• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 15:15:13
Алматы
+35°

14 Қаңтар, 2019 NEWS

Алдағы бес жылда Қазақстан ішерге су таппай қалуы мүмкін

Алдағы бес жылда Қазақстан су тапшылығын анық сезіне бастайды

Алдағы бес жылда Қазақстан су тапшылығын анық сезіне бастайды.

Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары алдағы бес жылдың ішінде Орта Азияда су үшін тартыс өрши түсетінін алға тартып отыр. Аталмыш  қаржы институтының сарапшысы Олег Дмитриевтің айтуынша, 2025 жылдан бастап Орта Азия елдеріне су дағдарысы төне түседі. Бірқатар елдерде су тапшылығы орын алып, әсіресе ауыз су мәселесін шешу қиындайды. 2025 жылға қарай Орта Азия елдері бойынша өндіріс орындарының саны артатынын, ол өндіріс орындарында суды пайдалану деңгейі де өсе түсетінін, осыдан барып суды үнемдеп пайдалану үрдісі туындайтынын алға тартқан маман, ендігі кезекте Азия елдері «судың да сұрауы барын» мықтап ұғынатынын ашып айтып отыр.

Халықаралық сарапшының бұл пікірін біздің мамандар да қуаттайды. Отандық мамандардың пайымдауынша, халықаралық ірі инвестициялық банк сарапшыларының  сөзінің жаны бар. Гидрогеолог маман Ғазиза Түсіпбекованың пайымдауынша, алдағы бес жылда расымен де Қазақстанда су тапшылығы анық сезіле бастайды. Қазірдің өзінде елде су тапшылығын сезініп отырған ауыл-аймақтардың көлемі артпаса, кеміген жоқ.

«Қазір бізде ауыз су мәселесі қатты өршіп тұр. Қытымыр қыс келсе де, жадырап жаз шықса да, Қазақстандағы ауыз су мәселесі бір толастаған емес. Біз ауыз су мәселесін шешуді  2002 жылы қолға ала бастадық. Осы жылдары елдегі су тапшылығын шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдана бастады. Алдымен біз «халықты таза ауыз сумен қамтиды» деп «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. 2002 жылдан 2010 жылға дейін созылған бағдарлама бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы керек еді. Бірақ бұл бағдарламаның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Бағдарлама аясында 350 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұдан соң «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін бюджеттен су мәселесін шешу үшін жыл сайын 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Бірақ осы бағдарлама да айтарлықтай жетістік бере қоймады. Біздегі ауыз су мәселесі әлі басы ашық күйінде сақталып отыр. Таза су орнына бақа-шаян араласқан өзен суын тұндырып ішіп отырған елдімекендер жайы көп айтылды. Қайсыбір деректер Қазақстанда 150-ден астам ауыл сусыз отырғанын көрсетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан аймақтарында қаншама елдімекен сусыз отыр. Тіпті қейбір ауылдарда 50-100 адам ғана тұратын аймақтар бар. Бұл ауылды аймақтардың инфрақұрылымы жайлы тіпті сөз қозғамай-ақ қойса да болады», – деді Ғазиза Түсіпбекова.

Маманның айтуынша, халықаралық сарапшылардың су дағдарысы жайлы айта бастауында негіз бар. Қазір мұны ескерген көптеген елдер ауыз су мәселесіне қатысты сауатты шешімдер қабылдап жатыр. Мысалы, Қытай елі жуырда ауыз су мәселесін орнықты етіп алу үшін былтырғы жылы ғана  «Суық су» деп аталатын үлкен бағдарлама қабылдады. «Осы бағдарламаға сәйкес Қытай тарапы енді Ертістің суын пайдалануға қатысты өте үнемшіл әрі ұсақ-түйектің барлығына мән бергіш бола түседі», – дейді гидрогеолог маман.

«Су мәселесіне келгенде Қазақстанның тарнсшекаралық аймақта жатқанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, Ертістің суы Қытаймен шекараласып жатыр. Қазір Ертістің суының тым азайып бара жатқанын Қытайдың саясатымен де байланыстырып жататындар бар. Келешекте Қытайда өндіріс орындарының көлемі артып халқының суды тұтыну көрсеткіші де арта бастайды. Сол кезде Ертіс суының Қытай жақ бөлігінің одан әрі азая түсетіні даусыз. Орал өңіріндегі су көздері Ресей арқылы келсе, Арал өңіріне су Сырдария арқылы келеді. Бұл арада біз өзбектердің қас-қабағын бағамыз. Талас өңіріне келген су көздері қырғыздардың шекаралас екенін ұмытпаған жөн. Міне, біздегі су мәселесі трансшекаралық аймақтарда жатқаннан кейін бұл арада асқан сауаттылық керек. Дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту үшін біздің Үкімет бірқатар істерді тындырар. Бірақ бұл арада қосымша сауатты бағыттарды да қарастырған жөн», – дейді маман.

Ал ол қандай сауатты бағыттар? Болашақта Қазақстан ауыз-су тапшылығын шешуге қалай талпынғаны жөн?

Бұл ретте, техника ғылымының докторы Ардақ Төлеуов Қазақстан үшін келешекте жер-асты суларын шығарудың мәні зор екенін алға тартты.

«Елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселеде әрине ғалымдардың зерттеулеріне де назар аударған дұрыс. Мысалы, еліміздің Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кетті. Зерттеулердің нәтижесінде Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты сулары бар екеніне ғалымдар көз жеткізді. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Білесіз, бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сырдың суының лас екені, оның бүкіл Азиялық аумақты аралап барып Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қалдықтары да, бактериялық заттар да бар. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл – адамның ағзасына орасан зиян келтіретін у. Ғалымдардың зерттеулері «су шықпайды» деген  елді мекеннің өзін сумен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныстары енгізілуі керек деп есептеймін», – дейді Ардақ Төлеуов.

Маманның байыптауынша, болашақта ауыз су мәселесін шешетін ең бірінші бағыт бұл жер асты суларын шығару үшін каналдар қазу керек. Сол кезде ғана Қазақстандағы ауыз су мәселесі сауатты шешіледі.

«Егер 2025 жылға дейін жер асты суларын алу мәселесі оңтайлы шешілетін болса, бізге ауыз-су дағдарысы төнбейді. Сондықтан осы бір ұсыныстар ескерлуі тиіс. Қазірден бастап жер асты суларын зерттеуге, оларды көбейтуге баса назар аударсақ, су дағдарысы бізді айналып өтетін болады»,– дейді маман.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір