• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:57:20
Алматы
+35°

18 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Әкенің жақындығы жездедей-ақ". Осыған келісесіз бе?

«Мамам болса, шайын қойып, мені күтіп отыратын еді, әкенің орны жездедей» деген рас екен»

Қыс кезі болатын. Біріміз - студентпіз, біріміз - жұмыстамыз. Бір сыныптасымның әкесі қайтыс болып, қалада жүрген сыныптастар жиналып, екі көлікпен ауылға тарттық. Суық. Қар борап тұр. Аяқасты естігендіктен, жұмыстан шыға сала, түнделетіп жүріп кеттік. Қыздардан мен ғана. Бір көліктің алдына отырдым. Жол бойы өңкей жастар қызық қуып, бір флешка үшін жол қуаласып бардық. Көліктерімен жолға таласып, біздің әуен тыңдап келе жатқан флешкамызды алып алған екінші көліктегілер жеткізер емес. Оларды қуғанда дәл алдында отырған мен шопырмен бірге тежегішті басып отырдым. Екінші көлік анандай жерге барып тоқтайды да, шопыр-сыныптасым флешканы алып шығады. Біздің шопыр көліктен түсіп енді жете бергенде, көліктеріне отыра салып, қашады. Қойшы, әйтеуір сөйтіп жүректі алып, жаңа жауған тайғақ қарда «ойнақтап», барлық әндерге қосылып шырқап, жеттік әрең үйге, түннің бір уағында. Сағат шамамен бірден асты. Үйдегілерге хабарламаған ем. Достарым мені үйдің жанынан тастап, үйлеріне кетті. "Әкесі қайтыс болған досымыздың үйіне ертесіне барамыз" деп тарастық. Қар әлем жауып тастаған. Борбаңдап үйге жетіп, даланның ешбір жарықсыз, айсыз, жұлдызсыз аппақ, жап-жарық болып, айналамның бәрі айдан анық көрініп тұрғанына қарап табиғаттың тамашасына бір таңданып, Аллахтың құдіретіне тағы бір мәрте басымды иіп, жаңа жауған қардың тап-таза, «жұпар» иісін танауым тесілгенше иіскеп біраз тұрып қалдым есік алдында. Жаурай бастаған соң үйге кірмек болдым. Әкеме "тосынсый жасайтын болдым-ау" деп мәз болып келе жатқан мен, есікке жете бергенде ғана барып, есікте тұрған құлыпты көрдім. Жүрегім мұздап кетті. Жаңағы тоңған түк емес, дәл сол сәтте тұрған орнымда қатып қалдым. Өн бойым дірілдей жөнелді. Ешқашан, ешқашан... мен студент болғалы келгенімде біздің  үйдің есігінде құлып тұрған емес! Ешқашан! ...мама бар кезде... Еңкілдей жөнелдім. Тоқтай алмадым. Отыра кетіп жыладым. Не үшін жылап жатқанымды білемін. Қанша отырғанымды білмедім. Бір кезде "әкем қонаққа кетіп, інілерімді сыртынан құлыптап кеткен шығар" деген ой келді. Атып тұрып, есікті қаға жөнелдім. Ашпады. Ұзақ әрі қатты қақтым. Ашпады. Тағы жылай бастадым, кімге, неге екенін білмеймін, әйтеуір ұрсып жатырмын, ұрсып жатырмын, есікті қағып жатырмын. Тоңған бойымды жылытуға ық іздей бастадым. Сол күйі ешкім ашпады...

         Телефоным есіме түсіп, сағатқа қарасам, екі болыпты. Көрші үйде тұратын әкемнің інісінің үйіне баруды жөн көрдім. Заттарымды есік алдындағы ыққа қалдырып, басып қалған қармен борбаңдап көкемнің үйіне жылжыдым. Жаңа ғана кереметтей, кіршіксіз, тыныштық әлеміндей көрінген қыстың түнгі келбеті енді маған қорқынышты көріне бастады. Тірі пенді жоқ. Тіпті ит те. Бір өзім түннің жарымынды екі үйдің ортасын кезіп жүрмін. Көкемдердің де есігін он минуттай қағып ешкім ашпаған соң, үй жаққа оралдым. Амалын таба алмадым. Жылауға да шама жоқ. Жол жүріп, әбден жылап, жаураған менің әлім де қалмады. Тоңғаннан дірілдей бастадым... Ішімнен «мамам болса, шайын қойып, мені күтіп отыратын еді, әкенің жақындығы жездедей-ақ деген рас екен» деп өзіммен-өзім күбірлеп қоямын. Бір жағынан «келем деп айтпаған өзіңсіз ғой» деп, өзімді де жазғырудамын. Қойшы, сонымен сабылып тағы 10-15 минуттай жүрдім...

Кенет есіме әкемдер жататын бөлменің сыртқы әйнегінің жоғарғы жағының кішкене жері сынған терезесі есіме түскені (күзде үй әктегенде өзім сындырғанмын ғой, жуамын деп, түйе деуші еді ғой мені). Жанталасып терезеге ұмтылдым. Сөйтіп, сол сынық арқылы ішкі терезені ішке итеріп, сосын сыртқысын итеріп... Иә, терезе арқылы алдымен сөмкелерімді ішке лақтырып, сосын пышпыңдап өзім кірдім. Ас бөлменің жарығы жанып тұр. Жатын бөлмеде екі інім ауыздары ашылып ұйықтап жатыр. Үйді тонап, танк басып кетсе де оянбас, сірә. Әкем сырттарынан құлыптап, қонаққа кеткен екен. Пеште аздап жылу қалыпты. Тамақ іздеп, сөрелерді бір ақтарып, оны-мұны жеп, жылынып алдым. Ұйқым келер емес. Сағатқа қарасам, үштен кетіпті. Әл жинап алып, қонақ бөлмеге кіріп, альбомдарды, анамдың отыз жыл еңбек еткен қағаз-кітаптарын ақтарып шықтым. Киімдерін иіскеп, орамалын оранып... тағы да, иә, тағы да жылауға көштім... Сөйтіп, мен, жалғыз, өзім - үшеуміз болып біраз сағынышымызды басып алдық. Сағат төртке таяғанда төсек салып, анам мен әкемнің төсегіне қол-аяғымды бауырыма алып, анамның орамалын құшақтаған күйде ұйқыға кеттім...

         - Таңертең «Өй, кім ол жатқан? Құрсын! Кім кіріп алған үйге?» - деп шыққан әкемнің дауысын естіп жатсам да, қозғалмай қойдым. Теріс қарап, көрпені бүркенген күйде жата бердім. Әкем ақырын келіп, көрпенің бас жағын еппен аша бастады. «Вәәәә» деп айқай салдым. Әкем шошығаннан секіріп кетті. Мені көріп: «өй, әкеңнің қызы, қайдан жүрсің» - деп, маңдайымнан сүйді...

       Жоқ, түндегі әкеме ренжігенім орынды болмапты. Әкемнің ыстық алақанымен екі бетімнен қыса, маңдайымнан сүйгені... сағынышын сездіре... Сонда барып, «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген менің әкеме айтылмаған екен ғой деп ойладым...

Н.ғ.: ...дәл сол кезде жарыса барған екінші көліктің шопыры - сыныптасым біраз уақыттан кейін тағы бір сыныптасыммен бірге көлік апатынан ажал құшатынын ол кезде білмеген ек... Сол бір қуанышты, көңілді сәт есімде қалыпты, сол сыныптастарым да...

 Мақпал Сембай       

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір