• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:56:50
Алматы
+35°

19 Шілде, 2017 Алаш-Орда

Алаш және алғашқы оқулықтар

Алаштың 100 жылдығында еліміз бен ұлтымыздың болашағы үшін саналы түрде латынға көшкеніміз дұрыс деген пікірдеміз.

Алаш тақырыбын терең, кешенді кең қарастырғанда ұлт-азаттық қозғалыстың қазақ халқын саяси, мәдени, рухани дамудың белгілі сатысына көтергендігін айтамыз. Патшалық отаршылдық езгіге қарсы күш ретінде пайда болған Алаш қозғалысы өз мақсатында ұлтты ұйыстырып, оның саяси-азаматтық санасын оятып, атамекен жерінің біртұтастығын қорғап, ана тілін, баба дінін сақтау үшін күрескенін көрсетеміз.

Алаш қозғалысы отаршылдық арбаудағы елді оятты, ұлттық баспасөзді тудырды, жаңа ұлттық жазба әдебиетті қалыптастырды, қазақтың тұңғыш романы мен пьесасын жазды, ұлттық театрды дүниеге әкелді, ұлттық ғылымды жасады, мемлекеттік құқықтық атрибуттарды қалыптастырды, қазақтан тұңғыш депутаттарды шығарды, тұңғыш саяси партияны тудырды, Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметін құрды, тұңғыш жоғарғы оқу орнын ашты, қазақ жерінің біртұтастығын сақтады, қазақты ұлт ретінде біріктірді. Алайда ұлт үшін жасалған бұл істің барлығы Алаш қозғалысы аталатын ұлы тарихи құбылыстың сипаты мен маңызын толық ашпайды деп санаймыз.

Алаш қозғалысының қазақ ұлтын оятып, ағарту мақсатында істеген жемісінің ішінде ұлт білімпаздарының жазған оқулықтары мен оқу құралдарын ерекше атағанымыз маңызды. Қай заманда болса да, ұлттың рухани оянуы сауат ашуда, оқу-білімде екенін жақсы түсінден Алаш көсемдері мен білімпаздары күрделі тарихи кезеңде оқу-ағарту бағытындағы еңбектерді насихаттауды, аударуды, кейін өздері де оқулықты жазып даярлауды мақсатты қолға алды.

  1. Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсариннің ХІХ ғасырда кирил қарпінде жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» – ұлт тарихындағы алғашқы оқу-әдістемелік еңбек ретінде бағаланады. Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын», К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесін» қазақ баласына оқу құралы ретінде ұсынып, миссионерлік жолда жүрген орыс ғалымдарының пиғылын әуелде аңғармай, ұлтына риясыз қызмет істеген ағартушының есімін қазаққа алғаш таныстырған Отыншы Әлжанұлы (1873-1918) болды. Алаштың көрнекті қайраткері, Ұлт кеңесі – Алашорда үкіметінің мүшесі О.Әлжанұлы «Дала уалаятының газетінде» (1894 жылы №39 саны) жарық көрген «Қазақтарға пайдалы кітаптар» атты мақаласында жаңа еңбектің мақсаты – оқырман қауымды орыс тілін үйрететін, қазақтар үшін пайдалы кітапппен таныстыру деп көрсетті (Әлжанов О. Шығармалар жинағы. – Алматы, «Алаш», 2004. – 296 бет.). Мақала «Орынборда учебный округтағы орыстардан заты бөлек... господин Катаринский» деп басталады. Орыстардан заты бөлек деген сөз мақаланың орысша жарық көрген нұсқасында берілмеген. Орынбор қаласында Катаринский деген адам қазақ молдаларымен бірігіп, «Жазуға үйрететұғын кітап» және «Орыс тілінің әуелгі оқитұғын бөлімі» атты еңбектер шығарған. Кітапты автор қазақ арасына орыс ғылымын жайып, қазақтарға орыс тілін, орыстарға қазақ тілін үйренуге бірден-бір оқулық деп бағалады. Кітаптардың құндылығы – сөздері орыс әрпімен жазылған. 70-ші жылдардың ішінде атақты болған Алтынсарин қазақ кітаптарын орыс әрпімен шығарып еді деп, қазақ халқының тұңғыш ағартушысын ауызға алып, заманы қажет еткен прогресшіл идеяны қозғайды. «Олай айтпасақ та, бұл кітаптардың жақсылығы, Алтынсариннің айтуынша, қазақ кітаптарын толықтыратұғын араб һәм ноғай сөздерінен қазақ тілін тазалауға үміт етеді. Господин Катаринский кітаптарының тілі анық, оңай, түзу. Бұлардың ішінде қазақ, ноғайдың кітаптарындағы анық болмай жазылған сөздер тіпті жоқ»,-  деп береді (көрсетілген кітап, 71 б.).

Айтайын дегені егер қазақ сөздері орыс әрпімен жазылса, тілде қаптап кеткен араб, парсы, ноғай сөздеріне тосқауыл болады, қазақ тілі тазаланар ма дегені. Осы күні бұл мәселені әдеби тіл деп атап, тілдік нормаға тура сондай талап қоямыз. Кітаптардың тілі анық, оңай, түзу дегені де қызығушылық туғызбай қоймайды. Мысал ретінде алынып, әдет, ғибадат үшін жазылған кішкентай әңгімелердің барын айтқаны кітаптың тәрбиелік мақсатын көрсеткені. Сол уақытта жарық көрген Неклюдов деген адамның аты атақты болса да, бір жақсы нәрсесі жоқ, ұғымсыз кітабымен салыстыра келіп, «бұл кітаптың жақсылығы һәм арзандылығы, біздің ойларымызша, қазақтардың ғылым үйренуін дұрыс көрген кісілердің һәм қазақша, яки болмаса тілін үйренем деген адамның көңілін бұрса керек»,- деп ойын тұжырымдайды. Мақалада көтерілген мәселе – қазақ үшін қажетті кітапты насихаттау. 

ХІХ ғасырдың соңында жарық көре бастаған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашының бірі – «Дала уалаятының газетіндегі» Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері О.Әлжанұлының мақаласында ұлтқа қажетті оқулық мәселесі көтеріледі. Мектепке керек оқу құралы орыс тілінен аударма арқылы жасалғандығы құпталады. Кітаптың орыс қарпімен шыққаны мақұл саналады. Сонымын қатар, алаш қайраткерінің мақаласынан бүгінгі шындықпен сабақтасатын жағдайды байқаймыз. Осы күні біздің қоғам қазақ тілі үшін орыс қарпінен бас тартып, латынға ауысу жағдайында тұрған кезде ХІХ ғасырда да алфавит ауыстырудың саяси-әлеуметтік, рухани-ағартушылық астары бар болғанын аңғарамыз. Алаш қайраткері мақұл көрген орыс алфавитінен Алаштың 100 жылдығында еліміз бен ұлтымыздың болашағы үшін саналы түрде латынға көшкеніміз дұрыс деген пікірдеміз.

Алаш және оқулықтар тақырыбы жеке алаштанушы ғалымдардың, тілші мамандардың мақала, зерттеулерінде, алаш бағытындағы энциклопедиялық жинақтарда, анықтамалықтарда қарастырылды. Алаш терминологиясы бойынша ғылыми зерттеу жазған филология ғылымдарының докторы Ш.Құрманбайұлы еңбектерінде осы тақырыпты біршама көтерді. Ғалымның «Алаш және терминтану» атты монографиясында (Алматы, «Ел-шежіре», 2008) Алаш білімпаздарының оқулық жазу тарихы, әсіресе термин жасау ісі жан-жақты қозғалады. Алаштанушы ғалымдар Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында (Алматы, «Сардар» баспа үйі, 2014) «Алаш оқулықтары» атты жеке тақырып берілген. Онда 1911 жылдан бастап алаш қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшыраған отызыншы жылдардың соңына дейінгі аралықта жазылған оқулықтардың көбі көрсетілген.

ҚазАСК Республикасының Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының төрағалығымен 1921 жылдың 31 қаңтарында Орынбор қаласында зиялы қазақ азаматтарының мәжілісі өтті. Жиында қаралған басты мәселе 1-ші һәм 2-ші буын мектептер үшін оқулық даярлау ісі болды. Мәжіліске Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Садуақас Сейдоллаұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Сабыр Айтқожаұлы және басқа азаматтар қатысады («Ақ жол» - көп томдық. – Алматы: Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, 2011, 170-172 бб.).  Қорытындысында белгілі пәндер бойынша төменде көрсетілген азаматтар шұғыл арада оқулық даярлауға тартылуы көрсетіледі: Арифметика – М.Тұрғанбайұлы (т), Геометрия – Б.Сәрсенұлы (т), Естествознание – Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы (т), Физика – Ғалымжанұлы, География – Ә.Бөкейхан, Қазақ-қырғыз тарихы – М.Жұмабайұлы (т), Жалпы тарих – Х.Болғанбай, Мектепте гигиена – Ж.Тілеулин, Алгебра (бастауыш) – Е.Омарұлы, Педагогика  – М.Жұмабайұлы, Дидактика – Ж.Аймауытұлы, Хрестоматия – С.Сейфуллин, Ж.Аймауытұлы - Қазақ тілінің ахуалы – А.Байтұрсынұлы, Теория словестности – М.Жұмабайұлы (т).   Бұл арада (т) деп берілгені – тәржіма арқылы әзірленетін оқулықтар.

Тарихи деректе қазақ зиялылары оқу құралдарын жазып, тәржімалап июньнің 1-не шейін бітіру керектігі, кітаптардың келер оқу жылының басына шейін даяр болып тұруы, оны дайындайтын азаматтар айына екі рет жиналып, жұмыстарының мән-жайын баяндап отыру қажеттігі туралы А.Байтұрсынұлы қол қойған шешім бар.

Мектепке оқу құралын жазу, оқулық ісін ұйымдастыру сынды игі істің бастауында ұлт ұстазы, алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) болды. Ол ұлттық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде тіл білімі, әдебиеттану, түркітану салаларының негізін қалап, болашақ қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлкен үлес қосты. Ғылыми-әдістемелік еңбектерімен қазақ арасында оқу-ағарту жұмысын жүргізіп, шәкірт тәрбиелеген А.Байтұрсынұлы ұзақ уақыт бойы тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болып келді.

Қазақ тіл білімі тарихында жазылған тұңғыш ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек саналатын А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» (қазақ тілінің сарфы) атты кітапшасы Орынбор қаласынан 1914 жылы жарық көрді. Еңбектің «Сөз басы» деп аталатын кіріспе бөлімінде қазақ тілінің ерекшелігі және оның түркі тілдерінің құрамдас бір бөлшегі екендігі айтылады: «Қазақ тілі – түрік тілінің бір тарауы. Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршек тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл... Біздің қазақ тілі – түркі тілдің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы» (Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2008. – 172 б.).

А.Байтұрсынұлы, сонымен қатар, ұлттық әдебиеттану ғылымының да негізін қалады. Ғалымның «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуінде қазақ әдебиетінің тарихы үлкен екі кезеңге бөлініп қарастырылды: 1) Діндар дәуір; 2) Сындар дәуір (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003. – 208 б.). Ұлттық әдебиетіміздің эволюциялық даму жолын, көркемдік-жанрлық ерекшелігін, танымдық-эстетикалық белгісін толық сипаттап аша алмаса да, бұлайша екіге бөліп қарастырудың өзін біз осы салада жасалған алғашқы тәжірибе, болашақ ізденістерге бағыт-бағдар деп танимыз.

А.Байтұрсынұлының талантты шәкірті, қайраткермен бірге қуғындалып,  Архангелскіге бірге айдалған Абдолла Байтасұлы (1900-1940) Қазақ елінде мектеп тілі ұлт тілінде болсын деген ұстанымда болды. Алаш қалам қайраткері: «Мектеп тілі жайынан сөз қылғанда, тым бір ыңғай қыңыр кету жарамайды, әзіргі өмірмен, керекпен санасу керек. Біздің мектеп тілі туралы алдымызда көздеген нысана, арманымыз болуы керек. Арманымыз – «түбінде мектеп тілі ұлт тілі болсын!». Бұл ұранды біз ертеден айтып келеміз. Сол ұранымыз әлі де ұран. Ұлт мектептері туралы үкімет ұраны да осы»,- деп батыл жазып кетті.

Қаламгер Қ.Кемеңгерұлы (1896-1937) «Мектеп қай тілде болу керек?» атты 1927 жылы «Еңбекші қазақта» жариялаған мақаласында бүгінгі күн үшін де маңызын жоғалтпаған өзекті тақырыпты былай көтерді: «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды» (Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Алаш, 2005. – 320 б.).

Күрделі тарихи кезеңде оқулық даярлау ісіне Ә.Бөкейхан (астрономия, дүние құрылысы, ауыл шаруашылығы), А.Байтұрсынұлы (тіл білімі, әдебиеттану), М.Дулатұлы (есеп құралы), Ж.Аймауытұлы (психология), Х.Досмұхамедұлы (табиғаттану, биология, жануарлар әлемі), Ә.Ермекұлы (математика), Е.Омарұлы (тіл білімі, есеп құралы, әдістеме, физика), М.Жолдыбайұлы  (тіл білімі), С.Қожанұлы (математика), М.Жұмабайұлы (педагогика), Ж.Күдеріұлы (тарих, ботаника, ауыл шаруашылығы), Т.Шонанұлы (тарих), Қ.Кемеңгерұлы (тарих, тіл білімі, ауыл шаруашылығы, химия), М.Әуезұлы (әдебиет, жер жаратылысы), А.Байтасұлы (жануарлар әлемі), М.Есболұлы  (мәдениет), Ж.Тілеулин (медицина), Б.Сәрсенұлы (физика), Х.Болғанбайұлы (тарих), С.Садуақасұлы (тарих, әдебиет) т.б. қазақ оқығандары жұмылдырылды.

Алаш оқымыстылары саяси күрес ішінде болып, алғашқы ұлт басылымдарын, руханият орындарын ұйымдасытыра жүріп қоғамдық-гуманитарлық, дүнияуи пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектерді жазып қалдырды. Қуғын-сүргінге ұшырап, еңбегі мен есімі ондаған жылдарға мансұқталса да, аса қымбат еңбектері қазақ ғылымының іргетасын қалады. Сол арқылы отандық әдістеме, педагогика, жалпы көптеген ғылым салалары бойынша ұлт тілінде алғашқы термин үлгілерін тудырып, қазақ тілі ғылым тілі бола алатынын дәлелдеді. Егер алаш дәуіріне дейін қазақ тілі ауызекі сөйлеу және әдеби тіл ретінде ғана қызмет атқарып келсе, ендігі кезекте ол баспасөз тілі, ресми құжат тілі және ғылым тілі болып қалыптасты. Қазақ тілінде ғылыми еңбек, оқу құралы жазылып, оның функционалдық қызмет көрсету аясы кеңейді.

Алаш және оқулықтар атты тақырыптың бүгінгі қоғамға маңыздылығын көтере отырып, қазақ зиялыларының қиын-қыстау заманда танытқан қажырлы еңбегінің практикалық мәні мен өнегелі жолы бар екенін танимыз. Аталған тақырыпты терең зерттеу керектігін ұғынып, мынадай тұжырым жасағымыз келеді:

  • Алаш қалам қайраткерлері ХІХ ғасыр соңынан бастап қазақ ұлтын оқу-ағартуға үндеген орыс ғалымдарының оқу-әдістемелік еңбектерін ұлт мүддесі тұрғысынан насихаттады;
  • ХХ ғасыр басында діни-ағартушылық сипатта және жаңа оқу тәртібіне лайықты «Пайғамбар заманы», «Әліппе», «Оқу құралы», «Есеп құралы» сынды оқу-әдістемелік еңбектерді жазды;
  • Алаштың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының ұйымдастыруымен жиырмасыншы жылдардың басынан бастап мектепке қажет тәржіма және авторлық оқулықтар, оқу құралдары баспаға дайындалды. Олардың көбі алаш қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін жарық көріп үлгерді;
  • Алаш дәуірінен жеткен әртүрлі ғылым салалары бойынша терминдер біздерге бүгін негіз болуға тиіс;
  • Алаш кезінде жазылған оқулықтардағы, оқу-әдістемелік құралдардағы ұлт мұраты мен елдік мәселені жоғары қоятын көзқарас пен ұстаным басты қағидатқа айналу керек.

 

 

Қайырбек  КЕМЕҢГЕР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір