• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:15:47
Алматы
+35°

29 Қаңтар, 2019 Дін

Абдуғаппар Смановтың өкініші: Әкем тірі болғанда... (видео)

"Сарыағаш" медресесінің директоры, танымал уағызшы Абдуғаппар Сманов көпшілік біле бермейтін сырымен бөлісті

"Сарыағаш" медресесінің директоры, танымал уағызшы Абдуғаппар Сманов көпшілік біле бермейтін сырымен бөлісті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Ол "Асыл арна" телеарнасына берген сұхбатында өзінің жеке өмірі туралы айтып берді. Көпшілік "қатал уағызшы" деп  сынға алған Абдуғаппар Сманов анасынан жастай айырылған. Ол анасының дидарын әкесінің айтуымен ғана санасында сақтапты. 

— Анаңыздың дүниеден өткеніне қанша жыл болды?

— Анам 2 жастан асқан шағымда дүниеден өтті. Шашы бұйра, өте әдемі әйел болған. Бірақ менің есімде қалмапты. Анамның көзін көрген адамдардың айтқанын ғана естіп өстім. Үйдегі 4 қыз, 4 ұлдың ішінде менің ғана шашым анама ұқсаған. Мен қазіргі атамның (әкем — ред.) әйелін "ана" деп атаймын. Атам 50 жасында 25 жастағы келіншекпен отау құрды. Бірақ олар перзент сүймеді. Қазақта "өгей" деген сөз бар ғой. Алайда қазіргі анам өте мейірімді жан. 

Бізге Ташкент жақын. Анам Ташкенттегі базарға кеткен кезде біз қарындасым екеуміз асыға күтетінбіз. Бірде ұзақтан анамыздың келе жатқанын көріп, жүгіріп алдынан шықтық. Анамды құшақтай қалған едім ұра бастады. Мені қатты ұрды. Алайда мен бұзықтық жасамадым, ештеңе бүлдірмедім. Не үшін ұрғанын да түсінбедім. Алайда мені қатты ұрып, сосын құшақтап өкіріп жылады. Бірақ мен жыламадым. Анам жылап тұрып "екінші рет менің алдымнан жыртық шалбар киіп шықпа" деді. Сөйтсем, жыртық шалбармен жүгіріп шыққан екенмін. Жас кезімде анамның бұл әрекетін дұрыс түсінбей, көңіліме алдым. Бірақ кейін анам "өгейлігін қылып, мыналардың шалбарын тікпейді ғой, балаларға дұрыстап қарамайды" деген сөзге қалғысы келмегенін ұқтым. Мен қазіргі анамды сондай қатты жақсы көремін. Атама қызмет қыла алмадым. Бала кезде әкенің аяғын уқаладық, тағы басқа жұмыстарды істедік, алайда жақсылап қызмет қыла алмадым. 17 жасымда атам мені оқуға шығарып салды. Есейген кезде ғана қазіргі анамның өгей шешеміз екенін, туған анамыздың қайтыс болғанын білдік. Сол кезде атам "жан бар жерде қаза бар. Егер мен өліп кетсем, оқуыңды тастап жаназама келмегін" деп айтқан болатын. Мен болсам, "Ата, олай айтпасаңызшы, мен әлі үйленемін. Өзіңіз үйлендіресіз" дедім. Ал атам болса, "сенің оқуда жүріп дұға қылуың менің жаназамда тұрғаныңнан жақсырақ" деді. Мен 8 жыл оқу оқыдым. Кейін үйге оралып, атамның батасын алып, "атама қызмет қылсам" деген армандарым болды. Әр оқудан келген кезде үнемі әкеммен сырласып, әңгіме айтып отыратынбыз. Мен кенже бала болғаннан кейін атама жақындау болдым. Оқудан келе жатқан кезде ұзақтан үлкен бір қабірді көрдім. Жүрегім аласұрды. Кейін "Инна лилләхи уә инна иләйхи раджиун" (Бәріміз бір Аллаға  тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз — ред.деген сөзді қайталай бердім. Үйге келгенде атамның 3 күн бұрын өмірден өткенін білдім. Мен 1987 жылы оқуға кетіп, 1995 жылы оқуымды аяқтадым. 8 жылда атамның дұғасы қабыл болған екен. Кейін үйдегілермен отырып, көрісіп болған соң атамның зиратына бардым. Көптеген сыр іште қалып қойыпты. 

"Атажан, сонша қиналғаныңды көзім көрді. Бірақ қызмет қыла алмадым. Қызмет қыламын деп келіп едім. Ішімде жауапсыз сұрақтарым мен айтатын сырларым бар еді" дедім. 

— Анаңыздың алдында атқара алмай қалған амал бар ма?

— Шынымды айтсам, өзімнің анам туралы ештеңе айта алмаймын. Атам кеткен күні сырымды да, арманымды да әкеммен бірге жерледім. Содан кейін бар ойым қазіргі анамды разы қылу болды. Балаларымның барлығы шешемнің қасынан шықпайтын. Бірде шешемнің мазасы болмай жүргендіктен Өзбекстандағы әпкем анамды өзімен бірге алып кетті. Анам жиі жөтелетін еді. Анамның туберкулезбен ашық түрде ауыратынын кейін білдік.

Анам үйге келген кезде балаларымның барлығы менің бөлмемде жатыр. Не болғанын сұрасам үндері шықпайды. Кейін "анам қайда?" деп сұрасам, "өзінің бөлмесінде" дейді. Анамның қасына барып, "не болды? Келініңізбен ұрысып қалдыңыз ба?" деп сұрадым. Анам болса, "Дәрігерге бардым. Олар маған туберкулезге шалдыққанымды айтты. Ашық түрде болғандықтан қасымдағы адамдарға жұғып кетеді екен" деді. Мен "Анашым, егер сізден ауру жұғып өлетін болса, мен 7 баламның өлуіне разымын. Сізді бөлек қалдырып қойып, бала-шағамды құшақтап жата алмаймын" дедім. Содан соң әйеліме "Балаларды алып кел. Бүгіннен бастап сен де, балаларым да, мен де анашымның қасына ұйықтаймыз. Жұқса, бәрімізге бірдей жұқсын" деп айттым. Мен атама қызмет қыла алмадым. Енді анама қызмет қыла алмай, оның жалғыз өзі бір бөлмеде өлуі менің перзенттігіме сын болады. Бұл мен үшін мүмкін емес дүние. Мейлі бала-шағам өлуі мүмкін. Алайда мен анамды тастай алмаймын.

Содан Әбдіжаппар ағам анамызды Алматыға апарып тексеруден өткізді. Сөйтсе, анамда туберкулез жоқ болып шыққан ғой. Әр күні азанда анамыздың разылығын Алладан тілейтінмін. Сондай-ақ балаларым мен шәкірттеріме "Ата-ананың тірі кезінде қызметін қылып, рахаттанып алу керек" деп жиі айтамын. 

— Әкеңізді сағындыңыз ба? Қазір жаныңызда болса, не деп айтар едіңіз?

— Дүнием бар. Бірақ не істей аламын?! Қажылыққа апара алмаймын, аяғын уқалай алмаймын, "атажан" деп еркелей алмаймын. Бірақ қазір анам бар. Шүкір. Атам менің Құран оқығандағы даусымды жақсы көретін. Атам тірі болғанда "Ясин" сүресін оқып отырып, оның аяғын күніге майлап, разылығын алып тұратын едім. Менің де қиналатын кезім болады. Сол кезде "осы кезде атам қасымда болса ғой" деп армандайтыным бар. 

— Әкеңіздің ең соңғы сөзі есіңізде ме? Нені өсиеттеп кетті?

— "Сен мені қинадың ғой", - деді. Неге екенін сұрағанымда, "үйленбей жүрсің" деп жауап берді. Мен "ана қызды көрем жақпайды, мынау да жақпайды. Не істесем болады?" деп сұрадым. Атам болса, қазіргі әйелімнің атын айтып, "Бақтыгүлді ал" деп айтты. Оның әпкесіне менің Әбсаттар ағам үйленген. Соны айтқанымда атам "алтынды шыққан жерінен қаз деген бар, балам" деді. Атамның айтқан сөздерінің сырын кейін білдім ғой. Атама "сіз кімді айтсаңыз, соны алам" деп айттым. Кейін ол маған өмірдің мен ойлағандай оңай емес екенін айтатын. "Ақылың мен тақуалығың болса, Алла өзі ұлық қылып қояды. Алла ұлық қылғанды ешкім қор қыла алмайды. Ал Алла қор қылғанды ешкім ұлық қыла алмайды. Біздің өмірлік жолымыз өміріміздің соңына дейін осы болу керек" -  деді атам. 

— Ата-анамыздың көзі тірісінде қандай борыштарды атқаруымыз керек?

— "Атамды сағынып, бір жағынан аты өшпесін" деп бірінші ұлымның атын Шәкірхан деп қойдым. Ол жігіт қари болды, қазір Мысырда оқып жатыр. Жан бар жерде қаза бар, сол себепті ата-аналарыңызға құрмет қылыңыздар. Ата-ананың алдында 1 минут отырсаңыздар, одан асқан бақыт жоқ. Оларға қызмет қылыңыз, тірі кезінде қадірін біліңіздер. Құшақтап-құшақтап алыңыз, сүйіп алыңыз... Мұның өзі зор бақыт. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір