• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 09:22:23
+35°

Фото: wikipedia.org

Қазақстанда Қытай көліктері алғаш рет 2011 жылы төбе көрсете бастады. Бірақ бірен-саран болатын. Содан бері ондай көліктердің қарасы күрт арта бастады. Қытай көліктерін сататын дилерлік орталықтары қазір тіпті қаптап кетті.

Мәселен, «Астана Моторс» – Chery, Haval, Changan, ал «СарыарқаАвтоПром» Jac маркалы Қытай көліктерінің ресми дистрибютері ретінде де қызмет көрсетуде. Ал биылдың соңына қарай, елімізде Қытай көліктерін құрастырып шығаратын үш зауыт іске қосылмақ.

Қытай көліктері қазақстандықтар үшін тың дүние. Сенімсіздік танытып, алды-артын байқастап жүргендер әлі көп. Қазақстан автомобиль нарығын сараптау орталығының бас директоры Артур Мискарян Қазақстанда, әсіресе батыс, жапон өндірушілерінің нарықтан шығып қалған модельдерінің орнын басатын Қытайдың арзан емес, орташа бағадағы көліктері жиі сатылып жатқанын айтады. Демек, «арзанның жілігі татымас» дегенді біздегілер жақсы түсініп отырған секілді. Бұған негіз бар. Көлік блогерлері де Қытайдың арзан көліктеріне жоламауға кеңес беруден жалықпауда. Неге дейсіз бе?

Өйткені қазақтар көлігінен ақау шықса, алдымен оны өзі жөндеп көреді, ол қолынан келмесе көлік жөндеу орталығына апарады, одан да түк шықпаса дилерлік орталықтың қызметіне жүгінеді. Осының алдыңғы екеуі Қытай көліктеріне келгенде мүлдем «жұмыс істемейді». Қытай көлігін алсаңыз, оны дистрибьюторлық орталықтан алуыңыз керек. Себебі көлік бұзылса, орталық су жаңа қылып оны өзі жөндеп береді. Әрі кепілдік болған соң, жөндеу ақысы да арзанға түседі. Ал көлік ұсталары керісінше, Қытай көлігін жөндеуге алып келгендерден теріс айналуға тырысады екен.

Qamshy.kz сайтына пікір берген көлік ұстасы Мадияр Қытай көліктерінің сапасы Қазақстандағы қолданыстағылармен салыстырғанда өте нашар екенін айтады:

«Маған қытайлық бір кроссоверді алып келді. Маркасының айтпай-ақ қояйын. Бұзылмаған, бірақ қожайыны сақтануды жөн санапты. Көліктің асты толған батарея екен. Олар ұзындығы 1,5-2 метрді қамтитын қорапта ғана тұр, бірақ сырты қапталмаған, ашық жатыр. Әдетте, көліктердің астында қорғаныс темірі деген болады, мұнда ол жоқ. Ал біздің жолдарды білесіз, ойқы-шұйқы. Енді оның астына қорғаныс темірді орнатайық десек, тура сол көлікке арналған пішіндегі сайман бізде жоқ. Содан Қытайға тапсырыс бердік. Біраз күтуге тура келді. Ал келіп жеткен сайманға қарап, біздің ішіміз ашыды. Өйткені оны темір түгілі, қаңылтыр деп те айта алмайсыз, профнастилге ұқсайды. Көлік иесіне: «ренжіме, келгені осы, жоқтан бар» деп әлгіні салып бердік».

Соған қарағанда, Қытай көліктері негізінен қалалық жерлерге арналған деп түйіндесек болатын секілді. Мысалы, «қыз-келіншектерге ыңғайлы ма, қалай» деген сұраққа көлік ұстасы былай жауап берді:

«Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ білесіз, қазақтардың дені үйді де, көлікті де қарызданып, қауғаланып, несиеге алып жатады. Ал ол көліктер ондайға татымайды. Қозғалтқыштарын ашып көрдім. Жүрегім ауырды. Қозғалтқыш ішінде неше-түрлі сайман болады, бәрі үлбіреп, ілініп-салынып тұр. Ұзаққа шыдас бермейтіні бірден байқалады. Одан кейін сайманды табу қиын. Тапсырыс бересіз, ұзақ күтесіз. Тапқаныңыз кейде жарамсыз болып қалады. Өйткені Қытай көліктерінің маркасы өте көп, жиі шатасасыз. Сондықтан Қытай көлігін аламын дейтіндер болса, елімізде дистрибьюторлық орталығы барынан алғаны жөн болады, себебі кепілдігі бар», дейді ол.

Енді баға жайына келсек, Қытаймен арада сауда жасап жүрген Ершат есімді жігіт бұл ретте бізге төмендегідей біршама ақпарат ұсынды.

Қозғалқыш көлемі 2 литр болатын, бензинмен жүретін көліктерді алатын болсақ:

  • Қытайдағы орташа құны – 6 млн теңге.
  • Оған баж салығы мен кедендік рәсімдеу сынды елімізде тіркеу кезінде 2-2,5 млн теңге шығын қосылады.
  • Қазақстанда сатылып жүрген бағасы – 13-14 млн теңге.

Ал қозғалтқыш көлемі 2,5 литр, бензинмен жүретін кроссоверлерді алатын болсақ:

  • Қытайдағы орташа құны – 11 млн теңге.
  • Кедендік рәсімдеу кезіндегі барлық шығыны – 3,5-4 млн теңге.
  • Қазақстанда сатылып жүрген бағасы – 17-20 млн теңге аралығы.

Ал электромобильге келсек, елімізде тұрақты тұратын Қазақстан азаматына 1 электромобильді кедендік баждарды және салықтарды төлеуден босата отырып, жеке пайдалану үшін әкелуіне рұқсат берілген.

  • Одан кейінгі электромобильдерді кедендік рәсімдеу құны арзан болады: 400-500 мың теңге аралығында.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір