болады.

«Бұл көрмеден  өте көп ақпарат ала аласыздар. Себебі, мұнда әлі еш жерде жарық көрмеген тың материалдар бар. Әр зал өзіндік ерекшелікке толы. Материалдарды Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар мұрағаты, Ресейдің Мемлекеттік фильм қоры, Серкебаевтар мен Жұбановтар отбасылары ұсынған болатын», – деді көрме ұйымдастырушысы Оксана Шкрыгунова.

Мультимедиалық жоба қала күніне орай ұйымдастырылған. Жас шамасы мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, аға буын өкілдеріне дейінгі түрлі келушілерге есептелген.

«Жалпы толық қамтылған деп ойлайымын. Шарада Ермек Серкебаевтың өмірі, шығармашылығы кең мәнінде ашылған. Ұйымдастырушылардың бәрін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны көрініп тұр», – дейді көрмеге келушілердің бірі Дәулет Әбдіғаниев.

«Бүгін кештен айрықша әсерге бөленіп отырмын. Ермек Серкебаев ағамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл мультимедиалық ерекше көрме келушілердің бәріне ой салып, бір сәт тарихқа көз жүгіртуге, өнер адамының өмірінен көп нәрсені бағамдауға түрткі болғаны анық», – дейді тағы бір көрермен Алина Тұрарова.

Аталмыш көрме 25 қазанға дейін созылады. Сонымен қатар, көрмені ұйымдастырушылар Астана тұрғындарының назарына ұсынуды да жоспарлап отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір