• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:25:33
Алматы
+35°

12 Наурыз, 2018 NEWS

АКМ бастамасымен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай жиын өтеді

1958 жылы қазақ телеви­зиясы эфирге шығардың алдында Телевидение және радио комитеті құрылған болатын

Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин сұхбат берген еді. Төменде сол әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі anatili.kazgazeta.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

– Алпыс жыл аз уақыт емес. Алдымен телевизия тарихына тоқтала кетсеңіз. Көрермен үшін оның бастауында кімдер тұрғаны, сол кезде қандай бағыт ұстанғаны, алғашқы хабарлар туралы деректер қызықтырақ көрінер.
– Рас, «елу жылда ел жаңарар» деген. Аз уақыт емес. Негізі 1958 жылы қазақ телеви­зиясы эфирге шығардың алдында Телевидение және радио комитеті құрылған болатын. Соған сәйкес үлкен жұмыстар атқарылды. Осы жерде бір нәрсеге тоқталғым келіп отыр. Қазақ телевизиясында әр жылдары әртүрлі тұлғалар жұмыс істеді. Әр кездің өзіндік бір ерекшеліктері болды. Біз қазақ телевидениесінің тарихын шамалап бес кезеңге бөлеміз.
Біріншіден, елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басындағы құрылу кезеңі. Екінші­ден, алпысыншы мен жетпісінші жылдардағы қазақ телевизиясының қалыптасуы мен сексенінші жыл­дардағы қазақ мәдениетінің ошағы ретінде дамуы. Үшіншіден, тоқсаныншы жылдарда тәуелсіздік алған кезде, жаңадан мемлекет құрылып, жаңадан ішкі және сыртқы саясатымыз айқындалып жатқан уақытта ел тарихымен бірге жаңа бағыт ұстанған даму кезеңі. Төртіншіден, 90 жылдар аяғы мен 2000 жылдардың басындағы қазақ телевизиясының жетілу кезеңі. Бесіншіден, Қазақстандық заманауи телеиндустрияның пайда болуы. Елбасының бастамасымен Қазақстанның телеарналары, оның ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Астанаға көшіріліп, қайтадан жаңа сипатта техникалық-ұйымдастырушылық мәселелер қолға алынды. Бұл оқиға отандық телевизияның жаңа парағын ашқандай болды.
Қазір жұмысымызды заманауи телевидениенің әлемдік кеңістіктегі рөліне байланысты ұйымдастырудамыз. Заман ағымына байланысты телевидение әр кезеңде әртүрлі рөл атқарып келді. Қашан да, қай кезде де қазақ телевидениесі өзінің негізгі міндетін орындап, қазақ қоғамының негізгі мәдени ошақтарының біріне айналды. Кезінде мектепте жүрген кезімізде «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарды алып, оқып жүрдік. Сол кезде, мысалы 1990 жылдардың басында осы газеттер халықтың сана-сезімін қалыптастыруда қандай үлкен рөл атқарған болса, телевидение де сондай миссияны жауапкершілікпен жүзеге асырды. Яғни халық танитын тұлғалар осы жерде топтасты, мәдени орта қалыптастырды. Қазақ зиялы қауымы ел газеттерімен, қазақ телевидениесімен тағдырлас болды. Олардың шығарма­шы­лық жұмыстары газет, телевидение арқылы таратылып, халыққа жеткізілді. Сағат Әшімбаевтың, Шерхан Мұртазаның, Ғалым Доскеннің тұсын алатын болсақ, олар өз маңайына зиялы қауымды жинап, қазақ қоғамының дамуы тарихында өзіндік мәдени үлкен із қалдырды. Бүгінгі әріптестеріме осыны жиі айтамын.
Корпорацияға телевидениемен қатар радио да кіреді. Радиода да бірқатар өзгерістер болып, Қалқаман Сарин, Нәзира Бердәлі, «Balapan» арнасына Мақпал Жұмабай сияқты журналист мамандар шақырылды. Бәрі де шығармашылығы үлкен талантты жастар. Мен оларға, «басқару бір бөлек, орта қалыптастыруларыңыз керек» деп Шерағаңдардың қызметін үлгі етемін. Радио болсын, телевидение болсын, қазақ мәдениетінің ошағы ретінде халыққа қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыда қатты ойлануымыз керек. Қазір менеджмент пен басқарудың заманауи тәсілдеріне еліктейміз де, іс барысы жансыз критерийлермен есепке алынады. Белгілі бір көрсеткіштерді орындауға ұмтыламыз да, гуманитарлық өлшемдерді есепке алмаймыз. Қазақ телевидениесінің тарихы ұлттық мәдениеттің, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуымен сәйкес келеді.
Биыл мерейлі мерекеге байланысты бірнеше іс-шара жоспарлап отырмыз. Мәселен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай салтанатты жиын өтеді. Дәл сол күні «Тұмар» телевизиялық байқауы қорытындыланады. Жылда аталған сала мамандарының осылай жиналып, атқарған жұмыстарын бағалап отыруына мүмкіндік туады.
– Тәуелсіздік кезеңі – еліміздің жаңаша даму кезеңі. Осы уақыт ішінде қазақ телевидениесі қаншалықты өсіп, жетіле алды? Халықтың ұлттық рухын, таным болмысын оятуға ол қалай үлес қосты деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ телевидениесінің тарихы бұл өз алдына бөлек әңгіме. Тәуелсіздік кезеңін еліміз егемендік алған тоқсан бірінші жылдан бастасақ, шын мәнісінде ұлттық санадағы өзгерістер одан бұрын басталды. Оның бір айқын көрінісі – осы қазақ телевидениесінің дамуы. Телевидение әрқашан да қоғамдық өмірдің айнасы болып келді. Қоғамда қандай өзгерістер болып жатқанын телевидение арқылы байқауға болады. Қазақ қоғамындағы, қазақ дүниетанымындағы, ұлттық сананы сезінудегі өзгерістер тәуелсіздік алған кезеңнен бұрын пісіп жетілді. Айталық, Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасы қандай еді? Сол кезде-ақ ұлт пен ұлт тілі мәселелері көгілдір экранда ашық талқылаудан өтті. Зиялы қауым өкілдері, қайраткер азаматтар бағдарламаларға қатысып, өзекті мәселелерді жария түрде ұсына алды. Сондықтан да қазақ телевидениесі егемендік алуға, тәуелсіздік таңын атыруға үлкен үлес қосты деуге болады. Ұлттық сана-сезімнің, мемлекеттілік сана сезімнің қалыптасуына әсер етті.
Қазақ телевизиясын жаңа бағытқа бұруда Шерхан Мұртазаның орны бөлек. Ол кісі ұйымдастырушылық мәселелерімен ғана айналысып қоймай, эфирде «Ұлт пен сана» атты бағдарлама жүргізіп отырды. Бағдарлама атының бұлайша қойылуында да үлкен сыр бар. Себебі Қазақстанды жас тәуелсіз мемлекет деп жариялағаннан кейін ол тәуелсіз мемлекеттің негізі –ұлт, ұлттың негізі – ұлттық сана екені түсінікті. Осыған байланысты ой-сананы ояту қажеттігі айқын еді. Ол қазақ аудиториясында пікірталас арқылы осындай тың тақырыптарды көтеріп отырды.
Сол екі аралықтағы жиырма жылдан астам уақыт ішінде хабарларды былай қойып, жаңалықтардың қалай өзгергенін саралап көрдік. Осы тұрғыда шағын бейнетаспа да шығардық. ­Салыстыра отырып, аға буын журналистердің қазақы болмысты көрсетуге деген ұмтылысын байқауға болады. Эфирден қазақ әуендерін беру немесе графиканы пайдалану сол кездегі ұмтылыс пен талпыныстың айқын бір көрінісі.
Негізі тоқсаныншы жылдардың ортасында қазақ телевидениесінің басшылығы мен істің ­ортасында жүрген азаматтарға ұйымдастырушылық жұмыстарымен бірге идеологиялық мәселелерді қатар алып жүруге тура келсе, екі мыңыншы жылдары қызмет атқарған азаматтар телевидениені ұлттық мүддеге бұруға, мемлекеттік тілді дамытуға бар күшін салды. Тоқсаныншы жылдар – нарықтық процестер енді дамып жатқан кез. Ол кезде көпшілік телеарналар рейтинг қуып, нарық өзгерістерінің соңынан кетті. Жекеменшік телеарналар пайда болды. Олар көрерменнің көңілінен шығу үшін талғамсыз фильмдерді, не болса соны көрсетіп, ақпарат беруде де, хабарлар жүргізуде де сенсацияға әуес болды. Көпшілік телеарналар нарық заңдылықтарына бағынып, көпшіліктің қалауына еріп кетті. Демократия деген бір бөлек, жұрт көргісі келеді деп қайдағы бір сериалдарды қоя берді. Барлық арналар өзге тілде сөйлеп тұрды. Тек қазақ телевидениесі өзінің ұстанымына берік болып, сол кездегі тенденцияларға ілеспей, дүниетанымдық позицияға көшті. Ғалым Доскен болсын, Нұртілеу Иманғалиұлы болсын және басқа да азаматтар басқарған кезде қазақ телевидениесі қазақ тілінде өзекті тақырыптарды ашуға, қоғамдық маңызы бар хабарлар таратуға ұмтылып отырды. Осының бәрі тиісінше алғышарт жасап, Елбасының шешімімен «Qazaqstan» ұлттық арнасының қазақ тіліне толық көшуіне жол ашты. Қазір еліміздегі ондаған телеарналардың ішінде қазақ тілінде жүз пайыз хабар тарататын «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен балаларға арналған «Balapan» арнасы ғана. Қазақ телевидениесі арқылы қазақ қоғамында қандай өзгерістер болғанын байқауға болады. Кеше ғана Елбасы Н.Назарбаевтың Үкімет пен Парламент мәжілістері қазақ тілінде өтуі керек дегенінің өзі мемлекеттік тілді қолдану аясындағы жаңа бір кезеңді аша түседі.
– Қазір ұлттық идеологияға қатысты түрлі көзқарас, пікір бар. Біреулер оң, біреулер теріс танымда. Біз қазақ телевидениесі ұлттық идеологияның маңдай алдында тұруы тиіс дейміз. Осы орайда не айтар едіңіз?
– Телевидение кез келген елде тек ұлттық идеология ғана емес қоғамның жалпы бағыттарын айқындайды. Осы корпорацияға басшылық қызметке келгеннен кейін бірқатар шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, сапарға шығып, көзбен көргенімде, әңгімелескенімде бір байқағаным, әр елде телевидение сол елдің дамуына қатысты мәселелерді шешуге күш салады. Мысалы, Жапониядағы атақты NHK телекомпаниясын алайық. Егер кез келген елде телевидениенің негізгі жұмысы ақпарат тарату, жаңалықтарды жеткізу деп түсінсек, олар басты бағыттарын былай деп жазып қойған: «Біздің телевидениенің ең басты мақсаты – адамның өмірі мен денсаулығын қорғау». Осы слайдты көргенде бұл сөздің мәнісін сұрауыма тура келді. «Телевидение қалайша адамның өмірі мен денсаулығын қорғай алады?» деймін.
«Біздің ойымызша, телевидение алдымен адамға пайдалы қызмет атқаруы керек. Шындығында, біздің бірінші миссиямыз осындай. Жапония аралда орналасқандықтан түрлі табиғат апаттары, жер сілкінісі, цунами жиі болады. Біз телевидениені неғұрлым тартымды етіп, адамдардың қызығушылығын арттырып, көбірек тартуға тырысамыз. Егер қандай да бір төтенше апатты жағдай бола қалса, дер кезінде ақпарат беріп, хабардар етіп адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуымыз керек. Егер қауіпті жер сілкінісі болып жатса үкімет басқа бір жерге ауысуы мүмкін, әуежайлар жабылады, оқу орындары, дүкендер жабылады. Ал біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Төтенше жағдай болып, барлығы эвакуацияланса да біз өз орнымызда қаламыз, соңына дейін азаматтарға қызмет көрсетуіміз керек» деді олар.
Ал кореялық әріптестермен кездескенімізде айтқандары мынадай:
«Тоқсаныншы жылдары еліміз экономикалық тұрақты даму жолына түскенде корей азаматтары көп еңбек етті. Бүкіл халық күн демей, түн демей жұмыс істеді. Сонда біз ойладық, корей азаматтары күні бойы маңдай терін төгіп, еңбек етеді. Олар кешкісін үйлеріне келгенде лайықты дем алуы керек. Телевидение осы бағытқа күш салуы тиіс».
Бұл мысалдарды не үшін келтіріп отырмын. Әр елде телевидениенің өзіндік бір атқаратын миссиясы болады. Біздің жағдайымыз өзгешелеу. Тәуелсіздік үшін күрес әлі де жүріп жатыр. Күрес өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы тәуелсіздікті жариялаумен аяқталмайды ғой. Тәуелсіздіктің негізін бекіту керек. Ол, ең алдымен, ұлттық сана үшін күрес. Дегенмен, бұл жерде мен телевидениені бөлек қарастырғым келмейді. Мен бұрыннан айтып жүрмін, тәуелсіздік жылдары қазақ журналистикасы ұлттық партияның рөлін атқарды деп. Ұлттық тақырыптарды, тіл, діл, жер, тәрбие, ұлттық құндылықтар, ұлттық салт-дәстүр мәселелерін әр кезеңде тұрақты түрде көтеріп келген, осы өзекті мәселелерді, қазақ қоғамына қажетті дүниелерді күн тәртібінен түсірмей келген қазақ журналис­тикасы болды. Ұлттық бағыттағы қоғамдық қозғалысты, партиялар жоқ кезде қазақ бұқаралық ақпарат құралдары атқарды. Сондықтан да мен телевидениені бөліп айтқым келмейді, себебі, жалпы қазақ баспасөзі бұл тұрғыда үлкен рөл атқарды. Қазақ журналистикасы үнемі дүниетанымдық мәселелерді алға тартты. 2002 жылдары қазақ тілді басылымдар мен орыс тілді басылымдарда көтерілген тақырыптарды салыстырып, зерттеу жасаған едім. Сонда байқағаным, сол кездері орыс тілді ақпарат құралдары экономикалық жағдайларды, саяси оқиғаларды көбірек жазатын болса, қазақ тілді басылымдар тұрақты түрде ұлтқа қатысты мәселелерді үзбей жазып отырған. Күні бүгінге дейін солай. Ең үлкен тақырып – ұлт, ұлттық идеология. Бұл жерде әрине, телевидениенің рөлі де орасан зор болды.
Қазіргі кездегі негізгі мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Біз толықтай қазақ тілінде қаншама хабарлар жүргізіп, ақпарат таратып жатсақ та, өзге салаларда экономикалық, саяси, қоғамдық мәселелер өзге тілде жүргізіледі. Жақында бір блогер азамат әзіл ретінде «жұртқа танымал болу үшін өлеңді қазақ тілінде шығарып, кино түсірсең орыс тілінде түсіру керек екен» деп жазыпты. Әзіл де болса, ащы шындық. Осыдан да көп нәрсе аңғаруға болады.
Бұл жерде аудиторияның сұранысына сәйкес келетін сапалы дүниелер шығару мәселесі тұр. Біз тақырыптар ауанын кеңейтуіміз керек. Тарихи сюжеттер, тарихи драмалар түсіруді қымбатсынамыз, бюджет аз. Қаржы- қаражат жағы жетісе бермейді. Дегенмен, бұл тұйыққа тірелу деген сөз емес, тақырыптарды кеңейтуіміз қажет.
Біз таяуда сараптама жасайтын кеңес құрдық. Оған бірнеше білікті азамат шақырылды. Қазіргі қазақ әдебиетінің алдында қандай мәселелер тұрса, қазіргі қазақ телевидениесі мен киносының алдында да сондай мәселелер тұр.
–Қазақ телевидениесі бүгінгі заманауи талаптарға қаншалықты жауап бере алады? Ақпараттар заманында жаңа техникамен, технологиямен жарақтанған телевидениенің ақпарат майданындағы орны қандай? Алыс-жақын көршілермен осы бағытта бәсекеге түсе алып отыр ма? Оны былай қойғанда, Қазақстанның барлық елді мекендері түгел қамтыла ма?
– Бүгінгі таңда телевидение мүмкіндігінше барлық тиісті техникамен жабдықталған. Дегенмен, әлі де болса қосымша қолдауды қажет етеді. Үнемі айтып жатамыз, жылжымалы техникалық станция керек, студияларды әлі де болса жарықтандырып, жетілдіру керек деп. Мәселен, біздегі ең үлкен жақсы жабдықталған студияларда 30-40 жарық қондырғысы қойылған болса, Корея, Түркия, Қытай елдерінің студияларында сондай 600-800 қондырғы бар. Біз НD форматқа енді көшіп жатырмыз, ал шетелдік телевидениелер баяғыдан сондай форматпен жұмыс істейді. Біз фильмдерді 2К стандартымен енді-енді түсіруді бастасақ, өткен жылы Жапонияға барғанда көрдік, олар 8К стандартымен түсіреді. Техникалық стандарттар соңғы жылдары тез қарқынмен дамып барады. Оларға ілесіп кету мүмкін емес. Бір жағынан қазір бірден 8К стандартының қажеті де жоқ. Алдымен қолданыстағы стандартты игеріп алайық.
Рас жаңа техникамен жабдықталу көп мәселелерді шешеді. «Qazsport» арнасын қалай НD форматқа көшірдік, солай біраз азаматтар осы арнаға ауысты. Себебі спорт сүйер қауым картинаның, экрандағы бейненің түзелгенін, үлкен дәлдікпен берілетінін айтып жатыр. Сондықтан қазір HD форматқа көшіп, техникалық мәселелерді шешіп жатырмыз.
Мәселе онда да емес. «Qazaqstan» ұлттық арнасы еліміздегі елді мекендерді 99 пайыз қамтып, хабар таратып отыр. Өзге бірде-бір арна ондай мүмкіндікке ие емес. Үлкен телеарналар облыс орталықтарын ғана қамтиды. Бұл жерде де сәйкессіздіктер бар. Бізде рейтингті өлшейтін, арналардың қаралуын саралайтын компания бар. Ол 100 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде ғана өлшем жүргізеді. Соның салдарынан телеарналарды ынталандыра алмайды. Ал арналар 100 мыңнан төмен тұрғыны бар елді мекендерге хабар таратуға ешқашан ұмтылмайды.
Қазіргі заманда технологиялардың тез өзгеретіні сонша, біз бұл мәселені шешеміз, игереміз деп жатқан кезде жағдайдың өзгеріп кетуі мүмкін. Себебі ел интернетке ауысып жатыр, бізде болсын, шетелде болсын жұрт ақпаратты интернеттен жылдам ала қояды. Бұл әлем бойынша ортақ тенденция. Қай елдегі әріптесімізбен сөйлессек те айтатындары бір-ақ нәрсе, телевидениені көру деңгейі төмендеп барады. Яғни азаматтар жаңалықтарды көру үшін кешкі сегізді немесе тоғызды күтіп отырмайды, сол сәтте интернеттен қарайды, талқылайды болды. Немесе белгілі бер телесериалды көру үшін күтіп отырмайды, олар өздеріне керектісін интернеттен тауып көріп алады. Біз осындай тенденцияларды міндетті түрде ескеруіміз керек. Қазір негізгі жұмысымыздың бірі осы бағытта болып отыр. Біз де өз өнімдерімізді әлеуметтік желі арқылы кеңінен таратуға ұмтылып отырмыз. Мысалы, ­«Балапан» арнасында шығатын «Қалқанқұлақ» телесериалы апта сайын әлеуметтік желіге шығарылып отырады, апта сайын Youtube-те 2 миллионнан астам көрсетілімі болады. Яғни апта айын 2 миллион бала көріп отыр деген сөз. ­Немесе мынадай мысал келтірейін. Ұлттық арнаның Youtube-тегі көрсетілімі жеті күнде 77 миллионға жетті. Ал жалпы корпорацияныкі 277 миллион болды. Осыдан-ақ қаншама адамның ақпаратты Youtube арқылы алуға әуестігін көруге болады.
Біздің тағы бір үлкен жаңалығымыз – жуырда смартфондарға арнайы дайындаған қосымшамызды іске қосамыз. Кез келген қолданушы оны осы жерден жүктеп алады, осы арадан жаңалықтарды оқып отырады. Бейнетаспасы да, жазуы да бар. Жазуларды қазақша оқытқалы отырмыз. Өйткені бейнетаспаны көруге мүмкіндік болмаған кезде, мысалы адам машинада келе жатқанда, дауысын естіп отырады, көзі көрмейтін жандар үшін өте қолайлы.
Бұл жерден телебағдарламаларды қарауға болады. Немесе өтіп кеткен бағдарламаны қарағысы келсе, сол күнді тауып, ашуына болады. Оны да көре алады. Егер белгілі бір уақытта белгілі бір бағдарламаны көру керек болса, уақытын қоясыз, бес минут қалғанда сол бағдарламаның басталатынын ескертеді. Телеарналардың барлығын тікелей эфир режімінде көруге болады. Яғни қазіргі заманның талабы сондай, телевидение осындай жаңа тенденцияларды ескеруі керек. Барлық күшімізді телевидениеге салғанымызбен жастар телеарнаны қарамайтын болса пайдасы не? Қандай дұрыс әңгіме айтылса да ол ауаға босқа кетіп жатқанмен бірдей. Сондықтан біз бір жағынан телевидениені жастар қарайтындай қызықтырақ жасауға ұмтылып жатырмыз, екінші жағынан әлеуметтік желі арқылы да жұмысымызды көрсетуге тырысамыз.

Ал енді ақпарат майданында бәсекеге түсу жағына келетін болсақ, бұл бір жағынан қиын. Себебі кім-кімнің үйінде де теледидар түрлі операторларға қосулы. Кез келген отбасы кабельдік операторды пайдаланады. Оның ішінде кем дегенде 50-60 канал бар. Егер біз бұрын Ресей телеарналарымен бәсекеге түсу жайын қозғасақ, қазір алпыс немесе одан да көп телеарнамен бәсекеге түсеміз. Мәселен, балаңыз мектептен келіп теледидарды қосқанда, керегін алпыс арнаның ішінен таңдайды. Оның үстіне бәрінде қазір интернет бар. Енді жастар интернет телевидениені қарайды. Оның ішінде қаншама кино немесе басқа түрлі бағдарламалар бар. Адам алдымен ақпаратты тасымалдаушы құралды таңдайды.
Бәсекелестік, меніңше, мектептен үйге келген баламыздың қандай телеарнаны ашып, қандай бағдарламаны көруіне байланысты. Жасыратыны жоқ, қазақ мектебінде оқитын балалардың өздері үйге келгенде «Маша и медведь» дегенді қарайды. Бәсекелестік осыдан басталады. Мен жаңа айтып отырғандай, «Қалқанқұлақты» 2 миллион бала қарауы біздің өнімдерге де, қазақ тіліне де сұраныс барын көрсетеді. Бірақ, бұл жерде тағы бір ескеретін мәселе бар. Ақпарат таратуда біз алдымен өз өнімдеріміздің сапасын арттыруға баса назар аударуы­мыз керек. Неге көпшілік Ресей арнасын қарайды? Өйткені олар халықаралық деңгейде кең тараған, барлық жерде өкілдері бар. Бізде не тілшілер қосыны жоқ, не тікелей бейнебаян ала алмаймыз. Не сарапшыларымыз жоқ. Сондықтан Сириядағы соғыс, Америкадағы сайлау болсын, күйіп тұрған басқа мәселелер болсын, солтүстіктегі көршілеріміз тікелей хабар жүргізеді, жұрт ОРТ, НТВ телеарналарын көреді, солардан ақпарат алады. Енді өзіміз шетелдік ақпарат арналарынан қажетімізді тікелей алуымыз керек. Біз қазір CNN-нен, американың өзге ақпарат құралдарынан тікелей ақпарат алу үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз.

– Қайда да, қашан да мәселені кадрлар шешеді. Осы орайда қазақ телевидениесінде кадр жағдайы қалай? Маман тележурналистерді даярлау мәселесі, хабарлардың сапалық деңгейі туралы ойыңызды білсек.
– Қазақ журналистикасының ең үлкен ­проблемасы ол – кадр мәселесі. Себебі бір кездері ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалды. Телевидениеге алғаш келген кезімнен көзге түскені осы болды. Экранда жаңалықтарды университетті жаңа бітірген жап-жас балалар жүргізіп отырады. Бірақ Америкалық, Ресейлік, жалпы әлемге танымал телеарналарды қарасаңыз хабарларды тәжірибелі үлкен кісілер жүргізеді. Неге? Себебі өмірлік тәжірибесі мол адамдарға сенім бар. Кез келген тақырыпта белгілі бір мәселені айтып отырса, оның сөзі нанымды шығады. Бізде бір кездері бәрі теп-тегіс, әдемі болсын деген әуестік пайда болды. Телевидение экранының бетін жас адам ашады деген сияқты бір ұстаным болды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Тек әдемілікке ғана ұмтылмауымыз керек. ­Нанымды, шынайы ақпарат беруге, сарапталған дүние ұсынуға тырысуымыз керек. Бұл жерде кәсіби мамандар, журналистер керек. Сондықтан да алғашқы қадамдарымыз осы бағытта жасалды. Қымбат Досжан, Данияр Меңлібек сияқты тағы да басқа тәжірибелі журналистерді эфирге қайтадан тартуды жөн көрдік. Түрлі себептермен экраннан кетіп қалған аға буын мен орта буынды қайта әкелдік. Бірге жұмыс істесін, жастар үйренсін, кәсіби мамандық сабақтастығы жалғассын деген ниет болды. Тәжірибелі журналистер эфирдің қыр-сырын әбден меңгерген, экранға шығу үшін екі сағат бұрын келіп әзірлік жасайды. Ал біздің кейбір жас әріптестеріміздің өз күшіне сеніп алғандығы сонша, эфирге бір-екі минут қалғанда келеді. Жастар жағы мәтінмен жұмыс істеуді білмейді, көпшілігі мәтінді өздері дайындамайды. Екі мыңыншы жылдары мен «Хабар 2»-де бағдарлама жүргізгенмін. Мәтінді өзіміз жазып, дайындалатынбыз. Қазір жастардың көбі жақсы оқиды, бірақ мәтін жаза алмайды. Оқу алдымен оның жазуына байланысты болуы керек емес пе? Кәсіби шыңдалу деген жоқ.
Тағы бір үлкен проблема – телевидениеде қазақ тілді сарапшылар жоқ. Қазір біз «Басты тақырып» деген бағдарлама аштық. Сондағы журналистерге қазақ тілді сарапшыларды тартуға тапсырма бердім. Бұған дейін белгілі бір салада сұхбат құрып, талдап, түсіндіріп беретін мамандарымызды шығармадық. Олар жоқ емес, бар. Бірақ біз оларды тауып тартуды қойдық. Ондай адамдарды іздеп табу керек. Кезінде Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз белгілі бір саланың мамандарын тартып, ортаға шығарып отырды. Уақыт өткенімен осы өзекті мәселе әлі де өзекті қалпында. Өткенде біз авиация мәселесін талқылап жатырмыз. Осы мәселені қазақ тілінде жетік сараптап беретін мамандар қатыспады. Оларды тауып, ұдайы осындай тақырыптарды талдауға тартып тұрмағаннан кейін жұрт та біле бермейді.
– Рухани жаңғыру – қазақтың рухын көтеруге бағытталған игі іс! Бұл жерде телевидениенің рөлі өте жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ауқымды міндет қалай орындалуда?
–Шындығын айтсам, телевидениеге келген кезде контентті өзгертеміз, жалпы мазмұнын өзгертеміз, телевидениені ұлттық құндылықтарға, танымды мәселелерге бұрамыз деп мақсат қойып жатқан кезде Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласы шықты. Сол кезде қуанған азаматтардың бірі мен болдым. Себебі Елбасының бұл бағдарламалық мақаласында қазақ қоғамының алдында тұрған өзекті мәселелердің көтерілгені бір бөлек, оларды шешу жолдарын да көрсетуі ақпарат құралдарына нақты бір бағыт көрсетті. Жаңа идеялардың алға шығуы біздің жұмысымызға түрткі болды. Біз қазір осы бағытта жаңа сериалдар түсіріп жатырмыз. Бірнеше жаңа бағдарламалар енгіздік. Ол – Дархан Әбдік жүргізетін «Парасат майданы», тікелей эфирде өтетін Берік Уәли жүргізетін ток-шоу – «Бірінші студия» және басқалар. Осы сияқты жаңа жобаларға жол ашылды. Яғни бір жылдың ішінде ондаған қоғамдық, саяси, әлеуметтік-гуманитарлық жаңа бағдарламалар енгіздік. Бұйрса, осы аптада эфирге «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасы енеді. Өткен жылы бірінші рет «Мен – қазақпын» атты халықаралық мегажобаны бастадық. Қазақтың музыкалық төл өнерін насихаттайтын жоба үш бағыт бойынша жүргізілді. Күй, терме және дәстүрлі ән бойынша орындаушыларды әр облыстан іріктеп, ол ғана емес, Ресейден, Қытайдан, Моңғолиядан талантты өнерпаздарды тарттық. Рухани төл мұрамызды өстіп заманауи тұрғыда кеңінен көрсетуге мүмкіндік алдық. Рухани жаңғыру туралы мақаласында Елбасы қазақ мәдениеті мен өнерін шетелге де насихаттау жайын айтты ғой. Біз «Жібек жолы» жобасын жасадық. Сол бойынша қазақ телевидениесінің бұл жобасы сегіз мемлекетте жүріп отырды. Грузия, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты елдерден келген әншілер алғашында өз тілдерінде ән салды, екінші кезеңде қазақ тілінде айтты. Осы арқылы қазақ тілін наихаттаудың жақсы бір жолын таптық. Мәселен, Әзербайжаннан, Түркия­дан, Грузиядан келген әншілер өз елдерінде танымал әншілер. Интернет желісінде олар шырқаған қазақ әндерін көрсету арқылы сәтті қадам жасалды.
Сондықтан Елбасының мақаласындағы ойлар жалпы отандық ақпарат құралдарына өздерінің жұмысын жаңа бағытта жаңа әдіс-тәсіл тұрғысынан ұйымдастыруға қозғау салды.
Ал латын қарпіне көшу туралы мәселені айтпағанның өзінде қаншама жобаларды осылай жүзеге асырдық. Рухани жаңғырудың негізгі бір бағыты ол – қазақ қоғамы ұлттық құндылықтарға бой түзеп, қазігі заманауи талаптарға сай болуы шарт. Біз осы жобалармен шектеліп қалмай, одан әрі тереңдей түсіп, жаңа тың бастамаларды жүзеге асыруымыз керек.

Әңгімелескен Ғабдул-Ғазиз Есембаев

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір