• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:52:35
Алматы
+35°

19 Шілде, 2018 Әлеумет

Әлеуметтік желі арзан атаққа үйірлер үшін "жын ойнаққа" айналды

Әдебиет – сыншысы, оқырманы ең көп күрделі өнер. Әдеби туындыны сынау оңай, жазу қиын

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің хат қоржынына жазушы Жәди Шәкенұлының "Жарнамалы жалған және желідегі желөкпелер" атты мақаласы келіп түсті. Әлеуметтік желінің бүгінде тамырын тереңге жайған қауіпті құралға айналып бара жатқан, атын шықпаса жер өртенің кебін кигендерді тілге тиек ете отырып жазған мардымды мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

Әдебиет – сыншысы, оқырманы ең көп күрделі өнер. Әдеби туындыны сынау оңай, жазу қиын. Сынауы – оңай болатыны, біреуді мінеуге аузы ауырмайтын қазақы ескі әдет әлі күнге дейін әлегін қойған жоқ, әлін құртқан жоқ. Жазу қиын дейтініміз – бақанды сынағанмен қазық жона алмайтын қазақ көп. Ала қағазды шимайлау мақтан емес, алтын зермен шығарма жазу – бейнеткердің ісі. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» келістіру көп қазақтың қолынан келмейді. Қолынан келмесе, әдебиетке қоңсы боламын демей, қара басын аман сақтау керек еді. Бірақ, ауыз әдебиеті, ауызша пәлсапасы «дамыған» шешен қазақтардың тілін кісендеуге ешкімнің шамасы жетпейді. Сәл шамырқанса: «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп бел шешпей бет жыртысуға дайын.

Қазақта: «Алла бермегенді адамнан сұрайсың ба» дейтін бір тәмсіл бар. Талант – Алладан құйылған нұрдың адам рухындағы көктемі. Көктемнің бүршігі – еңбек, жемісі – өнер. Сөйтіп, нағыз таланттылар Алланың ақ адал жолымен өзін дұрыс ұстай алса ерінбей еңбек етеді. Маңдай тер, табан еті еленіп, жұрт оны таниды. Үндемей жүріп үйдей жұмыс тындыратындары да аз емес.

Ал, тасырқаған, тайқы маңдай талаптылар тобының  көбі – арзан атаққа, өзін көрсетпекке үйір. Жарнамалы жалғанда «сақал бояғыш сарбаздар» мен оңай олжашылдар байрағын бұлғаған «бақытты күндер» туды. Ең қолайлысының атын «қолфон, ұялы тел» атаған қауымның әлеуметтік желі аталатын байланыс құралы дәурендеп-ақ тұр. Ішіне кірсең шешен де көп, көсем де көп. Әдебиет атты әлгі күрделі құбылыс осының ішінде қамырша иленіп, құртша қайнайды. «Жазмыштан озмыш жоқ» десеңде, жазғыш көп. Жазмышта бар ма, санда ма, сапада ма – өзі де білмейді, өзге де білмейді. Бұл бүгінгі күннің жайы.

Үш үйек бар – кәрілер, жастар, балалар. Бірін-бірі бойға тоғытпайды. Кәрілерді электрон заманынынан оқшау, кенде санайтын жастардың тұмсығы биік. Ал кәрілер олардың классикалық үлгіден, дәстүрден шеттігін бетке басады. Жастар жаңашылмыз деп шіренсе де, интернет, ұялы тел жүйесін жаңғақша шағатын балалар қауымы өсіп келеді. Олар «іштен оқып туады». Себебі анасы, әкесі оны бойында пайда қылған күннен бастап телефонына телміріп, ақпарат ағынын, магинттік өрісті оның қанына да, жанына да сіңіріп үлгерген. Бұлар қосылып – бүгінгі қоғамды, әлеуметтік ортаны құрайды. Әлеуметтік ортаны ойнатып отырған әлеуметтік желі.

Заман жаңарады. Газет оқыла ма, радио тыңдала ма, теледидар көріле ме?! Жауабы қанағаттанарлық емес. Ал желі – шаңы бұрқырап, шашбауы желбіреп есе берер емес. Сойы бекіп, сорпасы тасып тұр.

Бұл әсіресе арзан атаққа үйірлер үшін «жын ойнаққа» айналды. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» дейтіннің өзі. Бетіңді басасың ба, дертіңді ашасың ба – әйтеуір қан базары қайнап жатыр. Бұрқ-сарқ болған бір дүние. Шын мәнінде қашсаңда құтыла алмайтын тажалдың тақымында ойнап жүрсің!

Сонымен, сойыл ұшы нені көздеді деп шаршаған шығармыз. Мәселе әдеби шығарма және сол шығарманың оқылу ортасына ойысады. Қарға тамырлы қазақта не көп, ақын-жазушы, қаламгер көп. Қаламгерді, оның шығармасын кім таниды. Орта жұтаң, оқырман кедей. Аз таралыммен шыққан кітаптар елден аспайды, енден асамын десе де белден аса алмайды. Сөйтіп «соры қалың» кітап байқұстың күні қаран, күпісі тозыңқы. Күдігі көп, күрмеуі шешусіз. Кітабы кілттеулі, авторы күрсінулі.

Ендігі жерде жазып жүрген жастардың оп-оңай «классик» аталмағы лазым. Терді аз төгетін, өнімді көп алатын «өнер» керек. Сөйтіп, жас, жасамыс қаламгердің быразы әлеуметтік желіге аунап алды. Аз жазсада, айқайы, жарнамасы шалқып жүреді. Жұрт шығармасын оқып үлгермесе де әлгінің аты-жөнін жаттап алады. Бәленбай ақын, жазушы десең есімін біле қояды. «Есіңде қалған қай шығармасын білесің?» десең санасынан емес, қол сандығынан, жолбике дорбасынан іздейді. Желкесін тырмалап, соткасын ақтарады. Сонда біз кімді алдап жүрміз, кімге алданып жүрміз? Уһ! Күрсінудің мәні осы. Қазіргі әдебиетті арзаннан іздейтін топтың көбеюі шығарма құнына күстаналық әкеледі. Рас, саусақпен санарлық мықтылар да жарнамамен жарысып жүреді. Аты да, заты да үстем. Ол бөлек әңгіме.

Осылайша әлеуметтік желіде пайда болған желөкпелердің желі оңынан тұрғандай. Бірақ бұл уақытша алданыш.

Нағыз шығарма иесі өзгені іздемейді. Өзгелер оны іздейді. Абай, Мұхтар, Мұқағали... – ұлы көштің бойындағы қаншама талантты жұрт өзі тауып алды.

Ендеше, арзан атақ емес, қымбат еңбек – шынайы шығарма, бұршақтаған тер керек бізге. Арзандарға әуестеніп, бірімізді-біріміз мақтайтын ұсақ топтармен жүрсек кесектік кемиді. Бұдан әлеуметтік желіні пайдаланба деген қорытынды келіп шықпайды. Бұл өзі әр кім әлінше шабатын майданға ұқсайды. Бірақ арзан базарды алданыш көріп, көбік сөзбен семіріп жүріп, уақтыңыды жоғалтпа, таланттыңды тауыспа деген сөз. Ең басытсы тынымсыз еңбек, тындырымды нәтиже. Сені желінің желпуіші емес, маңдай терің қана көтереді. Мұның бәрі, әсіресе, өсіп келе жатқан өсіпірім буынға сабақ. Сабақты ұқпақ – шәкіртке сын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір