• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:23:31
Алматы
+35°

21 Қараша, 2018 Әлеумет

Абайлаңыз! «Маша және аюдың» астарында Ресейдің арам пиғылы жатыр

Британдық Times басылымы «Маша және аю» мультфильмінің түбінде Путиннің үгіт-насихаты жатыр деп жазды.

Бүлдіршіндерімізден «Қандай мультфильм көресің?» деп сұрай қалсаң, бәрі дерлік «Маша және аю» деп жауап береді. Әсіресе қыз балалар Машаны көрсе, көздерін экраннан алмай, әр әрекетін мұқият бақылап отырады. Не қаласа соны істететін, қырсық, өте ерке, тек биікке ұмтылғысы келетін Машаға еліктейтіндері тағы бар. Мұны кей ата-ана жақсыға балайды. «Қызым айтқанына қайтпайтын қайсар болып өседі» деп мультфильмді күнде қосып қоятын ата-аналар көп. Ал оның астарында Ресейдің арам пиғылы болуы мүмкін бе? Британдық Times басылымы мүмкін екенін, дұрысы «Маша және аю» мультфильмінің түбінде путиндік үгіт-насихат жатыр" деп жазыпты.

Бүгінде мультфильмді әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам тамашалайды. Рейтингі де жоғары. Ағылшын тілді YouTube желісінде мультфильмге 4 миллион адам жазылған екен. Әр сериясы жалпы 40 миллиард көрілімге ие.

Times өз материалында финдік Helsingin Sanomat баслымынан мысалдар келтіріпті. Онда Приит Хыбемяги есімді байланыс институтының мұғалімі мультфильмдегі аюды Ресейдің бейнесі іспеттес деп атаған екен.

Хыбемягидің ойынша, мультфильм Эстонияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруді ойластырып отыр.

Букнигемск университетіндегі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі маманы Энтони Глис былай деді: «Маша айтқанынан қайтпайтын қайсар, өзіне сенімді. Тек биікке көтерілгісі келеді. Оған қарап, Путинді көргендей боласың».

Ресейлік басылымдар әлемдік БАҚ-ғы  мұндай пікірлерге миығынан күліп қарады. "Пікірдің бәрі үрейден туған" деп есептеді. «Батыс бұқаралық ақпарат құралдары ресейфобияны бастан өткеруде» деді. Сондай пікірлердің бір сарынына шолып өтсек...

 «Маша мен аю» мультсериалын батыс сыншылары тағы сөз етіпті. Күлкілі», - деп жазды «Ресей басылымы», «Батыс басылымдары Машаны «путинше әрекет етеді», ал аюды «балалардың санасын улайды» деп жазыпты», - деді «Вести».

Ресейдегі Британия елшілігі де қарап қалған жоқ. «Times басылымы маңызды мәселе көтеріпті: Британия «Маша мен аю» мультфильмінен қалай құтылмақ? ЕО-ның санкциялар тізіміне барлық мультипликаторды кіргізе ме? Әлде, Балтық елдерінде жәндіктердің суретін салуды үйрететін орталықтар аша ма? Бұл мәселені шешу үшін оларға ұзақ ойланып, дұрыс шешім қабылдауға тура келеді», - деп жазды дипломаттар «Твиттерде».

Журналистер мен сарапшылар да үнсіз қалмады.

«Журналист болып қызмет атқарғалы ресейлік Думаның Гарри Поттер мен «Телепузики» мультсериалдарын ресейлік балаларға бағытталған құпия астыртын әрекет деген пікірлерге әбден тойған едім. Times-та соған ұқсас пікірлер келтіріпті. Жағдайымыз қиын-ау, шамасы», - деді Би-би-си-дің орыс бөлімінде журналист болып қызмет атқарған Леонид Рагозин.

Ресей жөніндегі сарапшы Марк Галеотти Ресейге қарсы мұндай пікірдің туғанына наразы. «Маша мен аю» сендердің мемлекеттеріңді жаулап алмайды. Қорықпаңдар», - деді сарапшы.

Әлем сынына қалған өзге де мультфильмдер

-Том және Джерри туралы мультфильм естеріңізде болар. Бір кездері оны да халық жерден алып жерге салған. Ондағы қара нәсілді үй тазалаушысына қарап, мультфильмнің «этникалық және нәсілдік нанымдар» деп айыпталды. Бұған қоса шылым шегетін кейіпкердің барына наразы болды халық.

-2017 жылы америкалық бойжеткен «Мая атты араның қызықты оқиғалары» мультфильмінің үстіне шағым түсірді. Бір эпизодында ағашқа ілініп тұрған плакаттан ер адамның мүшесін көріп қалғандығын айтқан. Әйелдің арыз-талабынан соң мультфильмдегі эпизод алынып тасталды.

-2010 жылы «Оңтүстіктегі саябақ» атты америкалық мультфильмге қатысты мұсылмандар наразылығын білдірді. Мультфильмдегі боқтық сөздер, дөрекі қалжыңдар олардың ашуын келтірді. Әрі мультфильмде Мұхаммед пайғамбарды аюдың бейнесімен бейнелеп қойғандары мұсылмандардың ашуына тиді. Сөйтіп, мультфильмді жасаушылардың басы бәлеге қалды.

-1936 жылы «Диснейлендтің» символына айналған Микки Маусқа да тыйым салынды. Гитлер Уолт Диснейді еврей деп санап, мультфильмде азғындықтың бар екенін айтып, наразылығын білдірген. Оның үстіне Гитлердің ашуына тигені тышқанға пруссиялық офицердің формасын кигізіп қойғаны еді. Жалпы америкалық насихаттаушылыққа толы мультфильм деп есептелді.

-Америкалық «Симпсоны» сериалы да әлем бойынша сынға қалды. Ресейлік Мемлекеттік думаның депутаттары мультфильмді «ата-аналар мен балалар арасына іріткі салатын, агрессияға толы» деп есептеді. АҚШ-та үнсіз қалған жоқ. Бірінші ханым Барбара Буш «Симпсоны» сериалын ақылға қонымсыз деп бағалады.

Бала күнімізден жоғарыда аталған шетелдік мультфильмдерді көріп өстік. Алайда астарына біз де, үлкендеріміз де үңілмеген едік. Ал бүгінде отандық анимация дамып келе жатқан уақытта балаларымыздың санасына қазақылықты құятын мүмкіндік туып отыр. Күні кеше шыққан "Мұзбалақ", "Күлтегін" сынды анимациялық фильмдердің маңызы терең, сапасы жоғары. Ең бастысы, қазақылықтың исі аңқып тұр. 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір