• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 20:06:19
Алматы
+35°

28 Тамыз, 2017 NEWS

Алматы облысында Ұлттық ұлан регбиден жарыс өтті

Ойынның үздік ойыншысы болып, 6698 әскери бөлімінің спортшысы сержант Қаһарман Намбаев танылды

Алматы қаласының іргесіндегі Ұзынағаш кентінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 25 жылдық мерекесіне орайластырылып регбиден жарыс өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған дүбірлі доданы ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұйытқы болды. Жарысқа сегіз команда қатысты.

Регби ойыны жайлы қысқа тоқтала етсек, 2015 жылдан бері «Регби» ойыны Олимпиада ойындарының құрамына кіріп, күллі әлемде үлкен беделге ие болып тұр. Жалпы алғанда, регби ойынын мықтылардың ойыны немесе әскерилердің ойыны деп жатады. Өйткені шет мемлекеттерде әскери салада кең өркен жайған ойын. Яғни, әскери салада дамытуға қолайлы жарыс түрі. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан сабында аталған спор түрін дамыту жіті назарға алынған.

2015 жылы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен регби Ұлттық ұланда қолданбалы спорт түрінің қатарына енді. Өткен жылы тұңғыш рет регбиден Ұлттық ұланның біріншілігі болып өтті.

Доданың ашылу рәсіміне күш-қуат органдарының жетекшілері аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ республикалық спорт ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараға арнайы келген Қазақстан регби федерациясының президенті Мұрат Жұмабекұлы Уанбаевтың айтуынша, Қазақстанда регби ойыны 1966 жылдан бері ойналып, көбіне-көп студенттер қауымы арасында ойналып келеді екен. 80-ші жылдары Алматы политехникалық институтының студенттері КСРО чемпионатына да қатысып, бас жүлдені жеңіп алған екен. «Қазіргі таңда регби ойыны қарқынды даму үстінде. Әсіресе, әскери салада Ұлттық ұланның қолбасшылығы бұл ойынға үлкен мән беріп, қолданбалы спорт ретінде дамытуға күш салуда. Ұландықтар соңғы жылдары барлық әскери бөлімдерінде осы ойыннан жарыстар өткізіп, соңынан үлкен көлемдегі республикалық доданы ұйымдастырып отыр. Салауатты өмір салтын насихаттап, спорт атаулығы кең түрде көңіл бөліп отырған Ұлттық ұлан қолбасшылығына алғысымды білідіремін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы регби федерациясының төрағасы М.Уанбаев.

Жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласы 3650 әскери бөлімінің спортшылары бас жүлдені иеленіп, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кубогын иеленді. Ал екінші орыннан алматылық 7552 әскери бөлімі көрінсе, қола жүлдені Тараз қаласынан келген 5513 әскери бөлімінің регби командасы иеленді.

Ойынның үздік ойыншысы болып, 6698 әскери бөлімінің спортшысы сержант Қаһарман Намбаев танылды.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, сонымен қатар 28237 әскери бөлімінің дене шынықтыру және спорт қызметінің бастығы майор Төлеген Абдрахимовқа және ойын судьялары Бағдат Молдахметке, Таир  Микуличке қолбасшы атынан алғыс жарияланды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір