• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:32:33
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 Әлеумет

Алматыда 9 баллдық жер сілкінісі қайталанса, 100 000-нан аса адам опат болады

Бірінші рет 1887 жылы жер сілкінісі болып 236 адамның өмірін қиып кетсе, бұл оқиға екі жылдан кейін 1889 жылы тағы қайталанған

Алматы жер сілкісінісі қаупі өте жоғары қала. Бірінші рет 1887 жылы жер сілкінісі болып 236 адамның өмірін қиып кетсе, бұл оқиға екі жылдан кейін 1889 жылы тағы қайталанған. Одан соң 1910 жылы 9 баллдық жер сілкінісі болып, 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ.

Жапон ғалымы Сэгава Сюке 2018 жылы  «Егер сол кездегі 9 баллдық жер сілкінісі бүгінгі таңда орын алар болса, Алматы қаласында 25 000 ғимарат құлап, 100 000-нан астам адам шығыны болуы мүмкін» деген болатын. Әрине, «мұндай апаттың бетін аулақ қылсын» дейміз. Бірақ қазір табиғаттың құбылуынан, техногендік апаттардың салдарынан көптеген аймақтарда төменше жағдайлар орын алып жатқаны жасырын емес. Ал біз бұлардан сабақ алып отырмыз ба? 

Мысалы, 2004 жылы Индонезияда болған жер сілкінісінен 240 мың адам зардап шекті. Ал 2008 жылы Қытайдың Cичуань аймағында болған жер сілкінісінің күштілігі соншама, 69 мың адамның қаза тапқаны белгілі болды. Бұдан соң Индонезияның Суматра аралына жақын аймақта Тынық мұхитында аралға 40 шақырым жерде үлкен жер сілкінісі болды. Оңтүстік Америка елдері – Перу, Чили елдерінде болған жер сілкіністері де, қай тұрғыдан алғанда да, зор шығындар алып келгені белгілі. Ал Жапониядағы болған жер сілкінісінің магнитудасы 8,9 болса, ошағының күші 11, 12 балға дейін жеткені бізге белгілі. Қазірде ғылыми, технологиялық тұрғыда дамыған елдердің өзі сеймикалық қауіпсіздіктері үшін алаңдап отыған тұста біздегі ахуал қандай? Не істелінуде? Қанша жерден өндіріс орындары өркениетті елдермен салыстырғанда бізде аз дегенімізбен өндіріс орындары жер сілкінісіне, қызыл су басуға дайын ба?

Еуро-8 стандартын бағындыра аламыз ба?

Міне, бірнеше күннен бері  «Қазгидромет» орталығы Қазақстанның бірқатар  аймағын су басу қаупі басым екенін айтуда. Орталық мамандарының мәліметінше, Қарағандыға Нұра өзені ернеуінен асып тұр. Ақмола облысында Есіл өзенінің суы артса, Солтүстік Қазақстанда қосымша су қорын сақтайтын қоймаларда су көлемі 40 пайызға артқан. Сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақста, Алматы  облыстарында да қар суы мен қосымша су қоры жинақталып  су басу қаупі жоғарылап тұр. Ал мұндай жағдайда  біз осы айтып келмейтін апатқа дайынбыз ба? Әсіресе елдегі статегиялықмаңызы бар нысандардың дайындығы қалай?  Бұл ретте гидрогеолог-ғалым Ғазиза Түсіпова былай деді:

«Бұл жерде бірінші кезекте сейсмикалық картаның сауатты жасалуы қай елде де асқан қажеттілік. Сейсмикалық картаның негізгі қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Бұл дегеніңіз – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстарының қалай салынуы керектігі; тұрғын үйлердің орналасуы қалай түзілу керек; қандай заңдылықтар сақталынғаны жөн; ал қауіпті аудандарда ірі кәсіпорындар салынбағаны абзал. Міне, осының барлығы сейсмикалық карталарда көрініп, сайрап жатуы керек. Негізі, сейсмикалық карталар үш түрде түзіледі. Бірінші, күллі Қазақстанның сейсмикалық картасы жасалынуы керек. Бұл картаны қазірде еуростандартқа сай етіп жасау қажеттілігі байқалып отыр. Әлемде сейсмикалық карталарға байланысты Еуро-8 деген стандарт бар. Соған бұл карта сай болуы керек. Бұдан соң екінші дәрежедегі сейсмикалық карта, бұл әр облыстың сейсмикалық картасы болуы керек. Мұндай карталарды біз ғылыми тұрғыда қазірде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарына жасап қойдық. Бірақ бұл карталар теориялық тұрғыда ғана дайын тұр, аталмыш сейсмикалық карталар әзірге тәжірибе жүзінде қолданылған жоқ. Аталған облыстардың басшылары сейсмикалық карталарды тәжірибеде қолдануға енді-енді тапсырыс бере бастады. Карталарды тәжірибеге енгізу үшін ғалымдарға әлде де болса жұмыс істеу керек».

Маманның сөзінен пайымдағанымыз, бізге алдымен сейсмикалық карталар жүйесін нықтап алуымыз қажеттігі байқалады. Себебі қазірде сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарды қойып сейсмологиялық аумаққа жатпайтын өзге аймақтарда да техногендік жер сілкіністері болып жатады. Мамандардың байыптауынша, тасқын су кезінде техногендік жер сілкіністерінің болуы тіптен күшейе түседі. Бұл ретте мамандар «Мәселен, мұнай мен газды қазір бес шақырымға дейінгі тереңдіктен алады. Ал шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жататыны даусыз. Міне, осындай бос жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи апаттар кезінде (су басу, қар көшкіні) тіптен күшейеді», - деді.

Бұқтырма мен Шүлбі де ойлантып тұр...

Жалпы, Ғазиза Түсіпованың айтуынша,  біздегі стратегиялық маңызы бар нысандардардың ағын су, тасқын алу, қар көшу тәрізді табиғи апттарға дайындығы төмен.

«Қазіргі кезде елімізде тек Қапшағайдағы су электр стансасының сейсмикалық ахуалы қандай деңгейде тұрғаны ғана кешенді түрде зерттеліп жатыр. Негізінде, мұндай жұмыстар еліміздегі барлық ірі кәсіпорындарда, стратегиялық маңызы бар нысандарда жүргізілуі керек. Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр стансалары осындай тексерулеруі тиіс. Шығыстағы Бұқтырма, Шүлбі, Тараздағы Киров, Қарағанды, Астанадағы су қоймаларының айтып келмейтін апатқа дайын екендігі нақты зерттелуі тиіс. Бұған қатысты мемлекеттік тұрғыда арнайы міндеттемелер жүктелгені абзал. Бізде Тұрғын үйлердің салыну құрылысы, кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың ара қашықтықты, техникалық регламентті сақтап салынуы күмәнді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан келешекте осындай жайттарды ескере отырып бірінші кезекте елдегі құрылыс жұмыстарының дұрыс жұмыс істеуін,  стратегиялық маңызы бар нысандардығ дұрыс салынуын қатаң бақылауға алуды ойластырғанымыз абзал. Олай етпесек, қандайда бір айтып келмейтін апаттар орын алған жағдайда сапасыз салынған құрылыстардың салдарынан қаладағы тұрғын үйлердің жартысы құлайды. Қазір қалада тұрғын үйлер бір-біріне тым жақын салынып жатыр, қанша жерден сапалы салынса да ара қашықтық ескерілуі керек», - дейді Ғазиза Түсіпова.

Қазақтың үйін неге өзбек пен қырғыз салуы керек? 

Ал экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, біз бұл арада құрылыс саласында жүрген құрылысшылардың көбі мигранттар екенін ұмытпағанымыз жөн.

«Құрылыс саласында жүрген қарапайым жұмысшылардың арасында өзбектер, қырғыздар бар. Өз елдерінде жұмыс таппай жүрген өзбектер келіп, қазаққа үй салып береді. Әрине олардың ұсынатын жұмысы арзан болғандықтан біз солардың еңбегіне жүгінеміз. Бірақ сол мигранттардың барлық талаптарды сақтап тұрғын үй салып беруі өте күмәнді. Сондықтан көп қабатты Тұрғын үй жұмыстарына, стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысын салған кезде арнайы оқыған мамандығы бар құрылысшылар легі жасақталғаны дұрыс. Қазір құрылыс саласында білімі жоқ жұмысшыларды жинап алып, ертең өкініп қалмауымыз үшін осы мәселені шешу керек», - деді Дәурен Арын.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір