• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:06:46
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2019 Аймақтар

"Абай – қазақ халқының рухани көшбасшысы..."

Қазақстан мен Польша мемлекетін байланыстыратын рухани-мәдени ортақ құндылықтарымыз баршылық

Қадірлі қауым, құрметті ханымдар мен мырзалар! Сіздерге Қарт Алтайдың бауыры Шығыс Қазақстанның ыстық сәлемін жолдаймын.

Қазақстан мен Польша мемлекетін байланыстыратын рухани-мәдени ортақ құндылықтарымыз баршылық. 2017 жылдың 6 сәуірінде екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде екіжақты бай­ланысымыз бүгінгі жоғары деңгейге жетіп, тек қана оңды бағытта дамуда. Екі ел арасында білім саласында бай­ланыстар кеңеюде. Қазіргі таңда Польшаның университеттерінде 770-тен астам қазақстандық студент білім алуда.

Бүгін Қазақстанның рухани және мәдени өміріндегі айтулы күн деуге болады. Қазақтың кешегісі де, бүгіні де, болашағы да Абаймен өлшенеді. Абай – біздің ұлттық ұранымыз. Әлемдік руханиятқа әр ұлтты танытатын алыптар болады. Сол алыптардың бірі - Абай. Абай арқылы қазақты әлем таныды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», - деген.  Елбасы айтқандай, Абай – қазақ халқының рухани көшбасшысы, жол сіл­тер бағ­дары. Қазақ халқын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім жоқ. Ұлы ақынның жасампаз­дық­қа, парасаттылық пен ынтымаққа үн­деуші идея­лары – әлемдегі бар­лық ұлттардың өкілдеріне бір­дей құнды, ортақ қа­зына.

Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырда Қазақстан мен Польша арасында орын алған көпқырлы қатынастар негізінен патшалық Ресейдің отарлық дәуірінде өрбіді. Алып империяның құрамында отарлық жағдайда күн кешкен қос халықтың байланыстары ең алдымен ұлт-азаттық қозғалыстар аясын қамтып, Сібір мен Қазақстан аудандарына жер аударылған поляк тұрғындары есебінен жүзеге асты.

Абайдың әкесі Құнанбай туралы алғаш жазбаша мағлұмат қалдырушы, оны көзімен көрген, Қазақстанға жер аударылып келген поляк революционері Адольф Янушкевич болатын. А.Янушкевич «Дневники и письма путешествия по казахским степям» («Қазақ даласындағы саяхаттың күнделігі мен хаттары») атты зерттеу еңбегінде Құнанбай туралы мынадай құнды пікір айтады: «Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады...» - деп таңғалады.

А.Янушкевич Құнанбайдың замандасы болса, Абай Құнанбайұлымен де поляк халқының саяси айдаудағы біртуар перзенттері тығыз қарым-қатынаста болған. Саяси жер аударылған поляк зиялыларының ішінде Абай Құнанбаевпен жақын достық байланыс орнатқан Северин Гросс еді.

Семей қаласында С. Гросс ерікті жалдамалы ретінде алдымен облыстық басқармада, артынан Семей уездік судья кеңсесінде қызмет етеді. Сол кезеңдегі Семей және ондағы саяси жер аударылғандардың жай-күйі туралы қызықты мәліметтерді америкалық танымал журналист Джордж Кенанның «Сибирь и ссылка» атты танымал еңбегінен ала аламыз. «Үлбіде өзге саяси айдаудағылармен бірге Саратовтық заңгер-студент Александр Блэк, Апполон Карелин, шығу тегі Ковналық заңгер-студент Северин Гросс және Варшавалық доктор Витерто болды», - деп жазады. Өзі заңгер болғандықтан Гросс қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеуге құлшына кіріседі. Гросс Абайдың ауылы Шыңғыс болысына барып, бір айдай уақыт өткізген. Ол жоғарыда аталған жұмысқа деректер жинау мақсатымен қазақтың әдет-ғұрып заңнамасын Абаймен қарым-қатынас жасаумен кеңесіп отырған.

Бұл күнде Абайға елдің және барлық ғалам қауымдастығының ықыласы артуда. Себебі ол – бір кездегі адамзаттың ойшылдары – Аристотель, Сократ, Пла­тон­дар­дың рухын бойына сіңіріп, Пушкинді, Лермонтовты, Гетені қазақ тілінде сөйлетіп, бүкіл адамзаттың мәдени-рухани қазынасын мүлтіксіз меңгерген тұлға. Сондықтан да қазіргі кезде Абай әлеміне басқа халықтар да ерекше мән беріп отыр.

Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - деген жалпы адамзат баласын гуманизмге шақырған даналық сөзі бүкіл әлем халқын татулық пен тұрақтылыққа, тыныштық пен түсіністікке, достық пен бауырмалдыққа шақырады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін алдымен Абай ілімін тану қажет. Елдің өркендеуі мен тәуелсіздігі, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, әділдік, заң­ның басымдығы, отбасы және дәс­түрлер – бұл құндылықтар­дың бәрі мемлекетіміздің тұрақты­лы­ғы мен өсіп-өркендеуінің тұғыр­лы іргетасы.

Қазақстан мен Польша мемлекетінің арасындағы өзара достық, рухани байланыс, жақсы қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған үлкен істің бірі – Абай орталығын ашу. Абай әдеби-мәдени, ғылыми орталығын ашу және оны жүзеге асыру халықаралық деңгейіндегі ең маңызды білім беру және мәдени-ағарту жобалардың бірі болмақ. Абай орталығы дүние жүзімен кемел достық көпіріне айналатын, білім кеңістігінде өзара тұрақты байланыс орнататын рухани орта болатыны сөзсіз.

Өткен тарих пен мәдениетті зерттеп, ғылым мен білімді ұрпақ санасына сіңіруді алдына мақсат етіп отырған Қазақстанның Шығысындағы іргелі білім ордасы – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті. Бұл университет Қазақстанның шығыс аймағының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына, қоғамдық-мәдени өміріне қомақты үлес қосып отырған маңызды мемлекеттік оқу орны.

Университет әлемнің жүзден астам жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен, білім беру мекемелерімен қарым-қатынас жасаған, алыс-жақын шет елдердің ғалымдарымен, мамандарымен ортақ жобаларды іске асырып, мейлінше терең, мазмұнды байланыс орнатқан еліміздің шығыс аймағындағы бірден бір ғылыми орталық болып табылады.

Қазіргі уақытта Еліміздің білім беру саласын жетілдіруде халықаралық деңгейдегі көптеген елдермен қарым қатынас жасау барысында, білім көкжиегіндегі мемлекетаралық ықпалдастықты жан-жақты кеңейтуде мұндай істердің атқарылуы бүгінгі ұрпаққа үлкен міндеттер жүктейді.

Төлеген Мұхтар Әділбекұлы
Сәрсен Аманжолов атындағы
Шығыс-Қазақстан мемлекеттік
университетінің ректоры, профессор

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір