• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:47:56
Алматы
+35°

27 Желтоқсан, 2018 Тарих

Алаштың қазіргі шамшырағы – Сабыр Қасымов

«Желтоқсан – 1986» тақырыбын зерттемеген жағдайда, мен де осындай тұлғаның еңбектерінен бейхабар болар ма едім?!

Қай қоғамда болмасын «көзге көрінбейтін» лидерлер болады. Бірақ, олардың ұлт үшін, ұрпақ үшін жасап жатқан дүниелерін көріп, қандай мақтауға да лайық екенін мойындайсыз. Дардай атағы болса да ол адамдар туралы толыққанды мәліметті Google-дан да таба алмайсыз. Себебі, олар өздерін халық алдында жарнамаламайды, «мен сүйттім, мен бүйттім», «мен, мен» деп кеудесін соқпайды, қазақы таныммен айтқанда - БЕТЕГЕДЕН БИІК, ЖУСАННАН АЛАСА. Сондай жаны қарапайым болғанымен, атқарған істері азаматтық саналатын ҚАСЫМОВ САБЫР АХМЕТЖАНҰЛЫ туралы айтқым келеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты сынды атақтары болса да бұл кісіні қарапайым халық көп біле бермейді екен. «Желтоқсан – 1986» тақырыбын зерттемеген жағдайда, мен де осындай тұлғаның еңбектерінен бейхабар болар ма едім?!

С.Қасымовтың жақындағы елеулі еңбегі ретінде Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай ұйымдастырған Халықаралық конференциясын айтар едім. Осы күнге дейін ешкім Желтоқсанға байланысты ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ондай жиын өткізген емес. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Қазақстандағы желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты тақырыппен Астана қаласында 2016 жылғы 25 қазанда өтіпті. Конференция жұмысына шетелдік және отандық көрнекті ғалымдар, қайраткерлер, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер, желтоқсаншылар қатысқан. Осы жиынды өткізу шығынын және 515 беттен тұратын жинағын басып шығаруды қасындағы сенімді серіктестерінің көмегімен өз қаражаттары есебінен өтеген. Аталған кітап қолыма тиген соң, мен үшін белгісіз қайраткердің өміріне, қызметіне деген қызығушылығым арта түсті. «Бұл кісі кім? Қандай қызметтер атқарған? 1986 – Желтоқсанында қайда болған?» - деген сұрақтарды қанағаттандыру үшін С.Қасымовпен байланыстыратын адам іздедім. Тәуелсіз журналист қызығушылық танытқанына таңданған болар, қабылдауға келісімін беріпті. Аман-саулықтан соң, болашақта Саясаттану мамандығы бойынша докторантураға оқуға түсетін ниетім барын, Желтоқсан көтерілісін осы бастан зерттеп жатқанымды айттым. Қайраткер ағамыз көзіме тік қарап: «Ұлтшылсың ба?» - деді. Тосын сұраққа тосылмадым, жүректе жалындап тұрған сөз тіл ұшына келді: «Иә, Қазағым үшін қоң етімді кесіп беруге дайынмын!» - дедім, іле-шала. «Көзіңнің оты жанып тұр екен, айналайын. Отыр» - деп, әңгімесін бастады.

Сабыр Ахметжанұлы: «Қазақстандағы қуғын-сүргіндерге жасалған жан-жақты талдау еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен халқымыздың үздік ұл-қыздарының ұзақ уақыт бойы (300 жылға жуық), барынша жүйелі түрде (түрлі салаларда), аса аяусыз және қатыгез қуғын-сүргінге ұшырағанын көрсетті. Дәл осы адамдар патшалық отаршыл, сондай-ақ, кеңестік тоталитарлық биліктің мемлекеттік машинасының тепкісіне түсті. Тәуелсіз сарапшылардың деректері бойынша осы империялардың халыққа қарсы саясаты мен қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 1916-1941 жылдар аралығында (фашистік Германиямен соғыс басталғанға дейін) большевиктер қолдан ұйымдастырған аштықты қоса алғанда, үш-үш жарым миллион қазақ қаза тапқан. Бұл – сол кездегі қазақ халқының жартысынан астамы!» - деп, зерттеулерінің Желтоқсаннан емес, сонау 1916 жылғы ұлт–азаттық көтерілістен бастау алатынын аңғартты.

Лауазымды қызметтерде жүріп, заңгер ағамыз Тәуелсіз Қазақстанның заң саласының сауатты қалыптасуына да өз үлесін қосып, баспасөз беттерінде тың идеялары мен ұсыныстарын жариялап отырған. Мысалы, егемендігімізді алып, есімізді енді жиып жатқан кездегі «Безопасность Казахстана – это безопасность каждого его гражданина» атты 1992 жылы «Казахстанская правда» газетіне жарияланған мақаласы осының бір айғағы болмақ. Ал, Алаш арыстары мен Желтоқсандықтар туралы жазған құнды пікірлері мен дәлелді деректері тіптен сүйсіндіреді. «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы санына шыққан «Алашордалықтардың еңбегі ерен. Олар тәелсіздікке алғашқы болып жол салды» көлемді мақаласында: «Бүгінгі Қазақстанның зиялы қауымы еліміздің азаттығы мен тұтастығы жолындағы күрескерлердің басқаларға қарағанда анағұрлым күштірек және қатаң қысымға ұшырағанын, сотсыз және тергеусіз атылғанын, қудаланғанын жақсы біледі. Отарлаушы билік қазақ жұртының ең үздік, ең батыл патриоттарын, ең ақылды және беделді өкілдерін қуғындап, көзін жойды» - деп, тарихи ақиқатқа тоқталып, Қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте сақтау мақсатын көздеген «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының құрылғанын айтып, соның аясында батырларымыздың мәртебесін айқындау үшін мемлекеттік акті қабылдау туралы Парламентке нақты ұсыныстар енгізген.

Бұдан бөлек, билік басында жүргенде білікті заңгер ретінде қолына тиген халықаралық құжаттардың қазаққа пайдалы жағын зерделеп, оларды ұлттық мүддеге оңтайландыруға тырысып отырған. Осы айтқаныма бір дәлел ретінде, Қазақстанның Еуроодаққа мүшелікке кіру туралы құжатқа қол қоюға ұсыныс келіп түскенде, оның мазмұнына мән берген Сабыр ағамыз: «Тұра тұрыңыздар, бұл құжатты қаз-қалпында қабылдай салуға болмайды. Олай істесек, Қазақстанның тәуелсіздігіне зиян келеді. Ұсыныстар енгізейік!» - деп, сол ұсыныстың жобасын әзірлеп, оны шетелде іссапарда жүрген елдің бірінші басшысына факс арқылы жолдатып, мақұлдағаннан кейін жіберуге бар күшін салғанын халқына деген сүйіспеншілік деп бағалаймыз. Осы іспетті елдің, жердің тағдырына, ұлттың қауіпсіздігіне қатысты талай құжаттарды қолынан өткізгені мәлім болды.

С. Қасымовтың саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтаумен қоса, тағдырдың жазуымен шетелде жерленген қазақ арыстарын елге жеткізу, оларды ұлт алдында ұлықтап, қайта жерлеу мәселесіне де септігі тигені тағы бар. Атап айтса, кезінде қиянат көріп, Кремль ауруханасында белгісіз жағдайда қайтыс болған, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлін елге жеткізуге күш салған.

 Сабыр Ахметжанұлының Желтоқсанға қатысты талмай, отыз жыл зерттеу жүргізіп келе жатқанын ескересек, осы мәселеде жарық көрген мақалаларының көп болуы заңдылық. «Юридическая газета» басылымының 1996 жылғы 4 желтоқсандағы №93 санындағы «Декабрь открыл дорогу национально-освободительному движению народов СССР» атты мақаласын Парламентте Сенатор болып жүргенде жазған екен. Осы жылы қазақ баспасөзіне «Неге олай дедіңіз» атты мақала жарық көрді. Мақала авторы: «Жаңаша, сергек ойдың өкілінің бірі – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Сабыр Қасымов» деген жоғары баға бере келіп, «1986 жылдың желтоқсанынан кейін біздің зиялы қауым ел алдында ағынан жарылып, өз күнәсінен арылуға тиіс!» деген С.Қасымовтың ащы пікіріне тұщымды жауап іздеген екен. Бұдан өзге, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай «Халық сөзіне» жарияланған «Желтоқсан көтерілісі: не тындырып, нені ұмыт қалдырдық?» мақаласы - тақырыбы айтып тұрғандай жеткен жетістіктеріміз бен жете алмаған кемшіліктерімізді саралаған салмақты пікірге толы еді. Сондай-ақ, Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай, «Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тәуелсіздік үшін күрес тарихы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізуге тікелей басшылық жасаған. Қазақстан мен Ресейден қатысқан қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлердің, депутаттардың арасында 2 академик, 18 доктор, 21 ғылым кандидаты болған. Конференция нәтижесінде «Ерліктің дастаны» жинағының 3 томы - «Азаттық үшін алысқандар» атты кітап болып жарыққа шықты.

С.Қасымовтың өміріне қысқаша тоқталып өтсек, ол Ресейдің Тюмень облысында дүниеге келіп, сол елде ержеткен. Орыс жерінде, орыстың болмысында, орыстың тарихын оқып өссе де туған еліне деген жүрек түкпіріндегі махаббатын ешқашан сөндірмеген. Елге оралған соң, Қазақстандағы орыстанған ортаны көріп, қатты таң қалғанын айтады. Бұған іштей қынжылғанын да жасырмады.

Заңгер құқыққорғау, партия және мемлекеттік органдарда жұмыс істеген. Ауданның халық судиясынан бастап, Конституциялық соттың судьясы, Парламент депутаты да болған. Президент әкімшілігі мен Мәжіліс аппаратында да лауазымды қызметтер атқарған. Кеңес дәуірінің өзінде, Қазақстанның материалдары негізінде ұлттық қатынастардың саяси-құқықтық проблемалары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған.

С.Қасымов өмірінің қырық жылын мемлекеттік қызметке, оның отыз жылын Қазақ халқына патша, әсіресе кеңес империясы жүргізген саяси қуғын-сүргіндерді зерттеп, оларды ақтау жөніндегі бірқатар мемлекеттік комиссияларға қатысқан. Соның ішінде Желтоқсан оқиғасын зерттеуде тынбай еңбектенгені көрініп тұр. Сондай-ақ, аталған комиссиялардың шығарған негізгі саяси және құқықтық қорытындыларын осы азаматтың жазғанын айта кеткен артық болмас.

Менің негізгі зерттеу объектім – Желтоқсан көтерілісі, оның ақиқаты мен айтылмаған сырлары еді. Осы қазақ елі үшін қасиет пен қасіретке толы көтерілістің ортан белінде жүріп, оның бүкіл ақиқатын, құпия құжаттарының басым бөлігін көзімен көріп, қолымен ұстаған Сабыр Қасымовтай азаматты тапқаным мен үшін үлкен олжа болды. Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған өзінің «Қазақтың бел баласы» атты мақаласында: «Ғаламның қайнаған тіршілігін үнсіз басқарып тұратын тартылыс күші болса, адам тірлігінің бәрін үнсіз жайғап, орнына келтіріп, ұстап тұратын – бел. Ұлттың да бел баласы болады. Ондай атаққа санаулылардың санаулысы ғана лайықты.

Қазақтың бел баласы атануға лайық сондай ерлердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі – бүгін біз әңгіме еткелі отырған Сабыр Қасымов. Оның жасаған ісін, ұлтына сіңірген еңбегін көп адам біле бермейді. Өйткені, ол үнсіз жүріп, үйдей істерді жалғыз атқарып тастай береді және бұл туралы біреуге тіс жарып білдіріп, баспасөзге хабарлап, дабырлатып, даңғырлатып жатпайды. Тіпті сұраған адамның өзіне айтуға аузы ауыр» - деген баға беріпті.

Заңгер ағамыздың 15 желтоқсандағы сиясы кеппеген, «Астана ақшамының» белгілі журналисті Төлен Тілеубайға берген «Желтоқсан – 86»: айтылмай жүрген ақиқат» атты сүбелі сұхбатында: «Желтоқсанның ерекше бір қасиеті айтылмай жүр. Желтоқсанның даңқы, рухы, сяаси күші, желтоқсаншылардың көзсіз ерлігі болмаса, бізге сол кезеңде Парламентте «Тәуелсіздік туралы декларацияны» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымызды қабылдау қиынға соғар еді. Бұл ерлік қарсы шыққандардың мысын басты. Осылайша, қазақтың қайсар, жігерлі жастарының асқақ рухы бірлескен күші тәуелсіздігімізге жау адамдардың қорқақтығы мен сатқындығына тойтарыс берді» деп, ерлік пен ездіктің ара жігін ажыратуға, ұрпаққа ақиқатты айтуға негіз болған.

Мен үшін тың жаңалық болғаны, қазақтың біртуар азаматтарының бірі, ақын Мұхтар Шахановтың Кремльде сөйлеген сөзінің мәтінін осы Сабыр Қасымовтың дайындап бергені еді. Оны білікті заңгер туралы жазылған зерттеу мақалаларды сараптап отырғанда көзім шалып қалды. Ақиқатын өз аузынан есту үшін Сабыр ағамыздан сұраған едім: «Ой, айналайын-ай! Осы туралы сөз қозғағым келмейді. Сол қазанға тиіспей-ақ қойшы, жабулы тұра берсін. Ерлік мәтінде емес, оны сол кездегі қатал жүйеден қаймықпай, бүкіл Одақтың алдында оқуда еді. Сондықтан, Мұхтар ағаңның осы ерлігін халқы шын бағаласа болғаны» - дегені. Қалай десек те, заңды тұрғыда өте сауатты, ұлттық тұрғыда жетесіне жеткізіп айтатын орыс тілді мәтінді әзірлеген Сабыр Қасымовтың да, оны Мәскеу төріндегі мінбеде жан-тәнімен, қазақы болмысымен оқып шыққан Мұхтар Шахановтың да ерлігінде мін жоқ.

Ұлты үшін бүкіл өмірін арнаған азаматтың бүтін еңбегін бір кішкентай мақаламен бере салу мүмкін емес. Талай кітапқа жүк боларлық дүние. Сондықтан, жүрегі халқым деп соққан ел арасындағы ерлер туралы журналистік зерттеулеріміз әлі де өз жалғасын таба бермек.

Сөз соңында айтарым, «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» дегендей, ұлтжандылығын тау-тау ісімен, толағай күшімен дәлелдеп жүрген Қасымов Сабыр Ахметжанұлы сынды азаматтарымызды елі біліп жүрсе деген тілек бар.

Кенжегүл Ілиясқызы,

Тәуелсіз журналист,

Әлеуметтік ғылымдар магистрі,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір