• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:00:56
Алматы
+35°

30 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Алманың суреті брендке айналып жатқанда, жемісін неге брендке айналдырмасқа?!

Қазақстан алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының шыққан мекені екенін бүткіл әлем жұртшылығы ежелден мойындаған

Атақты ағылшын физигі, математигі, астрономы, табиғи философы, алхимигі және теологы Исаак Ньютонның басына құлаған, «Ақшақар және жеті гном» атты неміс ертегісіндегі сұлуды өлтірген – алма. Яғни, бүкіләлемдік тартылыс заңын тұжырымдамастан бұрын алма ағашының көлеңкесін саялаған ғалымның басына алма құлайды. Осыдан кейін аңғарымпаз, айналасын бақылап, зерттеуге әуестенген ғалым ауырлық күшінің формуласын есептеп шығарған. Қазақ халық және әлем ертегілерінде алма туралы сюжеттер көп. Ал, «Ақшақар мен жеті гном» атты Ағайынды Гриммдер жазған ертегідегі өгей шешенің Ақшақарға алма беріп улап өлтіруі өмірдегі кейбір шынайы оқиғалармен жанасады. Себебі, тылсым күштердің адамға әсері туралы деректерде алмаға дуаның әсері күшті даритыны жайлы жазбалар кездеседі. Дініміз исламда ең ауыр күнәлардың бірі – дуалау. Одан бойды аулақ ұстаған жөн. Алайда біздің қаузайын деп отырған тақырыбымыз – алманың бүгінгі хал-ахуалы.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында алманың алғаш қазақ жерінде тамыр жайған жеміс ағашы екені айтылған. Ұлы даланың жеті қырының әрқайсысы да патриоттық сезімді оятып, туған жерге деген мақтанышты тудырады.

Қазақстан алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының шыққан мекені екенін бүткіл әлем жұртшылығы ежелден мойындаған. Себебі, Іле Алатауының баурайында пайда болған алма жемісі Жібек жолының көне бағыты арқылы Жерорта теңізіне, содан бүкіл әлемге тараған. Еліміздің оңтүстік астанасы – Алматының атауы алманың құрметіне орай қойылған.

Жамбыл ауданы Іле Алатауының бөктеріне жайғасқандықтан алма жақсы өсетін аудандардың бірі саналады. Бүгінде азайып бара жатқан апорт ағашының бұрын кейбір ауылдарда жайқалып өскенін көрген қариялар оның иісі мен тіл үйірер дәмін сағанышпен еске алады. Оны қайтадан баптап, күтімін жасауға мамандар тапшылығы кедергі келтіруде. Себебі, апорттың ата тегіне жайлы болған топырақта оның болашақта қайта гүлденуіне қажетті химиялық барлық элементтер, тыңайтқыштар бар. Бірақ обалы не керек, кейбір шаруа қожалықтар алма бағын баптауға жеткілікті күш жұмсап отыр. Мәселен: «Сейдахмет», «Гүлден», «Ербол», «Мұсабай», «Горный апорт», «Шындәулет», «Демер», «Ранай» шаруа қожалықтары алма мен алмұрт ағаштарынан тонналап жеміс алып, ауданның экономикасын дамытуға үлес қосуда.

Самсы ауылдық округінде 1999 жылы ашылған «Ербол» шаруа қожалығында 7 гектар егістік жерге апорт көшеттері отырғызылған. 1600 түп апорттан болашақта үлкен алма бағының жайқалып өсуі күтілуде. Барлығы 10 адамды жұмыспен қамтыған қожалық басшысы – Самсы ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы институтының түлегі, инженер-механик Берікбай Молдабеков деген азамат. Жойылуға шақ қалған апортқа көңіл бөліп жүрген жерлесіміздің кәсібіне толағай табыс тілейміз.

Былтыр Астананың 20 жылдық мерейтойында ауданнан 30 мың келі алма Елордада өткен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне жөнелтілді. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерінің бірі болып есептеледі.

Қазір базарға барып, жергілікті алма қайсы, импорт алма қайсы айыра алмай әуре сарсаңға түсесіз. Саудагерлер көршілес күншығыс елінен әкелінген, сырты мөлдіреген, құрт түспеген алмаларды жергілікті деп сатудың амалын меңгерген. Сонымен Ұзынағаштың базарына барып, жеміс-жидек сататын саудагерлермен тілдестік:

– Біз қытайдың алмасын сатпаймыз. Алманың көпшілік сорты Есік қаласынан әкелінген. Сондай-ақ, жергілікті апорт, Золотой, Американка, Лимонка, Пеструшка, Салтанат, Іле, Алатау шапағы, Алматы сияқты түрлері сатылымға қойылады, - дейді.

Хош, сендік делік. Әйгілі ән жолдарындағыдай:

"Ендігісін айтпайын,

Ішің білсін, алу-ай" деп іштен тынып базардан жөнеп кеттік.

Үйге келіп, алманың пайдасы деген сөз тіркесін ғаламтордың «гугл» іздеу жүйесіне енгізіп, оның химиялық құрамы, қанша дертке дауасы барын оқыдым. Мәліметтер самсап тұр. Алманың ағзаға тигізер пайдасын ата-бабамыз біліп, қадір тұтқанын Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабындағы мына деректер дәлелдейді: «Алманың ол кездегісі де құлжа екен. Құлжа – күздік алма. Алма атаулыда бұдан дәмді алмалар бар десе мен сенемін, ал бұдан хош иісті алма бар дегенге көнбеймін. Алма атамыз алманың құлжа, жазбақ, тасалма, саржұрт, қызылтаң, сарсағым, түйедақ, айбақ, күнбақ, шыбыр, шидем, шөңке, түрен, мөңке деген түрлерін өсірген. Олардың әрқайсысының гүлдейтін, шеруендейтін кездерін сапырып айтып отырады екен. Саржұрт деген алманың сарауруға ем болатынын, алманың адамның денесін, сүйегін қатайтуға зор әсері болатынын, алма жеп өскен баланың  басқалардан бойының сұңғақ болатынын айтып, әр жемістің қасиетін тарататын болған» деген.

Жоғарыда айтқанымыздай 7500-ден астам сұрпы өсірілетін алманың тарихи Отаны – Қазақстан. Сондықтан «қолда бардың қадірін жоғалтпай» жойылуға шақ қалған апорт ағаштарын кейінгі ұрпаққа жеткізу, көшеттерін көбейту Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы міндетті тапсырмалардың бірі деп білеміз.

Сақтардан аманат болып қалған ұлттық сусынымыз қымызды немістер, қазыны француздардың патенттеп алғандай алманың да бір күні қолды болмасына кім кепіл береді. Жетісу жерінің байырғы жемісі алманы бренд жасап, экспортқа шығарсақ, нұр үстіне нұр. Американың «Apple» деген компьютер, планшет құрастыратын компаниясының эмблемасы – тістелген алма. Осындай логотиппен жасалған техниканың сапасы жоғары, бағасы қымбат. Себебі ол – бренд. "Алманың суретін брендке айналдырып жатқанда, жемісін неге брендке айналдырмасқа" деген ой келеді. Әлемде 10-20 жыл аралығында өмір сүретін алманы ең көп өсіретін елдер – Қытай, АҚШ, Түркия, Польша және Италияның қатарына неге біз кірмеске? 

Тропикалық елдер цитрус жемістерін өсіріп, әлем елдеріне таратып жатыр.  3-12 жылда жеміс беретін, әр гектардан шамамен 100-300 ц өнім алынатын алманың бабын неге таппасқа? Ол үшін ауыл шаруашылығы, агроном мамандардың бей-жай қалмай, қол ұшын бергені жөн.

Майра Алдабергенова

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір