• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:11:31
Алматы
+35°

28 Ақпан, 2019 Денсаулық

Әлем экономикасына қауіп төндіріп тұрған емі жоқ дерт – депрессия

Әлемде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулармен қатар кеңінен тараған сырқат - депрессия, яғни, күйзеліс.

Әлемде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулармен қатар кеңінен тараған сырқат - депрессия, яғни, күйзеліс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, бүгінгі таңда аталмыш дерттен кем дегенде 350 млн адам зардап шегеді.

Күйзелістен бір ғана АҚШ-тың көретін шығыны жылына 200 млрд доллардан асып түседі. Ал ғаламдық шығын триллион долларға жетіп жығылады.

Депрессия — адам психикасының бұзылуы. Ол адамның қорғалақтап, өзін жазықты сезінуінен, себепсіз үрейге бой алдыруынан, мазасыздықтан, т.б. жағымсыз көңіл күйден білінеді. Сондай-ақ, адамның әлденеден қанағат алу қабілетінен айырылуынан немесе апатиядан, яғни, қандай да бір төңірегінде болып жатқан оқиғаларға селт етпеуінен, не қайғырып, не қуанып, эмоциясын білдірмеуінен де білінеді. Яғни, дел-сал, сүлесоқ, меңіреу адамның күйін кешеді.

Күйзеліске бой алдырған адамның бір нәрсеге назар аударуы, ерік-жігерін жұмылдыруы да қиын. Бұл дертке адам себепсізден себепсіз ұшырауы мүмкін. Десе де өмір сүру салты, қоршаған ортасы белгілі бір деңгейде өз әсерін тигізбей тұрмайды. Жарты ғасырда, яғни, соңғы 50 жыл ішінде күйзеліске бой алдырғандар қарасы күрт артып кеткен. Әлем бойынша. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін дүниеге келгендер арасында және содан кейінгі буын арасында бұл дерт өршіп кеткен. Бұған жаһандану мен ақпараттық заман себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, адамның өмір сүру салтының түбегейлі өзгеруі де түрткі болып отыр.

Өндірістің автоматтандырылуынан кейін бұл дерт әлеуметтік сипат алған. Әсіресе, еңбек ету саласындағы радикалды өзгерістерды айтуға болады. Бұрын істелген жұмыстың жемісін жеу, нәтижесін көрудің өзі бақыт болатын болса, мәселен, ауыл шаруашылығында еткен еңбек пен төккен тердің өтеуін өз көзімен көріп, қолымен ұстап, содан энергия алса, бүгінгі таңда кеңседен шықпайтындар үшін жұмысының мәні мен мағынасы жоқтай көрінеді. Текке уақыт өткізу, өмірінің зая кетіп жатқандай сезімге берілуі қалыпты жағдайға айналған.

Осы тарапта америкалық антрополог Дэвид Грэбердің «Түкке тұрғысыз жұмыс теориясы» деген кітабы жарық көргенін де айта кету керек. Ол «түкке тұрғысыз жұмыс» деп, бұл жұмыс жойылса, одан ешкім зардап шекпейтін жұмысты атаған. Яғни, оның бары мен жоғы бірдей. Бұдан бөлек, қандай да бір елдің экономикалық жағдайы көтерілгені де немесе кері кеткені де адамның күйзеліске бой алдыруына тікелей әсер ете алмайды.

Бұл бағытта Лондон экономика мектебінің көрнекті өкілі, ағылшын экономисі, профессор Ричард Истерлин арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Елдің әл-ауқатының артуы немесе тұрмысының оңдалуы халықтың көңіл күйінің артуына еш әсері болмаған.

Тіпті, байлар да бұл дерттен аман қалмайды. Десе де ер-азаматтарға қарағанда әйелдер күйзеліске бой алдыруға бейім тұратынын айта кету керек. Өйткені, әйелдердің жүйкесі нәзік әрі оқтын-оқтын соғып тұратын гормоналды деңгейдегі өзгерістерді айтуға болады.

Дереккөз: islam.kz

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір