• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:19:25
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2018 Тарих

Абылай хан заманындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының тарихынан

Абылай Орталық Азияда қалған соңғы көшпелі елдердің басын уақытша болса да қосты.

1760 жылдары  Абылай ханның Жоңғариядан жаңа босаған Шығыс өлкені бейбіт игеру саясатына қырғыз тайпаларымен жиілеп кеткен шиеленістер теріс әсер ете бастады.  Екі арадағы жаугершіліктің басты себебі - Шу бойындағы шүйгін алқаптарға, Шығыс Түркістанмен арадағы сауда жолдарына талас. Қалмақ шапқыншылығы кезінде Хиссар асып кеткен қырғыз тайпалары Жетісу өлкесіне қазақтан кейін келді. Лама Дорждының заманында, Әмірсана мен Давацидың бүлігі кезінде, одан кейіе Қытай шабуылы кезінде Жоңғария жұртына емін-еркін еніп кеткен қазақтың жауынгер елі өз қарамағына алып қалған Жетісу сияқты жер жаннатыны қырғызға беріп қойып қарап отыра алмас еді. Оның үстіне қазақ саудагерлері Ерен-Қабырға бойындағы арзан сауданы менсінбей, Қашқария базарларының қымбат саудасына араласқысы келді. Қырғыз болса бір жағынан жерден үлес алғысы келсе, екнішіден сауда керуендеріне кедергі жасап екі арадағы қарым-қатынасты ушықты.

Бір жағынан қазақ пен қырғыз арасындағы жағдай мемлекет аралық ережелерге келмейтін де еді, себебі қырғыз жұрты қазақ түсінігінде қашанда өз шылауында жүрген ел.

Бізге белгілі құжаттар қырғыз елінің Есім хан заманынан бері қазаққа қанаттас болып жүргенін айқындайды. «Есім хан қатағанның хан  Тұрсынымен соғысып, Тәшкентті аларда қырғыз Көкем би жанында екен. Сол бидің құрметіне деп Тәшкенде «Көкемнің көк күмбезі» аталатын құрылысты салған еді» деп жазады Шоқан Уәлиханов.

Күні кеше ХУІІІ ғасырдың 20-жылдары  екі халық қиыншылықты бастарынан қатар өткерді. Қазақ «Ақтабан шұбырынды» болса, қырғыз қалмақтың соққысынан «Қарсы-Құзарды асып, қайың сауып кетті». Дүрбен-ойрат мемлекетінің күшейіп тұрған кезінде қырғыздар Алатаудан шегініп арғы Памир, Бадахшан маңына барған, Әндіжанды қоныстанған. Бірақ аздаған бөлігі Тянь-Шань мен Іле арасында көшіп жүріпті. Жоңғарияны бір жағынан Қытай, бір жағынан Қазақ хандығы құлатқан  уақытта қырғыздар қайтып келіп Нарын, Шу басы, Ыстықкөлдің маңын қоныстана бастады. 1760 жылы қырғыздың мыңдаған үйі Атбасыға көшіп келді,  бір бөлігі Таласқа бағыт алды. Бұл көш-қон қытайды да, қазақты да ойл андыра бастады. Қара қалмақпен қанша соғысып, енді қайтарып алдық па дегенде ата-бабаның кіндік қаны тамған жерге басқалар иелік ете бастаса не істмек керек ?. Осыдан қазақ пен қырғыз арасында шекара соғысы басталды.

Қазақ XVIII ғасырда қырғыздың екі түрін көрді: бірі - Енесей қырғызы, екіншісі - Алатау қырғызы. Қазақтың арасында ескі қырғыз көп, олардың  Бөйті, Жүнді, Естеке деген сияқты аталары Орта жүз бен Кіші жүз ішіне ертеде сіңген,  бәрі қазақ аталады.  Бұлар  ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдың басында Ібір-Сібірден  орыспен соғысқа шыдамай ауып келгендер. Алатау қырғызы ертеден бөлек ел.  1758 жылы Гиссар-Памирден (Қарсы-Құзар)  қайта келген ел Қытайға елші салды. Сол кезде қырғыздың бас манабы - сарыбағыш пен саяқты қолымен өргізетін Мәмбетқұл деген адам екен. Чжао Хао бастаған Қытайдың әскерін өз қотанынан көріп қорқып кетті. Манаптың жасы 90-нан асқан уақыты, сондықтан жүруге жеңіл деп қырғыздар Бейжінге Шерікшіні жіберді. 1759 жылы Алты шаһар елін билейтін қожалар үкіметі билігінен біржола айрылды. Ақтау, Қаратау қожалары болып соғысып, бірін-бірі күндеп Сыбан-Раптанның кезінде-ақ өз билігінен айрылған еңбекқор, қалалығы «сарт» , далалығы «тараншы» аталатын мұсылман халқы бар бұл өлке көптен бері дағдарыс үстінде. Ойрат билеушілері осы бай алқапты аямай тонады, еңбекқор егіншілерін Жоңғарияға көшіріп, саудагерлеріне  алым-салық салып, қожаларды тоздырып жіберді. Бірсыпыра уақыт билеушілерін аманат есебінде Ұрғада ұстады, мысалы Жихан қожаны. Осы Жихан қожа Жаркенттен, ал Бұрқан-ад-Дин Қашқардан 1759 жылы Қытайға бағынбаймыз деп қашып шығыпты. Қытайлықтар оларды алдымен Қырғыз жерінен Ыстықкөлден іздеді.

Осы 1759 жылдан бастап қазақ пен қырғыз арасындағы ескі достық одақ сыр бере бастады. Қазақ пен қырғыздың арасын ашқан Алты шаһар мәселесі болатын. Абылай хан мен Қытай императоры Хун Лидің келісімі бойынша екі ортада сауда орталығы болып Үрімші мен Ерен Қабырға белгіленген. Қытайлар қазақты Қашқарияға жолатпауға тырысты, себебі Қашқар базарында мал қымбат болатын. 1757 жылы көктемнен бастап соғысып, ақыры Алты шаһар бағындырылғанда қытайлықтар тағы да қазақты сыртқа тепті. Мысалы, қытайлықтар жылқыны Қашқария мен Үш Турфан базарларынан кемі 10 күміс лянға сатып алады, ал қазақтан тура сауда жасап Үрімшіде сол жылқыны 2-3 лян күміске түсіреді, яғни Қытай үшін Үрімші мен Ерен Қабырғадағы сауда пайдалы. Сонымен қатар қазақ малы Қытай үшін сутегін бағамен келіп, қытайлық саудагерлер қазақ малының қызығын көре бастады. Кейде қазақ саудагерлері Шығыс Түркістан базарларына мыңдап жылқы айдап апарып жүрді, бірақ Үш Түрфан, Жаркент, Қашқар шаһарларында қытай тарапынан көп кедергіге кездеседі. Тек Шығыс Түркістан сарттары өз пайдасы үшін жәрдемдесіп тығырықтан шығарды. Ал, Әндіжаннан жаңа келген қырғыз рулары саудаға үйрене бастаған қазақпен ұстасты. Қазақтарды Алты шаһар өлкесіне жақындатпау үшін қытайлар да қырғызды пайдаланды, ақыры екі ел өзара жанжалдасып тынды.

1760 жылдың жазғұтұрым Балабөген, Аса, Талас бойындағы қаптаған дулат пен қоңырат ауылдары қырғыздың шабуылына ұшырады. Қырғыздың тұтқиыл тигені сондай, қазақтың қазаны асулы, әбдіресі шашулы қалпы жаудың қолына түсті. Әсіресе, қоңырат ішіндегі Қазымәмек аталатын ағайынды ауылдар қырылып қалды. Қолына түскен жігіттердің бәрін өлтіріп, әйел, қыз біткенді шашынан матап қырғыз қолы Алатауға бір-ақ тартты. Қазақы арбаның арысынан аспаған балалардьң көбі де олжаға кетті. Қалған ел басын қосып қайрат қылғанша қырғыз Алатаудың бөктеріне сіңіп, үшті-күйлі жоғалды. Сонда қоңырат-дулат елінің аман қалған жақсылары Бәйтелі деген жас жігітті Әбілмәмбет пен Абылайға жұмсады, не де болса осы хабарды өз аузыңмен жеткіз. Абылайдан  көмек күтеміз, ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болып жүргенде ел бола алмаймыз, көмектеспесе қырғыздың қолында өлеміз - деді. Бәйтелімен қатар Абылай ордасына Түркістаннан Әбілмәмбет ханнан хабаршы келді. Ташкент түбінде орналасқан  құрама елінің саудаға, елшіге жол бермей тұрғаны айтылады: «что чинить будет владение ево Абулмаметя с кураминским народом,. Который-де никаких никуда для торгу караванов, також и никаких посланцев не пропускают, грабят и убивают в великой всегдашней разбой имеют, что унять их сатло невозможно».

Абылай  сұлтан орда маңындағы кеңесшілерімен ақылдасып барып үш күннен кейін қазақ руларына жарлық таратты. Бір жылдық ас-ауқаты, жылы киімі, қос-қос аты, саулық-інгенін алып қазақтың әр ер азаматы қырғыз бен құрамаға қарсы  аттансын деген.  Абылайдың өзі көк туын көтеріп  Көкшеден атқа қонды,  жауынгер саны жол бойы көбейе берді, 1760 жылдың тамыз айында қазақ ауыр әскері Қаратауға келді.

Қазақтың үш жүзінен жиналған Аса-Талас бойында бас-аяғын жинақтап бір еру жасады. Осы жерде Абылай жасағының құрамына Әбілпейіз бен Ханбаба сұлтандар бастаған Шығыс алқаптағы қалың әскер қосылды. Олар ішінде бірнеше жыл қырғызбен жаугершілікте шыныққан, әдіс- тәсілін зерттеген батырлар көп еді,  таудың ішіне кіргізбейміз деп  бірден  қалың қол қырғызды шапты.  Қазақ жағынан осы шайқаста ерлік көрсеткен Әлеке Алтын садақ, Серке, Әлібек, Наурызбай, Төлек, Олжабай палуан, Жаманқара, Абай батырлар. Қырғыз жеңіліп ақ үйлі аманат берді. Қырғызды дәргейіне қаратқан Абылай қолы аттың басын Тәшкентке бұрды, Бұқара, Самарқант шаһарларына елші салып, ел іргесін бекітті.

1761 жылғы Ресей патшасына жолдаған хатында Абылай сұлтан былай деп жазады - "1760-шы жылы Тәшкент тарапынан Ұлы жүзге бардық, содан қырғыз деген жауымызды шаптық, жаманын қырдық, қалғанын ел қылдық. Ақ үйлі аманат алдық, һәм Тәшкент, Бұқара, Самарқант шаһарларының елдері бір атаның баласындай тұруға уағдаластық".

Қырғыз елі осы жорықтың нәтижесінде қазаққа  ақ үйлі аманат берді, Абылай көшпелілердің тәртібімен ел арасын бітімге алып келейік деп Сарыбағыш руының манабы Мәмбетқұлдың қызына үйленді. Қырғыздан келген Тәтіш ханым қазір өз басына жеке үй тігіп отыр, ол да болса ел арасын қосатын белгі болса керек. Бірақ басы қосылып бір низамға, бір мемлекетке бағынбаған қырғыздың тайпалары Алатауға бекініп алып, қазақты шабуды қоймады. Көбінесе қырғыз шабуылына ұшыраған Жетісу елі. Қазақ саудагерлерінің Алты шаһарға тартқан елшіліктерін қудалағанымен қоймай қырғыздың кей рулары қалың қол жинап қазақ ұлысының өзіне қауіп төндіргені ауыр тиді. 1764 жылы осындай бір түйдек жиналған қырғыз тобы Жетісудағы найман ауылдарына құйындай шапты. Осынау бір жауынгер көшпелі ұлыс 1760 жылдың сабағын ұмытқандай ма қалай?

1765 жылдың басында Жетісудан Абылай ордасына тағы да ауыр хабар келді. Әтеке жырық пен Садыр бала бастаған қырғыз әскері найманның қалың ауылдарын селдіретіп кетіпті. Найман елімен аралас отыратын Әбілмәмбет баласы Әбілпейіздің де жағынан шығын көп. Сұлтан артынан екі мың жігітпен қуған екен жете алмапты. Көкжал Барақ батырдан келген шабарман осылай дейді. Осы хабарды 1765 жылы маусым айында Қытай астанасы Пекинде болған қазақ елшісі Отаршы да айтады, қырғыз есепсіз адамды қырып, қисапсыз малды айдап кетті. Оның есесіне Әбілпейіз әскермен қырғызды шаппақшы болды, бұл елшінің сөзі.

1765 жылы Абылай- сұлтанның ордасында, Көкшенің көрікті шұрайлы Бурабайында қырғыз шабуылына байланысты қазақ мәслихаты өтті, бұған көптеген қазақтың би-батыры жиналды. Қазақ шешендері қалың көптің, қалың әлеумет алдында қырғыздан көрген қорлықтың бастан асқанын, енді ақ үйліге алданбай, кекке шабу керек екенін дәлелдеп, оңтайлы әдістерді нұсқады. Осы жиынның шешіміен 1765 жылдың маусым айында Жетісуға қазақтың қалың қолы аттанды, қазан айында қазақ жасақтары найманның садыр-матай рулары жайлаған шұрайлы өлкеде жинақталды. Жорыққа 30 мыңдай жігіт шыққан екен.  Қайтпайтын қара болатым-ай - деді, сұлтан толқып тұрып. Жолы болар, жорыққа аттанарда Бұқарға әдейілеп сәуе көріп беріңіз, жолымыз болар ма екен дегенде жырау айтып еді:

- Киелі сары бура шығысқа қарай шабынып жатыр, туың жоғары, жүрегінде қауіп болмасын тек, қанжығаң майланып тұр - деп.

Жырау толғап-толғап бата да беріп еді:

 

Бастапқы ақтабан боларда,

Ата-анаңнан қаларда,

Тұрымтайдай төре елің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет - Сәмекеге

Қызмет қылған құл едің.

Мұнда келіп хан болдың,

Ақ сұңқардай түледің.

Тоятыңды алыстан тіледің!

Қожа Бахауеддин қолдаса,

Құдай тағала оңдаса,

Қырғыз деген қатты жау,

Қадам басып жүріңіз.

Қарық олжаға батарсыз,

Я рассул жаппар иең болсын,

Жалғыз өзі панаңыз!

 

Есілден басталып Көкшетауға соғып Атасу өзенін бойлай Бетпаққа өтетін, одан Мойынқұм арқылы Таластың ағысымен жоғары жүріп ескі Әулие ата - Таразға соғып Жетісуға шығатын, Алатауға баратын жолды содан бері халық "Хан жолы" деп атап кетті. Кей деректерде бұл соғысты Сарыбелдегі соғыс дейді, көп ерлікті көрсеткен тамаша батырлар болыпты, соның ішінде Қоңыраттың мергендері айрықша көзге түскен көрінеді. Соғыстан кейін аңыз болып ел есінде қалған басты оқиғаның бірі Қабанбай мен қырғыз Аманәлі батыр арасындағы жекпе-жек. Қабанбай батыр қәртайып қалса да, жекпе-жекте жан адамды шыдатпай жүрген Аманәліні өлтірген дейді.

Соғыс біткеннен кейін қазақ қолына Аманәлінің қызы келді  жанында жетелеген ақ бас атаны бар. - Ағалар, әкемнің сүйегін алайын деп келдім, артында жоқтайтын ұлы жоқ еді депті сұңғыла қыз. Қабанбай қыздың айтқанын ұнатып, аман-есен шығарып салыпты. Қыздың әкелген ақ бас атаны бірақ Қабанбайға береке әкелмепті. Ақ бас атанды жетелеп келе жатса, оған інісі Дәулетбай қызығып, сауға деп сұраған көрінеді. Ол заманда ақ түйені кие көреді, тіпті серттескенде қазақ баласы ақ тайлақтың сүтін ішеді, егер сертте тұрмаса тайлақтың сүті көзге шел болып бітеді деп сенеді. Ағасы сауғасын бермеген сон Дәулетбай енді кермеймін деп өкпелеп көшіп кеткен. Сол кеткеннен мол кеткен.

Көкжал Барақ жанына ерген батырларымен 1767 жылы қырғыз қолынан қаза тауып, олардың бастарынан «кәлла мұнара» (шекараны анықтайтын) тұрғызылған. Б. Солтоноев бұл оқиға қазақ-қырғыздың қарым-қатынасын бұрынғы статусын қайтару үшін болды деп түсіндіреді: «Кыргызды букара кылып үйрөнүп калган казак кыргыздын Анжиан, Алайдан келип жерине орношкондо казакка көрсөткөн кордугуна чыдай албай ... казактан жогоруда айтылган Көкжал Барак келип, кыргыз менен согушкан».

Қырғыз бен қазақ арасында 1770 жылы болған екінші қантөгіс соғыс Үмбетей  жырларында көрініс тапты:

 

Айтқан сөзің ем еді,

Жолыңды теріс демеді,

Қай бақытың кем еді,

Ел қорғаны көп еді

Қалып па едің батыр таба алмай?!

Жауыңның қанын ағызған,

Аузыңнан балды тамызған,

Би мен батыр аз болып,

Тосырқап па едің шаба алмай?!

Анау бір жылы аттанған,

Әскерді қырғыз қырғанда,

Басынан оба қылғанда

Ол хабарды ел біліп,

Көп батырмен сен жүріп,

Көзіңнің жасын көл қылып.

Қысылған әскер басының,

Қасына барып тұрғанда,

Ақбоз атты шалғанда,

Мойныңа кісе салғанда,

Бабай түкті шашты Әзіз

Сауап бата алғанда,

Тілеуің қабыл болғанын,

Басыңа қыдыр қонғанын.

Ұмыттың ба соны, Абылай!

Ұлы сәске болғанда,

Жасаған жақсы жол беріп,

Жол бергенде мол беріп,

Ойламаған бақ беріп,

Қырғызды тәңірім қақ бөліп

Садыр бала бітем деп,

Әтеке соғыс күтем деп,

Бірі көнбей біріне,

Садыр кетті бөлініп.

Соғысудан түңіліп.

Әтеке сынды жырықтың,

Қабырғасы сөгіліп,

Шапқанда батыр төгіліп,

Қаракерей Қабанбай

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағынбай,

Қырмап па еді жауыңды

Қуантпап па еді қауымды

Ұмыттың ба соны, Абылай!

 

Қазақтың ауыз-екі әңгімесінде де  қазақ пен қырғыздың арасындағы соғыстар бірсыпыра сипатталған: «Сонда сол Садырбала мақтанған:- Қазы Мәмекті алдым, Әлібек-Шолақты алдым, Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым. «Арқада Абылай деген кәрі сарт бар»- дейді. Онысы маған не қылады?- деп.

Абылай хан бұл сөзін естіген соң, үш жүзге ұран шақырып, исі қазақ болып: «Қыл құйрық!»- десіп, аттанып, Шу мен Таластың бойына барып, Садырбалаға елші салды дейді:- Қара болса, қатынша бұғып қалсын, хан болса, қасқиып шықсын!- деп.

Онда Садырбала:

  • Маған пәлен күн мәулет берсін, әр таптан бір жақсы алып, өзім көрініске барайын. Тарту-таралғымен қонақасысын беріп, қайырайын!- деп, жайылып жастық, иіліп төсек болып қайырды да, қырғызға: «Жиылсын!»- деп, кісі шаптырған.

Бұлар бейғам жатқанда, қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, жалғыз күнде қырғыздың үйіліп-төгіліп келіп қалғанын бір-ақ біліпті. Сонда Созақта «Жалаң аяқ Әшдүр»- деген бір әулие диуана бар екен, Абылайдың қосынына кез болған екен. Жалаң аяқ:

- Бұрын олай жүрсем де, былай жүрсем де, «Мынау Түркістанда Әмір Темір орнатқан ақ күмбездің иесі Әзіреті сұлтан ғой!»- деп, соған сыйынып жүруші едім. Бұрынғының: «Мың өліден- бір тірі»- деп айтқаны бар еді, көрсет кереметіңді! – дегенде, Жалаң аяқ Әшдүр айтыпты:

- Қырғыз деген жұртты диуаналықпен аралап жүргенімде, өзімнің май басқандығымнан туған лепес балам еді Садырбала. Оған қалай енді қаһар қылайын?!- депті.

- Ол бір бала да, мынау қазақ көп мұртың ғой, ел- жұртың ғой! Бір бала қалай, көп қалай?!- дегенде

- Қап, қап, «Сөз тапқанға қолқа жоқ!»- деп еді,- деп сұқ қолын бір ұртына тығып, аузымен үш атыпты.

      Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып, үркіп қашып беріпті де, қазақ көтінен қуып, Қарабалта, Соқылықтың асуына жеткенше талайын қырыпты. Сонда қырғыз: Әйтеке-жырық алты баласымен жолда қырғын тапқан екен. Сонан соң қырғыз жалынып жалпайып, бітімге келіп, Сәру деген бір тайпа елін қазаққа «ақ үйліге» берген екен. Қос басына бір үйлі қырғыздан үлесіп алысып: «Осы күнгі Арғын ішіндегі қырғыздар сол жолғы олжа болып үлеске түскендер» деседі».

1770 жылғы шайқас Тұра өзенінің жанына басталып, Шату асуынан асып, Қызылсу мен Шәмсінің Шуға құяр сағасына дейін созылды. Осы сағада болған соңғы қанды шайқас "Жәйіл қырғыны" деген атақ алды. Қырғыз елі Қарабалта Соқылық асуынан бері аспайтын болды. Жәйіл деген адам Әтеке жырық деп аталатын манаптың қайын атасы соғыста бірнеше ұлымен бірге өлді. Қырғынның күштілігі сондай, кей ру жартысынан, кей ру үштен бірінен айрылды. Солты деген елдің Толқон деген руынан 40 адам қалыпты. Қырғыз топалаң тиген қойдай ұйлығып қырылып қалыпты. Сонда Әйтеке жырықтың алты баласы қолға түсіп, қайырып алуға жарамаған. Садыр бала басын саудамен әзер айырып алған.

Осы қырғын соғыстың болуына себеп қазақтың бір қосыны Алты шаһар маңына сапар шеккен негізгі шаруа Абылай елшісі Дәулеткерей сұлтанды Қытай шекарасына жеткізіп салып қайтар жолда қырғыздың әскеріне кездесіп қалады. Іле өзеніне жақын жер болғандықтан қазақтар көп қырғызбен соғысқаннан гөрі елдеріне жетіп қалғанды жөн көрген. Қырғыздар болса бұлар Қашқар  жерінен пайдамен келе жатыр деп ойлап соңынан қалмай қуа беріпті.

Шоқан бұл оқиға туралы жазған: «Кайсаки бежал. Неприятель преследовал их до реки Или. Казаки переправились вборд. Киргиз Темирджан-батыр увлекшись, зашел с малым числом удальцов, преследовал их на казахский берег  за Или. Тогда канджигалинец Томача-батыр, видя, что манап увлекся слишком далеко и не имел товарищей, повернул назад и воткнул копье под самую грудинку лошади с такой силой, что благороднгое живолтное разом село на задние ноги. Манап быстро соскочил с лошади и бросился на сергелинца Джаулубай батыра; канджигалинец Исет батыр, увидя опасность товарища, дал удар копьем-манап повалился на землю. Томача-батыр, он был низкого росту, но с великой душой, он сел на него и распорол живот-это был сокол, затравивший лебедя.  Белое обнаенне тело батыра осталось в поле, белая подобно белому сазану. ...Киргизы увидели смерть любимого манапа, начали преследовать с еще более ожесточенем. Сергелинец Джаулубай был взят в плен, сошел с лошади, чтобы стрелять, затем были взяты казахи Усен-батыр и Алтай, Байгозы батыр.

Байгозы батыр был выбран по жребию, как жертва за смерть манапа. Его спросили, кто убил батыра ? Он отвечал твердо, я не хочу буть доказчиком ни на кого.

Его посадили, обратив лицом к востоку, отмерили 40 шагов, и бурут с длинным ружьем сел напротив и начал медленно навродить ружье.

Сам Байгозы рассказывал после, что решительно ничего не думал и не боялся: «Завязав крепко на голове, я сидел, ожидая выстрела, но не замечая того, когда брат покойника пришел ко мне и сказал: «Брат мой был шаит, я н хочу крови, ты казак свобожден».  «Я не смог подняться, кров в жилах совершенно остановилась, и пот градом лил с лица.». Он был выменен нгна одного из братьев Темирджана, бывшего в плену у Аблая, и Джаулубай вшыел с обещанием доставить выкуп. За него жизнью поручился товарищ по плену казах Усен. Он пас баранов и через несколько месяцев при благопрятном случае бежал»(Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. Павлодар, 2013. 9 том. – 121-122-бб.)..

         1779 жылы Абылай Алатауға соңғы жорық жасады, бұл қазақ ханының айбары түгел Азияға жеткен уақыты.  Абылайдың соңынан бұл жолы жиырма мынан аса  әскер ерді.  Қырғыздар Абылайды, соңына ерген әскерімен қонақжай қарсы алды. Екі ел бітісті, қырғыз билігін Абылайға бермекке келісті. Соның белгісі ретінде таңдаулы деген манаптарының отбасыларынан аманатқа он отбасын алып келді. Оның бесеуін хан өзінің ауылына алып қалса, үшеуін Шыңғыс сұлтанға және Барақ баласы Бөкейге берді. Екі қырғыздың отбасын Әбілпейізге берді.

Абылай Орталық Азияда қалған соңғы көшпелі елдердің басын уақытша болса да қосты.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

 

Aknur Mukhtarkhan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір