• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 17:36:52
+35°

14 Қыркүйек, 2018 Саясат

Академия ғалымы Моңғолия президентімен кездесті

Моңғолия президенті Х.Баттулга Моңғолиядағы мәдениет елшілерімен кездесті.

Моңғолия президенті Х.Баттулга Моңғолиядағы мәдениет елшілерімен кездесті. Олардың арасында Халықаралық Түркі академиясы ғылым бөлімінің аға менеджері Ақеділ Тойшанұлы да бар. Бұл туралы Соңғолия президентінің ресми сайты хабарлады.

Кездесуде Баттулга Моңғолия Мәдениет елшісі деген абыройлы да жауапкершілігі зор міндетті адал атқарып, шығармашылық еңбегімен Моңғолияның мәдени қатынасына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Президент елшілерді моңғол елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланыстары туралы ақпарат алмасып, тарихи, мәдени мұраларды жүйелі насихаттап, үкіметтік және қоғамдық ұйымдармен тығыз бірлікте, белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Өз сөзінде Баттулга: «Біздің кең байтақ жерімізде ғұн, түрік, моңғол империялары өмір сүрген, әлемге әсер еткен. Көшпелі өркениет дәстүрге бай. Сол себептен туризмге аса мән беріп, алдағы уақытта ірі бағдарлама жасамақпыз. Бұл жүйеде түркі мұрасына арналған кешен де бой көтереді, мен осы мәселені алдағы уақытта парламентке таныстыратын боламын», - деді.

Қазақстандағы Моңғолияның Мәдениет елшісі, ғалым, TWESCO ғылым бөлімінің аға менеджері Ақеділ Тойшанұлы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы көшпелі өркениетті зерттеуге жүйелі мән беріп келеді. Академия Моңғолияның Бұлғын аймағында орналасқан Шивээт улаан кешеніне үш жыл археологиялық зерттеу жүргізді, нәтижесі табысты болды. Моңғолия Ұлттық музейімен бірлесіп Керулен жобасын жүзеге асырып, Хэнтай аймағындағы Хаяахудаг көне түркі кешеніне археологиялық қазба жүргізіп, зерттеу нәтижелі болды. Кешендерден табылған қазыналар тарихымызды зерделеуге соны серпін берері сөзсіз. Ескерткіштерді қорғауға әрі сақтауға үлес қосылуда. Осы ғылыми экспедицияларға көмек көрсеткен Моңғолияға, әріптес ғылыми-мәдени ұжымдарға, ғалымдарға алғысымыз шексіз. Алдағы жоспарларымызға қолдау білдіріп, қабылдағаныңызға рақмет айтамыз», - деді.

Кездесуге Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Б.Батцэцэг, Моңғолия президентінің кеңесшісі Т.Тэгшжаргал бастаған ресми өкілдер, Моңғолияның Мәдениет елшілері қатысты.

Айта кетейік, Ұланбатыр қаласында Моңғолия мәдениет елшілерінің алғашқы форумы басталды. Алқалы жиында Алқалы жиында Моңғолияның Қазақстандағы Мәдениет елшісі, ғалым А.Тойшанұлы соңғы жылдары Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия арасындағы ғылыми-мәдени байланыстардың қарқынды дамығаны туралы баян етті. Моңғолия Сыртқы істер министрі Б.Батцэцэг жиынға қатысушыларға толағай табыс тілеп, ғалым Ақеділ Тойшанұлын Моңғолия Сыртқы істер министрінің арнайы сертификатымен марапаттады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір