• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:11:11
Алматы
+35°

11 Желтоқсан, 2015 Әлеумет

АБАЙ МҰРАСЫ – МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНА

Абай – қазақ поэзиясының  биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының  тағылымы мәңгілік  қымбат  қазына....

Абай – қазақ поэзиясының  биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының  тағылымы мәңгілік  қымбат  қазына. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.

Осы жыл қазақтың бас ақынының дүние есігін ашқанына 170 толып отыр. Айтулы мерекені ел болып, жұрт болып, жер-жерде атап өтудеміз. Дәстүрлі Абай оқуларымен басталған шаралар, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен кездесу ұйымдастыру сияқты мән-мағынасы бар, мазмұнды дүниелерге жалғасты. Сондай іс-шараның бірі Алматы университетінде де ұйымдастырылды. Әуезовтанушы ғалым Рахманова Нұржанат Малдыбайқызы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері арасында «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» »   атты әдеби сайыс өткізді. 

Ереже бойынша әдеби сайыс 4 бөлімнен тұрды. Әр бөлімнің өзіндік ерекшелігі бар.  Атап айтар болсақ, алғашқы бөлім «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталды. Абайдың ақындық қырын зерделеуге арналған бұл бөлімде сайыскерлерден сұрақтағы өлең шумағы Абайдың қай өлеңінен екенін анықтап, өлеңді жалғастыру талап етілді.

« Даналық ойлары...» атты екінші бөлімде Абайдың қарасөздеріне кезек берілді. Топ жетекшілері 7 сұрақтан алып, берілген сөздердің ішінен Абайдың қай қарасөзінен екенін анықтап, мазмұнына қысқаша тоқталды. Екі бөлімде де студенттер өте белсенділік танытып, бірі білмеген сұрақты, екінші топ мүшесі толықтырып, сөз сайысының көркін қыздырды. Әдеби кештің үшінші бөлімінде үйге берілген тапсырма бойынша өздері ізденіп «Абайды тану» туралы 5 минуттық видео ролик түсіріп келу керек еді. Сайысқа қатысушылар ол тапсырманың да үдесінен шыға білгенін видео роликті көру кезінде байқалды. Ал енді соңғы төртінші  бөлім «Абай әлемі...» деп аталды. Атының өзі айтып тұрғандай Абай әулеті, әлемі, ақын шығармашылығын зерттеушілер, түрлі ресми фоталар электронды тақтада көрініс беріп, студенттер кім екенін анықтады. Әр сұраққа нақты әрі жылдам, 30 секунд ішінде жауап берді.

Жалпы алғанда әдеби сайыс жоғары деңгейде өтті. Ізденуші жастар өте белсенді қатысып,  Абай Құнанбайұлының шығармашылығы туралы біршама білетінін сөзбен емес іспен дәлелдеді. Сайыс жеңімпазын анықтау Жақыбаева Алтын Тұтқабекқызы, Шашаев Әуезхан Кәдіржанұлы, Үсенова Ақкенже Мұқанқызы сияқты кіл мықты оқытушы-профессорлар құрамынан жасақталған қазыларға оңай тиген жоқ. Жалпы командалық ойында ауызбіршілігімен көзге түскен 1 курс студенттерінің «Телғара» тобы 1-орын иеленді. 2-орынды    жеңімпаз құрамнан 1 ғана балмен артта қалған 3 курс студенттерінің «Торыжорға» тобы иеленсе, 3-орын 2 курс студенттерінің «Шыңғыстау» құрамына бұйырды. Сайыс соңында ұйымдастырушы Нұржанат Малдыбайқызы сөз алып: «Біз осындай танымы мол, рухани жан-дүниемізді байытатын іс-шараны құр бекер ұйымдастырып отырған жоқпыз. Абайдың әлемі-ол қазақ халқының әлемі. Абай-қазақ халқының маңдайына біткен ұлы перзент. Оны толық түсінбеу, ұғынбау біздің жүрегімізге түсетін ауыр таңба. Абайды биікке көтеруден біз ешқашан шаршамауымыз, жалықпауымыз қажет. Әр қазақтың баласында Абай айтқандай «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болса ғана үлкен жетістікке жетеміз»,-деп қатысушы студенттерді бір тебірентіп тастады. Сонымен қатар, алдағы уақытта басқа мамандық студенттерімен де осындай әдеби сөз сайысын ұйымдастыратынын айтып өтті.

 

Астемес Гүлім

Алматы университеті педагогикалық мамандықтар

кафедрасының аға оқытушысы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір