• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:58:40
Алматы
+35°

03 Маусым, 2017 NEWS

90 ЖЫЛЫН ЖАТ ЖҰРТТА ӨТКІЗГЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ ЖҮРЕКТІ ЕЛЖІРЕТЕР СӘЛЕМІ (ВИДЕО)

Өткен ғасырдың зұлмат пен нәубетке толы 30-шы жылдарында Шу өңірінен босып кеткен қазақ ауылының тарихы һәм қазір АҚШ-та өмір сүретін 101 жастағы Әсия...

Өткен ғасырдың зұлмат пен нәубетке толы 30-шы жылдарында Шу өңірінен босып кеткен қазақ ауылының тарихы һәм қазір АҚШ-та өмір сүретін 101 жастағы Әсия Сардарбектің жанарындағы мұң.

Бүгінде АҚШ-тың Вирджиния штатында ғұмыр кешіп жатқан 101 жастағы кейуана, 90 жыл елден жырақ кетсе де ана тілін мүдіріссіз сөйлейтін әже туған жерін сағынып жүр. Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының және «Ұл болмысы» журналының бас редакторы Гүлжанар Амантайқызының мұрындық болуымен «Алматы» арнасының ақпараттық қолдауымен АҚШ-қа арнайы түсірілім тобы барған. Осы хабарды таңнан бері ақпараттық сайттар үздіксіз көшіріп басты. Алайда хабарда жаңсақ ақпарат кеткен. Қамшы тілшісі осы сапар туралы журналистерді АҚШ-қа бастап барған режиссер Ардақ Төлеубаймен егжей-тегжейлі сұхбаттасты.

Ардақ мырза, АҚШ-тан кеше ғана оралдыңыздар, Сапар туралы айтсаңыз?

Біздің АҚШ-қа Әсия апаның жағдайымен танысып, түсірілім жасап келуімізге Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл мырза ерекше демеу көрсетті. Сонымен қатар Сыртқы Істер министрлігінің көмегі де зор болды.

Әсия Сардарбек апаның Вирджинияда тұрып жатқанына 36 жыл  болған. Ол кісі сайттар жариялап жатқандай қаттар үйінде емес Мемлекеттік қайраткерлерге арналған арнайы емдеу-сауықтыру орталығында, өзіне бекітілген дәрігерлер мен күтушілердің қарауында емделіп жатыр. Шындығында үлкен қызы Әминаның қолында тұрады. Біз барғанда журналистермен қосылып біраз адам болсақ та қонақжайлылығын көрсетіп, есігін айқара ашты. Үйінде қонақ болып жаттық. Қызы Әмина өзінің қонақжайлылығы туралы «Бізді шешеміз осылай тәрбиелеген» дейді. 90 жыл уақытта жоғалмаған қазақы қасиетті, ұрпаққа сіңген қазақ қызының тәрбиесін көрдік. Тіпті Әсия апа кішкентай қызыма көрімдігін беріп, бізге батасын берді.

Ол әкесімен бірге Совет билігінің қудалауымен елден кетуге мәжбүр болған. Әкесі Сардарбектің Шу өңірінде бай әрі беделді адам болғанын еске алады.

Сізге Әсия апай туралы ақпарат қалай жетті?

АҚШ-та осындай қазақ әженің бар екенін Ұлт болмысы журналына Сайран Дәлелханқызы атты әйел «Тағдыр» атты мақала әкелгенінен білдік.  Мақалада көрсетілгендей Әсия Сардарбекқызы АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігіне барып, Қазақ азаматтарын іздеген екен. Содан Сайран Дәлелханқызымен жолығыпты. Бізге жеткен ақпаратты Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығына жіберіп, өзімізше зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 2016 жылдың басында апа туралы деректерді толық тауып, өзім арнайы іздеп барғанмын.

Одан кейін осы тақырып үлкен қызығушылық тудырып, жақында Дүниежүзі қазақтары V  құрылтайына орай арнайы топ болып түсіріп қайттық.

Әсия  әженің тағдыры туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

1930 жылдардағы қазақтың даласын талан-таражыға салған үркін-қорқын заманда ол кісілер де елден аууға мәжбүр болған. Әкесі «кәпірден зұлымдық көрдім, қайда көшсем де мұсылман елге көшем» деп бас болып қотарыла көшкен ауыл Ауғанстаннан бірақ шығады. Олар Ауғанстанға барған ең бірінші қазақтар. Тоқтаған жері Маймана.

Ол жақта Сарддарбек Захир-шахпен ауылын аман сақтап қалу үшін келіссөз жүргізген екен.  

Сол кезде осы Әсия апамызға көзі түскен патша әулетінің жақын туысы 12-13 жасар қызды 20 жастағы баласы Мұхамемед Насин Амириге айттырып, әйелдікке алып берген.  Әсида Мұхаммед Насирдың бірінші әйелі. Захир-шах қолқа салмас бұрын қазақ халқының қыздарға тәрбиесін, өнегесін қатты ұнатыпты. Қызды төрге отырғызатын, еркін өсіретін тәрбиемізді ұнатыпты. Қазақпен құдандалы болған Захир-шах босып барған қазақтың ауылына жағдайын жасап, орнықтырады.

Сол кездегі Ауғанстандағы саяси ахуалға байланысты Захир-шах отбасымен саяси қуғынға ұшырау қаупінен шетелге бас сауғалаған «Бастапқыда біз Түркияға, кейін Ауғанстанға дейін бір-ақ жеттік. Сол жерде тұрақтап, әкем мені тұрмысқа берді», – деп есіне алады Әсия әжей.

Әсия апамыздың ауылы үдере көшуіне оның әкесінің ықпалды адам екендігі себеп болған ба?

Сталиннің қанды саясаты бәрімізге белгілі ғой. Қазақтың жақсы мен жайсаңын, байы мен манабын түрлі сұрқия жолдармен түгелдей репрессияға салды. Халықты аздырып-тоздырды. Сондай саясаттың біреуі апамыздың ауылына былай келеді. Кісі санағын алып жүрміз деп ауылға әлдебіреулер келіп адамдардың білегіне мөр басады. Аңқау елдің арасынан Әсияның жездесі мөрдегі «расстрел» деген сөзді таниды. Елге мұндай мөрлер атуға тізімделген адамдарда екенін айтады. Содан ел жиналып қашады. Қашқан елде не береке болады. Талай зорлық-зомбылық, қиын-қыстау күндерді көреді. Қуғынмен айқасады, кейбіреуіне алтын беріп сытылады, кейбіреуін атып құтылады. Бұл кісілердің кетуінің негізгі себебі осы.

Ал, Әсия апамыз АҚШ-қа қашан келген?

Апамыз Ауған билігіне келін болып түскен соң құдасы келіндей емес, қызындай құрметтеп күтеді. 1980 жылдары ол кісілердің жасы біразға келген кезде білесіз Ауған соғысы басталды. Ауған соғысы дегенде біздің түсінігіміздегі Совет үкіметі Ауғанстанға басып кіретін соғыс. Сол кезде СССР Ауғанстанға 1930 жылдардағы репрессияны тағы жасайды. Елдің зиялысын, билік ұстаған тұлғаларын қуғындайды. Тақтан тайдырылған билік өкілдері түгелдей қуғынға ұшыраса керек. Сондай заман келгенде Әсия апамыз бала-шағасын алып тағы да қашуына тура келеді.

Бұл кісінің әңгімесінен маған қатты әсер еткені «Өмірімде екі нәрсеге қарғыс айтамын» десе, – «Біреуі Совет одағы саясатының туған отанымнан бездіргені. Екіншісі тағы да сол Советтің жарты ғасыр ғұмыр кешкен, қиын кезеңде пана болған Ауған елінен бездіргені.», - дейді. «Туған жердің топырағы бұйырмай отыр» деп аһ ұрады. Елін қатты сағынады, жерін қатты сағынады. Көзінде ауыр мұң бар. Қай қазақты жолда көрсе де бассалып бауырына тартады. Құшақтап жылайды. Елді сұрайды, жерді сұрайды, қолында не бар болса соны ұстата салады екен. Білезігін, жүзігін сыпырып береді. Қазір АҚШ азаматы.

Әсия апамыздың әңгімесінен не түйдіңіз?

Бұл кісінің тағдыры енді тарих қой. Әсияның тағдыры сол кезде елден лажысыз ауа көшкен, босқан қазақтың тағдыры. Әсияның жырақта жатып қазақтың даласын, топырағын сағынғаны, Атажұртын сағынғаны – шетте қалған бар қазақтың Атажұртқа деген сағынышы. Әсияның сүйегім алыста қалатын болды дейтін қасіреті тағы да сол шетелде түрлі саяси кедергілермен Атажұртқа жете алмай қалған қазақтың қасіреті. Мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайы қарсаңында барша қазақ жұртына, Елбасы Назарбаевқа Әсия апаның сәлемін ала келдім.

Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда Әсия апаның Атажұртын, ана тілін ұмытпай жүргені, өзінің тектілігін жоғалтпай, адал жар бола білуі, келін боп түскен жерінде судай сіңіп, тастай батып, балаларына мақтанысш етерлік үлкен тәрбие бергені қазақ жастарына ой салатын, үлгі болатын үлкен оқиға. 

Сұхбаттасқан Нұрғали НҰРТАЙ

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір