• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 13:00:23
Алматы
+35°

Елімізде несие алушылар қатары тағы да көбейді. Ұлттық банктың мәліметінше, халыққа берілген кредиттер 2022 жылы 14,5 трлн теңгені құраса, 2023 жылы 18,2 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 25,4%-ға өскен. Бұған әсер ететін бірнеше фактор бар. Оның негізгісі – індеттен кейінгі экономикалық дағдарыстан жаппай қымбатшылықтың белең алуы. Салдарынан айлығы шайлығына жетпеген адамдар қарыз қамытына кіруге мәжбүр болды. Инфляция банктердің несие пайызын да жоғарылатып, одан ақырында тағы халық зардап шекті. Ал банктер бизнеске берілген қарызға қарағанда тұтынушылық несиелерден көбірек пайда табатындықтан, тұтынушылық несиелерді оңды-солды берді.

Пайызы шарықтаған несиені алған халықтың әбігері несие төлеумен шектелсе игі еді. Несиені төлей алмағандар онлайн қарыз беретін мекемелерге жүгінеді. Себебі мұндай қаржы ұйымдары тұлғаның несие тарихына, төлем қабілетіне қарамастан қарызды бес-ақ минутта береді.

Соңғы жылдары "Black Friday", "бөліп төлеу" сынды науқандармен рәсімделетін несиелердің саны артты. Бұндай науқандар жарнамасы барлық жерде қаптап, ұлттық мерекелерден де артық ұлықталып кететінін байқаймыз. Қазір несиеге рәсімделмейтін зат қалмады. Үй, көлік, техника, жиһаз, киім тіпті ұсақ-түйекке дейін несиеге берілетін болды.

Экономист, коммуникация маманы Айбар Олжай тұтынушылық және тауар түріндегі несиелердің артуы алаңдаушылық тудыратынын айтады. Бүгінгі жағдайда бұл жайт жеке адамның емес, мемлекеттің экономикасына әсер етуші факторға айналған. Тіпті теңге курсына ықпал етуші күшке ие болып, бұны дереу бақылауға алмаса болмайды дейді ол.

Айбар Олжай: Тұтынушылық несие 90-95% инфляцияға тікелей әсер етеді

Айбар Олжаев: «AMANAT» партиясы және баланс | Aikyn.kz

Бізде несие нарығы қарқынды түрде өсіп жатыр. Оның ішінде ең қауіптісі – тұтынушылық несиенің көбеюі. "Рассрочка" осы статистикаға кіреді. "Рассрочканы" алғанда адамдар "пайызсыз алып отырмыз" деп ойлайды. Бірақ жасырын пайыз деген ұғым баяғыда-ақ енгізілген. Тауар бағасына кем дегенде 19% жасырын өсім қосылады. Сондықтан да бұл науқанның тұтынушылық несиенің өсуіне үлкен әсері бар деп ойлаймын. Несие нарығы өскені әрине жақсы. Бірақ ол халық берілген тұтынушылық емес, бизнестің дамуына берілген несие болса. Егер бизнеске берілетін несие өссе, ол жаңа кәсіпорындар, өндіріс орындары, жұмыс орындарының ашылуна сеп болады. Оның экономиканың өсіміне қайтымы бар. Сондықтан үкімет осы несиелеу нарығының бизнесті несиелеу бағытына қарай ойысқанына назар аударғысы келеді.

Ал тұтынушылық несиенің экономикаға ешқандай оң әсері жоқ. Ол тек қана инфляцияны өсіреді. Тұтынушылық несиелеу 90-95% инфляцияға тікелей әсер етеді. Өйткені ол сырттан келетін дайын тауарларға жұмсалады. Біз оны өндірмейміз, мәселен, телефон, ноутбук, компьютер, жиһаз сырттан келетін тауарлар. Сондықтан тұтынушылық несиенің әрбір тиыны біздің импорттың көбеюіне әкеп соғады. Импорт экспорттан асып кетсе, төлем балансы бұзылады. Салдарынан теңге курсына қысым күшейеді. Сол үшін импорт көбейіп кетпеуіне назар аудару керек.

Қазіргі таңда мемлекет адамдардың несиесі шамадан тыс артып кетуіне байланысты кредиттеу нарығын толық бақылауына алғысы келеді. Соның аясында несиесін төлемей жүргендерге келесіде несие бермеу, банкроттық туралы заң сынды бірқатар шара қолға алынды. Бізде осы тұтынушылық несиелеу нарығын толық бақылауға алу керек.

Сонымен қатар онлайн қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының жұмысын қатаң реттеу де кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені олар банк несие бермейтін адамдарға еш қиындықсыз несие береді. Мерзімі өткен қарыздарды коллекторларға сатып, коллекторлар өз кезегінде берешегі барлардан қарызды өндіріп алу үшін психологиялық қысым жасайды. Осы бизнес қазір белең алып тұр. Бұл бүгінде күнделікті екі миллион адамды ұйқысынан айырып, депрессияға түсіруде. Несиелерге амнистия жасау мәселе шешімі болмайды. одан да сол несиелердің берілмеуін қолға алу керек.

Жетекші Рушанова. Н.Б

Бағлан Тұрғанбек

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір