• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 20:43:53
Алматы
+35°

18 Мамыр, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Күні бойы Алматыда «қаңғырған» аяқтарыңды әрең сүйреп, бәленбай сағат автобуста қос аяқтан тік тұрып, кешкұрым үйге жетесің, әйтеуір. Келген бетте киім шешпестен, шартты рефлекс секілді бірден теледидар қосасың. Менің үйге келетін уақытым дәл 31 телеарнасының Информбюросына сай келеді.

Бүгін де кешегі жаңалықтар секілді. Қазақстанның мына қаласында көп балалы отбасы қуықтай патерде күн көруде, мына қалада атыс болды, мына ауылда су жоқ, жарық жоқ, мына қалада адам өлігі табылды, әуе мынанша адамды ажал құштырды, бәленбай жерде бәленбай көлік соқтығысты, нәтижесінде мынанша адам мерт болды.... Құдай-ау, мына әлемде, елімізде не болып кетті өзі?

Осыдан бірнеше жыл бұрын, мен оқушы болғанда, осындай оқиғалар тек Америкада, Қытайда тағысын басқа өзге елдерде болатын сияқты көрінуші еді. Қазір дәл біздің жанымызда болып жатыр. Тіпті қорқасың. Жаңалықтарда көргенде, осыдан бір сағат бұрын ғана жүріп өткен жолыңда адамды қағып кетіпті деп көрсеткенде, денең түршігеді. Сол адамның орнында мен де болуым мүмкін еді. Кешкі жаңалықтарды көрейін деп қай телеарнаны қоссақ да, сол бір бітпейтін жағымсыз жаңалықтар... Көрмейін десем, көзім, естімейін десем құлағым бар, әттең. Іштей дұға тілеп қана отырамыз. 

Кейде автобуста кетіп бара жатып көретініміз мынау. Үлкен жолда дабылқаққышын «ойбайлатып» бара жатқан жәрдем көлігіне жол беруді де білмейді кейбір жеке автокөлік иелері. Дәрігерлер ойнап бара жатқандай. Автобуста тұрған біз, бейне бір таса жерде тұрғандаймыз. Автобус сыртындағы басқа әлем секілді. Дәл сол жедел жәрдем бір күні бізге де, сізге де көмектесуге осылай асығатынын білмейміз бе әлде?

Білесіз бе, «темір тұлпар» иелері, сіздің бір реттік жол бермей, айналадағы жағдайларға селқос қарағаныңыз бір адамның өмірін жалмауы мүмкін. Егер... егер сіз сол жедел жәрдемге жол берсеңіз, көшенің анау басында соқтығысқан көліктердегі адамды немесе өрттен денесінің жартысын күйіп шалған жанды, өмірге ренжіп, бәленбай қабаттан өзін-өзі лақтырып жіберген жасөспірімді немесе құнды қағаздың кесірінен «жауларынан» денесіне ауыр жарақат алған адасқан біреуді, жүрек талмасынан құлаған анаңыздай, әкеңіздей жанды аман алып қалу мүмкін болар еді... тек егер де сіз жол бергенде...

Қазағымның қай телеарна болмасын, күндердің бір күні жаңалықтарды тек жақсылықтан бастап, тек жақсылықтан аяқтар.. өлмейтін үміт қана... 

P.S. Адамдар, неге қатыгез болып барамыз? Мейірімді болайықшы? Қамқор болайықшы? Бір-бірімізге жақсылық жасамақ та жамандық жасамай, күн сыйлай алмасақ та, күннің сәулесін сыйлауға тырысайықшы? 

Мақпал Сембай

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір