• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:11:03
Алматы
+35°

Білім гауһар –

Бағасы жоқ.

Надандық кесел –

Дауасы жоқ.

(Халық мақалы)

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтардың оқуы турасында: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақыл-санасы болған соң...», – деп жазады. Сол күн жетіп, бүгінде қазақтың баласы әлемді шарлап ғылым ізденіп жүр.

Иә, шетелде қазақтың атын танытып жүрген талай ғалымды, ғылымда дәрежесі жоғары жаңа есімдерді «Қамшы» порталы оқырманымен бірге таныды. Қазақ дейтін ұлтты шетелде танытып ғылым қуып жүрген ғалымдар сіз бен бізге елеусіз болғанымен, қазақ жастарының шетелде білім алуына қолдан келген көмегін аямай, қазақ үшін елге өлшеусіз еңбегін сіңіріп, ұлт алдында абыройлы қызметтер атқарып жүр. Солардың бірі Қытайдағы қандастарымыз арасынан қара үзіп, миллиардтар ішінен топ жарып, АҚШ-та профессорлық атақ алған, химия ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Нұршат Нұражыұлы. Ол біраз уақыт бұрын «Қамшы» порталы редакциясына келіп, өнегелі өмірі, ғылым жолындағы әсерлі әңгімесімен бөлісті.

МИЛЛИАРДТАР ЕЛІНЕН МАССАЧУСЕТС ИНСТИТУТЫНА ДЕЙІН

Нұршат Нұражыұлы Іле облысының Шапшал ауданында дүниеге келген. Ата-анасы мектепте мұғалім болған. Бастауыш мектептегі оқу үлгерімінің үздік болуына байланысты, 3-сыныпты аттап оқу арқылы, 1985 жылы 15 жасында Шапшал ауданындағы қазақ жастарының арасынан алғашқы болып Шыңжаңдағы түйінді университеттердің бірі Шыңжаң университетіне Химия мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Бір жыл тіл дайындығынан кейін, ана сүтімен бойына дарыған зеректік пен алғырлықтың арқасында, оқу нәтижесі үздік болып, Химия факультетінде қытай студенттерімен бірге оқу мүмкіндігіне ие болады. Айналасы түгел қытай студенттермен бәсекелесе білім алған Нұршат Нұражыұлы 1990 жылы университетті бітіріп, Қытай ғылым академиясы Шыңжаң Химия зерттеу институтына орналасып, мұнай зерттеуге араласады. 1995 жылы Бейжіңдегі Қытай ғылым академиясының аспиранттар институтына магистратураға оқуға түседі (chinese academy of sciences). Магистрлық зерттеу диссертациясы: Беттік актив молекулаларды мұнайды көптеп шығару және мұнаймен суды айыру жөнінде болады.  (Studies and Synthesis of Surfactants for Dewatering of Crude Oil and Enhanced Oil Recovery). 1998 жылы магистрлық ғылыми атағын сәтті қорғайды. Сол жылы Қытай ғылым академиясында докторлық оқуға қабылданады және Қытай ғылым академиясының Ланджоу Химия-физика зерттеу институтында докторлық зерттеу жұмысын жүргізеді. Осы барыста Нұршат Нұражыұлы Шыңжаң ғылым комитетінің, ғылыми жобаларға жариялаған конкурсында жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлыққа ие болады. Шынжаңдағы ең жас ғалым ретінде жобаның жауапты жетекшісі болады.  1999 жылы Қытай ғылым академиясының «Батыс шұғыласы» (Xibu Zhiguang) сыйлығымен марапатталады.  

2000 жылы, Қытай мемлекеттік шетелге шығу аламан бәйгесінде, топ ішінен озып шығып, АҚШ-та зерттеу жүргізу орайына ие болады. Нью-Йорк қаласындағы Нью-Йорк City University-нен химия докторлығы бойынша білім алып, оқуын табыспен аяқтайды (2008ж.). Докторлық оқып жүрген кезінде  ғылыми-зерттеу бағытындағы 15 мақаласы  халықаралық маңдай алды журналдарда жарық көреді. Докторлық оқуын табысты аяқтаған соң, әлемдегі ең үздік оқу орны Массачусетс технологиялық институтында 7 жыл ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады (MIT- Massachusetts Institute of Technology).

ҒАЛЫМНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Біздің қонағымыз өз сөзінде: «2014 жылдан бері бүкіл Америкадағы бес мыңдай жоғары оқу орнының ішіндегі алдыңғы қатардағы жүз университеттің бірі болып саналатын Техас технологиялық университетінің шақыруымен профессор болып қызметке барғандығын, сонымен қатар  Массачусетс технологиялық институтының құрметті ғалымы ретінде жыл сайын 1-2 айға барып зерттеулерін жалғастырып жатқандығын» - тілге тиек етті.

Нұршат Нұражыұлы қажырлылықпен еңбектеніп, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысудың арқасында, бүгінгі күнге дейін әлемдегі  импакт факторы жоғары журналдарда 60 тан астам ғылыми-зерттеу бағытындағы мақаласы жарияланды. Мақаласы жарық көрген журналдың ең жоғары импакт факторы – 29 (қазіргі h- index:18).

2005 жылы мазмұнды еңбек және ғылыми нәтижелері бойынша Rose Kfar Rose сыйлығын алады (Rose Kfar Rose Dissertation Award in excellence for thesis and graduate study (The Graduate School at CUNY). Бағалау жүйесінде A-мен, 4.0 GPA-мен тамамдайды.

2007 жылы Нұршаттың «Journal of American Chemical Society» жариялаған зерттеу мақаласы сол жылы көрілімі ең көп мақала ретінде бағаланды (Most Accessed Article). Бұл Америкада шығатын журнал химия бойынша дүниежүзінде ең жақсы журнал болып есептеледі. Және бір зерттеу мақаласы «Supramolecular Chemistry» журналы жағынан  2006 жылы көрілімі жоғары он мақаланың бірі болып саналды (Top ten most accessed articles). Тағы бір зерттеу мақаласы Германияның «Angewandte Chemie International Edition» журналының редакторлары жағынан «оқырмандардың ең сүйіп оқыған» мақаласы деп жарияланады (Hot paper).

2008 жылы Халықаралық материал зерттеу қоғамының Сан Франсиско қаласында өткен жиналысында докторлық зерттеу жұмысын бағалау конкурсында әлемнің әр елінен талданған 13 ғалымның арасында материал зерттеу жұмысы Күміс медаль алады (Silver Award from Materials Research Society, San Francisco).

2015 жылы Нано технология жөніндегі қосқан ерекше зерттеу үлесі үшін Джозеф сыйлығын алады (Joseph Wang Award 2015 from Cognizure Publisher in Excellence for Outstanding Research Work);

2016 жылы Америка химия қоғамының мұнай зерттеу саласы бойынша ғылыми сыйлығын иеленіп, Америка химия қоғамының ерекше ұсынысымен «Америка химия» жиынында лекция оқыды (ACS).  

Бірнеше жылдан бері Америкада химия өнеркәсіп-инженерлік қоғамының (AICHE) ірі халықаралық жиналыстарында техникалық секция бойынша өтетін халықаралық симпозиумдардың төрағасы;

2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Химия ғылымы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын және ғылыми жобаларды бағалап, кеңес беретін шетелдік сарапшысы;  

2016 жылдан бері Американың Ғылым министрлігінің ғылыми жобаларды бағалап кеңес беретін сарапшысы міндетін атқарып келеді (US National Science Foundation).

Бұдан сырт, «Elsevier Publisher» баспасынан шығатын «Material Science in Semiconducting Process» журналының редакторлар алқасының мүшесі ретінде жұмыс атқарады. Сонымен бірге, химия саласындағы басқа да жоғары импакт факторлы журналдарда сарапшылық қызмет атқарады.

Техас технологиялық университетінде профессордың қалауымен жасақталып, жабдықталған «Нұршат Нұражы» атындағы ғылыми-зерттеу тәжірибеханасы бар. Нұршат Нұражұлы алыс шетелде жүрсе де, өз ұлтының білім және ғылым саласына өзіндік үлес қосып келеді, бұның дәлелі ретінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен бірлесіп, қазақ балаларын өз тәжірибеханасына зерттеу жүргізуге арнайы шақырып, ғылыми жетекшілік жасап, олардың Америка құрама штаттарында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына барлық жағдайды жасап отыр.

ӘЛЕМДІК ХИМИЯ ҺӘМ ҚАЗАҚ ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫ

Жаңа энергияны зерттеп жүрмін, жасыл энергия дейміз. Күн, жел, су энергиясын пайдаланудың тәсілдерін жетілдіру. Қазір әлемде Нано химияны қолданысқа енгізу, нано технологияны пайдалану қолға алынған. Нано ғылымы табиғатта да бар, мысалы фотосинтез процесі.  Тіпті Калифорния университетінде Нано инженерия деген факультет құрылды. Нано бөлшектерден нано аспаптар, нано өнімдер өндіру химияның жаңа миссиясы. Қазіргі химия мен нано химияны салыстыра алмаймыз. Нано ғылымының мойнына жүктеген міндеті орасан. Оған Өнімділігі жоғары энергия, Ғарышты игеру, Медицинаны дамыту сияқты үлкен мақсаттар кіреді. Бұл тұрғыдан қазақтың ғылымы кенжелеп тұр.

БАСТЫ МҰРАТЫ – ҚАЙДА БОЛСА ДА ҚАЗАҚТЫҢ КӘДЕСІНЕ ЖАРАУ

2011 жылы Полимериал материал зерттеу институтының (жеке институт) директоры және Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі Техникалық зерттеу орталығының директоры, профессор Сарқыт Құдайбергеновтың шақыруымен алғаш рет Қазақстанға келген Нұршат Семейге, Абай атамыздың туған ауданын көріп, Жидебайды аралап қайтады. Содан бері жыл сайын Назарбаев университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ-Британ технологиялық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қатарлы Қазақстанның маңдай алды жоғары орындарының арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісіп, кеңес береді. Қазақстандық ғалымдармен бірлескен ірі ғылыми жобаларды жазып, жүзеге асыруда.

Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ-Британ технологиялық университеті бірлескеннен кейін, қара бастың қамы емес, ел мүддесін көбірек ойлайтын ғалым аталған университеттер мен Техас технологиялық университеті арасындағы ынтымақтастық маңызды келісімшарттың орнауына тікелей басшылық жасап, қазақ жастарының, ғалымдардың Америкадағы білім жүйесімен танысуына, біліктіліктерін арттыруына дәнекерлік рөл атқаруда. Өзі Қазақстанда тумаса да, Қазақстанның гүлденіп, әлемдік бәсекеге қабілетті ел болғанын қалайтын ғалым қазірге дейін онға жуық қазақ студенттердің шетелдік жетекшісі болып, ол докторанттарды өз тәжірибеханасында шынықтырып, зерттеу жұмыстарына нұсқау беріп, жол көрсетуде. Бұдан сырт, ол Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ұсынысы бойынша келіп, мұнай химия бойынша магистр тәрбиелеудің  екі жылдық бағдарламасын құруына атсалысты. Бұл бағдарламада Америкада университетте сабақты қалай жобалау, қандай сабақтар оқу керек екендігі жөнінде өзінің сарапшылық пікірін жазып берді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне химия мамандығы бойынша баклавр тәрбиелеу жөнінде құнды пікірін жазып қалдырды.

Әрине, ғалымға да «Қазақстанға келіп, еңбек етіңіз» дейтін ұсыныстар мемлекеттік ұйымдар тарапынан да жиі түседі. Қазіргі жағдайда Қазақстанға келіп алу ұтымды емес, бұның себебін Нұршат Нұражыұлы былай түсіндірді: «Қазақстанда да маған жеткілікті жалақы төленетін ұсыныстар көп, алайда  менің ғылыми-зерттеу жұмысымды жүргізетін база кемшіл. Мен үшін ғылымда тіпті де биік белестерді бағындыру үшін, маған Америкадағыдай жақсы, сапалы, материалдық жағынан толық жабдықталған тәжірибехана керек. Ғылымы дамыған Америкада тұрып, Қазақстан үшін үлес қосудың маңызы тіпті де зор.

Ойымызды қорытындыласақ, «Қараңыздар, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия сияқты елдер өздерінің идеялары мен технологияларын шебер орындауының, өздерінің тиянақтылығы мен еңбегінің арқасында табыстарға жетіп отыр» дейді бір сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Рас, біз ширек ғасырлық Қазақстан тарихында технологиялық державаға толыққанды айнала алмадық, ғылыми базасын қалыптастырып үлгермедік. Бірақ, бұл табысқа жете алмаймыз деген сөз емес.

Арғы аталары елге танымал, ел басқарған болыс, дәулетті адамдар болған, бергі әкелері қазақтан шыққан облысқа танымал ағартушы, әкім, ағалары Іле облысы ғана емес, Шынжаңға танымал білікті жас дәрігер болған, асылдың сынығы, өз ұлтына деген көзқарасы мен ұстанымы анық біздің Нұршат Нұражыұлы сияқты ғалымдарымыз бар да, қазақтың ғылымы да кемелдене түсетініне сеніміміз мол. 

Қамшыгер: Нұрғали Нұртай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір