• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 16:45:39
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2019 Саясат

Алматы студенттері «ЦОН-да» неге сандалып жүр?

"Бізге факультет басшылығынан мекен-жай анықтамасын өткізу туралы бұйрық келді".

Алматы қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына мекен-жай анықтамасын алу қызметіне жүгінген студенттер саны күрт артқан деген қауесет желдей есіп жүр. Мәселенің мән-жайын анықтамақ болған Азаттық тілшісі журналистік зерттеу әрі сауалнама жасаған-ды.

Алғаш болып камера нысанына іліккен студент қыз мекен-жай анықтамасын факультет басшылығы сұратқанын айтады. Бірақ оған құжаттың не үшін қажет болғанын түсіндіріп беретін адам табылмапты-мыс.

Студент қыздан мекен-жай анықтамасының қажеттілігі не үшін туындағанын қайта сұрағанда, ол «Сайлауға шығар...» деген дүдәмал жауап қайтарды. Журналистің екінші оғы (сұрақ) атылды:

- Сіздерді сайлауға дайындап жатыр ма сонда?

- Иә...

Тілші Медеу аудандық ХҚО-дан шығып, шаһардағы ең белді университетке бет алды. Университеттің бас ғимараты алдында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры – Ғалымқайыр Мұтановты жолықтырып, одан аталмыш жағдайға қатысты пікір білдіруін сұрады.

Бірақ ЖОО басшысы "Керемет" студенттер мен магистранттарға қызмет көрсету орталығының жұмыс жасап тұрғанын, студенттердің аудандық ХҚО қызметтеріне жүгінбейтінін алға тартты.

Десек те, аудандық ХҚО басшысы соңғы екі күнде аталған қызметті алу мақсатында келетін студенттердің саны күрт артқан.

"Оларға мекен-жай анықтамасының неге керек болғанын, не мақсатта сұратқанынан біз бейхабармыз. Бізге келген студенттердің дені төрт университеттен: әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Қазақ Ұлттық техникалық университеті және Тұран университеті", - дейді Медеу аудандық ХҚО басшысы Алмагүл Атағарова.

Екінші болып пікір айтуға ықылас танытқан студент жігіт өзінің мұғалім тапсырмасымен келгенін жайып салды.

"Бізге факультет басшылығынан мекен-жай анықтамасын өткізу туралы бұйрық келді. Апта соңына дейін тапсыруды міндеттеді. Не үшін екенін түсіндірген де жоқ", - дейді ҚазҰУ студенті.

Сонымен қатар, тілші әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультетіне де барды көкейтесті сауалдарын арқалап.

"Біз оны сұратқан жоқпыз, сұратпаймыз да. Бізде университет жүйесі бар. Сол жүйеде әр студенттің анкетасы орналасқан. Бізге мекен-жай анықтамасының керегі не?!" - дейді факультет деканатының қызметкері Айкөркем Әділова.

Оқу ешқашан орға итермейді, ал ұстаз ұраға жығып жүрмесін: студенттердің демократиялық құқықтарына қол сұғушылық орын алмауы тиіс.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір