• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 00:47:28
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2024 Батыс Қазақстан облысы

БҚО әкімі тұратын VIP сарайдың суреті тарап кетті

БАҚ беттерінде БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің тұрып жатқан Оралдағы салтанатты резиденциясының суреті тарады. Бұл нысанды күтіп, баптап ұстау жергілікті бюджетке 100 млн теңгеге түсетінін былтыр өңір басшысы жылдық есеп беру кезінде айтып та қалған екен.

uralskweek.kz

Жалпы, Оралдағы бұл резиденция 20 жыл бұрын тұрғызылыпты. Кешен Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келетін жоғары лауазымды тұлғалардың тұруына арналған. Шенді-шекпенділердің іскерлік немесе жұмыс сапарлары қысқа мерзімге белгіленетін болғандықтан, бастапқыда бұл кешеннің бос тұрған кезі көп болыпты. Бұл нысанды күтіп, баптап ұстау жергілікті бюджетке 100 млн теңгеге түседі екен. Анда-санда қолданылатындығына қарамастан өңір басшылығы бұл нысаннан бас тарта алмайтын көрінеді.

Әкімдіктің аталған мәселеге қатысты таратқан ақпаратында Нариман Төреғалиевтің бүгіндері сол резиденцияда тұрып жатқаны расталады. Мұның себебін әкімнің басқа баспанасының болмауымен түсіндіреді. Сондай-ақ әкім коммуналдық қызметтер ақысын өз қалтасынан төлеп отырғаны да айтылады.

«Қарастырылып отырған Оралдағы «Самал» ықшам ауданында орналасқан әрі күзетілетін өте маңызды нысан. Оның заңнамамен қарастырылған өзіндік тәртібі бар. Ол өңірге келген мемлекеттік тұлғаларға арналған. Облыс аумағында жоғары деңгейдегі түрлі іс-шаралар, соның ішінде халықаралық ынтымақтастық форумдары, мәдениет және өнер фестивальдері, шетелдік инвесторлармен кездесулер өтіп жатады», делінген баспасөз хабарламасында.

Алайда, облыста халықаралық стандарттар мен этикетке сәйкес келетін өзге инфрақұрылым жоқ.

"Сондықтан бұл нысан Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларында көзделген талаптарды іске асыру мақсатында делегацияларды орналастыру және тиісті күзетті қамтамасыз ету мақсаты бойынша пайдаланылады", делінген жауапта.

Әкімдіктің баспасөз қызметі "ҚР Мемлекеттік қызмет туралы" заңы бойынша басқа елдімекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметкерлерді "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес қызметтік баспанамен қамтамасыз ету шарты барын еске салады.

«Нариман Төреғалиев БҚО әкімі болып тағайындалғанға дейін Астанада тұрып келген. Сондықтан ол өз қызметін жүзеге асыру кезеңінде күзетілетін адамдарға арналған аумаққа орналастырылды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ нысанның күтіміне жұмсалатын жыл сайынғы шығыстар (коммуналдық қызметтер, абаттандыру, жөндеу және күтіп ұстау, жалақы, салықтар және міндетті төлемдер) бойынша мынандай мәлімет берілді: 2023 жылы - 89,7 млн теңге, 2024 жылға арналған жоспарда 85,2 млн теңгені құрайды.  

Сөз орайы келгенде, бір  жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның бес қаласындағы (Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қостанай және Тараз) Президент резиденциялары балаларға берілетіні белгілі болғанын айта кетелік. Осыған байланысты әкімдіктер нысандарды тапсырар алдында олардың мәртебесін қайта рәсімдеп, балансқа қою керек болатын. Сол тапсырма бойынша, қазір Ақтөбедегі резиденцияға 25 бала жіберілгені белгілі. Басқаларына қатысты ешқандай мәлімет жоқ. 

Айта кетсек, Нариман Төреғалиев 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып келеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір